Алакөл мен Бұқтырманың мұңы бір

Кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарып жүр.

Алакөл мен Бұқтырманың мұңы бір

Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан Жетісудың Балқаштан кейінгі ең үлкен көлі - Алакөл. Ұзындығы - 104, ені - 52 шақырымды алып жатқан табиғат туындысына Асанқайғы бабамыз ат басын бұрып, әлемге әйгілі мұхит зерттеушісі Жак-Ив Кусто таңдай қаққан.

Алакөл жайлы сөз қозғасақ, әңгіменің әлқиссасын осылай бастаймыз. Бірақ барлығы біз мақтанғандай жағдайда емес.

Былтыр Алакөлдің айналасын абаттандыруға 2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде "Арбат" деп аталатын жағалау пайда болып, дүкен, дәмхана, бес жұлдызды қонақ үй, балаларға арналған демалыс алаңы, 4 полиция бекеті, медициналық пункт ашылды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жерге тәулік бойы түсіріп тұратын 80 бейнекамера орнатылды. Жағалаудың жанын ретке келтіруге облыстық бюджеттен 550 млн, ал Мақаншы-Жалаңашкөл, Қарабұлақ-Қабанбай автокөлік жолдарын жөндеуге 1,5 млрд теңге бөлінді. Жағажай 500 метрге ұзартылып, жаңа автотұрақ салынды. Жаңа сая­бақ пен сапаржай пайдалануға берілді. Демалыс маусымында Алакөлге 500 мың турист келіп кетті. Бір қарағанда барлығы жақсы сияқты. Дегенмен Алакөлдің айналасында қызмет көрсетумен айналысып жүрген кәсіпкерлерге қатысты түйіні тарқамай тұрған күрмеулі мәселе бар. Қыруар қаржы тауып отырған бизнес өкілдері салық төлеуге келгенде сараңдық танытады.

Кәсіпкерлермен кездескен кезде облыс әкімі Даниал Ахметов мәселені кесе-көлденең қойды.

"Былтыр сіздер 1,8 млрд теңге табыс тауып, 24 млн ғана салық төледіңіздер. Сіздер Алакөлге қатысты мәселенің барлығын бюджет қаражаты арқылы шешкілеріңіз келеді. Салықты тиісінше төлемесеңіздер бюджетке ақша қайдан түседі. Биылдан бастап сіздердің тапқан табыстарыңыз бен төлеген салықтарыңыз ерекше назарға алынады. Заңға қайшы әрекет етіп, табысын жасырғандар, салық төлеуден жалтарғандар жазаланады", – деді Даниал Ахметов.

Осыдан біраз бұрын "Қазақстан темір жолы" ҰК" Семей станциясынан Жалаңашкөл станциясына дейін қаларалық пойыз сапарға шығатынын жариялады. Ұлттық компаниядағылар Жалаңашкөлге жеткен жолаушылар Алакөлге автокөлікпен немесе автобуспен бара алатынын айтты. Тіпті 15 маусымнан бастап темір жол кассалары мен онлайн-сауда арқылы билет сатыла бастады. Алайда соңғы уақытта ел арасында: "Алакөл жаққа пойыз жүрмей жатыр" деген сөз тарады. Біз мәселенің мән-жайын анықтайық деп темір жол вокзалына телефон шалдық. Ол жақтағылар: "Біз білмейміз" деп қысқа қайырды. Сонда дейміз-ау, пойыздың жүру, жүрмеу кестесін темір жол вокзалы білмегенде кім біледі?

Құны 889 млн теңгені құрайтын Үшарал қаласындағы әуежай қолданысқа берілгенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Ал Астана-Үшарал-Астана, Алматы- Үшарал-Алматы, Талдықорған-Үшарал-Тал­дықорған бағыттарында жаңа әуе рейстері ашылып, ол республикалық бюджеттен субсидияланатын болғанда шаттығымызда шек болған жоқ. Бірақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Әу баста нарықтағы бағадан едәуір арзан бағаға ұшқан ұшақтар уақыт өте келе қызмет көрсету құнын шарықтатып жіберді.

Облыстық жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаеваның сөзінше, билет бағасы шынымен қымбаттаған.

"Демалыс маусымының келуіне байланысты билет бағасын қымбаттатық. Бағаның көтерілуіне байланысты жолаушы саны азаятын болса, біз тарифті бұрынғы қалпына келтіреміз", – деді бөлім басшысы.

Айта кетейік облыстағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында 119 шағын және ірі демалыс орны бар. Жылына бұл жерге шамамен 370-430 мың турист келеді. Алайда олардың басым бөлігінен түскен табыс тіркелмейді. Яғни Бұқтырмадағы бизнесмендер де салық төлеуден жалтарады.

Бүгінге дейін Бұқтырма су қоймасының жағалауынан 4612 адам жер телімін алған. Сөйтіп жаппай демалыс орнын салуға кіріскен. Қазір демалыс орындары шамамен 9-12 млрд теңге табыс тауып отыр. Бұл сомадан бюджетке 360 млн теңге салық түсуі тиіс. Бірақ кәсіпкерлер бюджетке 30 миллионнан артық ақша аудармайды.

Келесі жылы мұндай бассыздыққа шектеу қойылады. Мұны облыс әкімі шегелеп тұрып жеткізді.

"2019 жылдан бастап заңға қайшы әрекет ететін кәсіпкерлерге қарсы ымырасыз күрес жариялаймыз. Бизнес табысты болуымен қатар таза болуы керек", – деді Даниал Ахметов.  

Туристерден түскен табысты көлеңкелі айналымнан шығару үшін қол ақшасымен есеп айырысуды шектеу қажет.

Аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князевтің айтуынша, қолданысқа электронды есеп айырысу тәсілі енсе, ақша айналымы бақыланып отырады және кәсіпкерлер салықты тиісінше төлейді.

"Алайда біз бұл тәсілге жете алмай отырмыз. Себебі интернет өте нашар", – деді бөлім басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу