Алдағы 7 жылда 1 млн жаңа жұмыс орны ашылады

3507

Үкімет басшысы Азия даму банкінің сарапшыларына Қазақстанға жиі келіп тұруға кеңес берді.

Алдағы 7 жылда 1 млн жаңа жұмыс орны ашылады

2025 жылға дейін отандық еңбек нарығына шамамен 2 млн жас маман қосылады. Олардың өз қолдарын өз ауыздарына жеткізу үшін үкімет алдағы 7 жылда 1 млн жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елорда да өткен халықаралық форумда осылай деді.

Оның сөзінше, үкімет еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін сақтау үшін арнайы жоспар құрған. Жоспар аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін жұмыспен қамту көзделген.

"Қолданысқа жобалық басқару жүйесін енгізуді жоспарлап қойдық. Қазірдің өзінде базалық салаларда ғана емес, өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бағыты бойынша жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр", – деді Бақытжан Сағынтаев

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, елімізде еңбек ресурсына болжам жасаудың ұлттық жүйесінен алынған мәліметке сәйкес мамандарды даярлау мен қайта оқыту шарасы жалғаса береді.  

"2020 жылға дейін біз шамамен 550 кәсіптік стандартты бекітеміз. Бұл стандарттар экономиканың негізгі салаларын қамтиды. Қазір технологиялық жаңғыру нәтижесінде қызметінен босаған кадрларды басқа жұмысқа орналастыру шарасы іске асып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдың 1 қаңтарында электронды еңбек биржасы құрылды. Оның жұмысын ілгерілетуге барлық мемлекеттік және жекеменшік жұмыспен қамту орталықтары атсалысып жатыр. Электронды еңбек биржасының базасында бос жұмыс орындары мен түйіндемелерге қатысты көп мәлімет шоғырланған. Ерекше атап көрсетерлігі, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылды", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Басқосу барысында  халықаралық ұйымдардың өкілдері еңбек нарығына өзгеріс әкеліп жатқан жаһандық жобалар мен бастамалар жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар халықаралық форумда әлемдік трендтердің дамыған және дамушы экономикаға әсері мен ықпалы тілге тиек етіліп, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дүниежүзілік банктің техникалық және қаржылай қолдауымен жүзеге асырып жатқан "Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру" атты жобасының алғашқы кезеңінің қорытындысы жарияланды.

"Мен сарапшы мамандардың баяндамаларын мұқият тыңдап, нақты үш байлам жасадым. Біріншіден, Қазақстан үкіметі осы жерде айтылған мәселелердің барлығын қолға алып, тиісті шараларды жүзеге асырып отыр.  Бұған еңбек нарығын дамытуға қатысты барлық шешімдеріміздің  сарапшылардың ойымен сәйкес келуі дәлел. Екіншіден, жаңа ғана Сингапурдан келген әріптесіміз ауарайы туралы айтты. Меніңше, ыстық немесе қапырық ауа райына қарағанда, суық жерде жұмыс істеген жақсы. Өйткені далада аптап ыстық тұрса, жұмыс істеу қиын", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы шетелдіктерге кеңес беруге де уақыт тапты. Ол Қазақстанға 10 жыл уақыт салып келгендерін айтқан Азия даму банкінің сарапшыларына: "Қазақстанға 10 жыл сайын емес, жиі келіп тұрыңыздар. Сонда біздің не істеп, не қойғанымызды анық білетін боласыздар. Сол кезде біздің нақты қай бағытта дамып келе жатқанымызды түсінесіздер. Бұл бірге жұмыс істеуге жол ашады", – деп түйді сөзін Бақытжан Сағынтаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу