"Ақылды қала" туристер игілігіне де қызмет етеді

23054

Елордада Дүниежүзілік туризм ұйымының 8-ші жаһандық саммиті өтуде.  

"Ақылды қала" туристер игілігіне де қызмет етеді

Қазан айының 9-12-сі аралығында Дүниежүзілік туризм ұйымы (UNWTO) және Нұр Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Ақылды қалалар, ақылды бағыттар" тақырыбында қала туризміне арналған UNWTO 8-ші жаһандық саммит өтуде. Саммитке мыңға жуық делегат қатысады. "Ақылды қала" тұжырымдамасын туристерге қызмет көрсетуде пайдалану жолдары жан-жақты қарастырылуда. "Ақылды қала" – қала иелігінде бар инновацияларды, технологияларды және ресурстарды тұрғындар мен туристерге ұсыну.

Біріккен ұлттар ұйымының қалаларды дамытудың жаңа бағдарламасы мен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, "ақылды қалалар" салу – азаматтар мен туристердің өміріне жағымды әсер етіп, қалаларды өмір сүруге қолайлы, жеңіл басқарылатын етеді. "Ақылды қалалар" тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды, жұмыспен қамтуды, инфрақұрылымды жетілдіруді, сондай-ақ орнықты дамуды ынталандыру үшін үлкен мүмкіндіктер береді.

Саммитке жиналған сарапшылар әлемнің көптеген елінде "ақылды қалалардың" дамуы барысында кездесетін күрделі мәселелердің шешілуіне септігін тигізу жолдарын қарастыруда. Тұрақты даму, қалалардың қолжетімділігі мен инклюзивтілігі, қалалық басқару және инновациялар мен технологиялардың ең өзекті мәселелері талқылануда. Сондай-ақ туризмді қалалардың тұрақты дамуының ажырамас бөлігі ету үшін туризмді күн тәртібіне кеңірек енгізудің маңыздылығы да сөз болуда. Мысалы, саммиттің алғашқы күнінде медициналық туризм мәселесі қозғалды. Медициналық туризм саласының мамандары өткізген семинарда осы бағытта қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, бағаларды төмендету жолдары қарастырылып, сарапшылар өз ойларымен бөлісті.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу