Ала шапанды ағайын қазақ үкіметін қалғытпайды

Өзбекстан  бизнес-климатты  жақсарту үшін жанталасып жатыр.

10 Сәуір 2018 11:39 Автор: Гүлбаршын Сабаева
Ала шапанды ағайын қазақ үкіметін қалғытпайды ,  Өзбекстан, инвестор, бизнес, инвестиция, капитал

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы соңғы 1,5 жылда 2 млрд АҚШ долларын құрады. Мемлекет басшылары алдағы бірер жылда бұл көрсеткіштің 5 млрд АҚШ долларына жететініне сенім білдіріп отыр. Ал  сарапшылар Өзбекстандағы экономиканың либерализациясы мен бизнес-климатты  жақсартуға бағытталған реформалар бәсекеге қабілетті экономиканың қалыптасуына тікелей әсер етіп жатқанын алға тартуда.

Тұңғыш президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының өкілі Жұмабек  Сарабеков Қазақстан мен Өзбекстанның атқамінерлері бұрынғыдай саяси емес, экономикалық дипломатияға  басымдық бере бастағанын байқаған. Оның сөзінше, өзбек президенті Шавкат Мирзиеев мүдделі топтар мен құрылымдардың ұлттық экономика мен бизнеске ықпалын әлсірету үшін мемлекет деңгейінде батыл шешім қабылдауға көшкен.  

«Өзбек президенті осы арқылы өз еліне шетел инвесторларының назарын аударды», – деді Жұмабек  Сарабеков.

Әлем сарапшыларының пікірінше, 25 жыл жабық саясат ұстанған Өзбекстан  экономикасын сыртқы тәуелділіктен сақтап қалды. Нәтижесінде 1991 жылдан бері бұл елдің жалпы ішкі өнімі 27 млрд доллардан 93 млрд долларға дейін өсті.

Дүниежүзілік банктің жаһандық индикаторлар тобының директоры Аугусто Лопес Кларос  Өзбекстанның  бизнес жүргізудегі жетістіктерін өте жоғары бағалады. Өзбестан «Doing Business»  рейтингісінде де  іскерлік климаттың жағымды сипатын қалыптастырып, алғашқы ондықтан көрінді.

2017 жылы өзбек үкіметі кәсіпорындарды жоспардан тыс тексеруге екі жылдық мораторий жариялады. Мемлекетте инвесторларға салық жеңілдігін ұсынатын арнайы жеті экономикалық өріс құрылды. Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстанда жұмысын жандандырды.     

«Өзбек үкіметі кәсіпкерлік ортаның дамуына назар аудара бастады. Осыған дейін экономикадағы мемлекет  үлесінің көптігі мен әкімшілік кедергілер дамуға тежеу  болып келген еді. Өзбек билігі осы қателіктерді жоюды қолға алды. Шынын айту керек, 1,5 жылда осыған дейін қалыптасқан жағдайды  өзгерту қиын. Бірақ әрекет бар. Бұған 2018 жылы әлемдік инвестицияның бағыты Өзбекстанға ойысқаны дәлел», – деді Жұмабек  Сарабеков.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік  Өтембаев тоқыма өнеркәсібі Өзбекстанда аса маңызды сала болып табылатынын айтады. Оның пікірінше, бұл салада көршілердің тәжірибесі мол.

«Өзбектерде мақта егуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық жұмыс жолға қойылған. Біз осы бағытта бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек екі елдің импорты мен экспортын  арттыруға бағытталған  инвестициялық жобалар бар. Өзбек кәсіпкерлері Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар жобаларды қазақ кәсіпкерлерімен  бірге қаржыландыруға қызығушылық танытып отыр», – деді Ерік Өтембаев.

Өзбекстанның ТМД елдерінен инвестиция тарту жөніндегі департамент басшысы Бахрам Ризаев қазақстандық кәсіпкерлер Ташкенттің ортасындағы «Ташкент сити»  жобасына қатыса алатынын айтты. Жобаға арнап бөлінген 80 гектар жерге 40 қабатты бизнес-кеңсе, қонақ үй, ойын-сауық орталықтары салынады. Өзбектер бұл жобаны Орталық Азия елдерінің бизнес орталығына айналады деп үміттен отыр.

«Құрылыс аяқталған соң нысан жекеменшікке өтеді. Инвестор нысанды сата алады немесе жалға бере алады. Ерекше атап көрсетерлігі, шетелдік кәсіпкерлер Өзбекстанда тапқан табыстарын емін-еркін жұмсады және  елден аумағынан тыс жерге еш кедергісіз шығара алады», – деді Бахрам Ризаев.

Экономист-сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, Өзбекстан экономикасындағы өзгеріс қазақ үкіметінің қалғып кетуіне мүмкіндік бермейтін факторға айнала бастады.

«32 млн адамы бар өзбек нарығы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ұсынады. Өзбек үкіметі бизнестің дамуы үшін түрлі жеңілдік жасап отыр», – деді Ерлан Ибрагим.

Ол Өзбекстан экономикасының тартымдылығын арттырып отырған фактор – заманауи көліктерден бастап ауыл  шаруашылығы техникасына дейін өздері шығаратынында болып отыр деген ойға басымдық береді.

«Өзбекстан химия, тоқыма, құрылыс материалдарын, электроника мен тұрмыстық бұйымдарды өзі өндіретін аймақтағы ең ірі өндіруші мемлекет. Өзбекстан экономикасы шикізаттық емес секторға негізделген. Олардың өндірістік базасы да мықты. Қазақстанда ұлттық инвесторлардың басым көпшілігі капиталын Алматы, Астана, Бурабай, Ақтау қалаларындағы қонақ үй бизнесіне салады. Өзбекстанның туристік әлеуетін асырып тұрған фактор көп. Бұл елдегі қонақ үйлер мен сауда үйлерінің және ойын-сауық орталықтарының құрылысы қазақ бизнесі үшін жаңа мүмкіндік туғызып отыр», – деді Ерлан Ибрагим.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов CFO саммитінде өзбек экономикасының нығаюы біздің елдің  экономикасына әсер ететінін айтқан. Себебі Қазақстан  Орталық Азия елдері  нарығында еркін жүзуге, үстемдікке үйреніп алған. Ендігі күрес тек инвестиция үшін емес, нарыққа үстемдік ету үшін болмақ.

Министр айтса айтқандай, жағдай енді шетелдік емес, ұлттық инвесторлардың пайдасына өзгере бастады. Қазақ инвесторлары үшін ЕЭО-ның 160 млн тұрғыны бар нарыққа 32 млн адамы бар тағы бір кеңістік қосылды. Қазақстандық  инвестор, «Astana Group»  холдингінің президенті Нұрлан Смағұлов  осы аптада  журналистермен кездескен кезде Өзбекстан қазақ кәсіпкерлері үшін тартымды нарық екенін, көрші елдің нарығын барлап, байқап көруге ниетті екенін  айтты.  

Қазақстан инвесторлары өзбек экономикасына қаржы құю жайлы он ойланып, тоғыз толғанып жүргенде Алматы  мен Астанада тіркелген халықаралық ритейлерлер өзбек нарығына «сенімді нарық, сенімді бизнес» деп баға беріп үлгеріпті.

Әлемдік бренд  «New Yorker» сауда белгісіндегі тауарлармен  сауда жасайтын «Union Spase» өкілдігінің менеджері Лариса  Горренман Өзбекстан халқының 30%-ы 35 жасқа дейінгі жастар екенін айтты. Бұл жағдай кез келген әлемдік деңгейдегі сауда белгісін  жарнамалайтын, саудалайтын компания үшін үлкен мүмкіндік екен.

«New Yorker»  сауда белгісі 20-25 жас аралығындағы жастарға арналған фэшн-бренд. Өзбекстанда мақта-мата өндірісі дамыған.  Біз алдағы уақытта бұл елде кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруымыз мүмкін», –  деді Лариса Горренмон.

Гүлбаршын  Сабаева