Алдағы жылы бизнесмендер санағы өтеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2346

Елімізде тіркелген 1 млн-нан астам кәсіпкерге жүргізілетін жалпыұлттық санақтың нәтижесінде цифрландырылған база құрылады.

Алдағы жылы бизнесмендер санағы өтеді

Арнайы үйретілген мамандар елімізде тіркелген миллионнан астам кәсіпкер азаматтың мекен-жайларын аралап, бастаған ісін тастап кеткен-кетпегенін, кәсібі қаншалықты гүлденіп отырғанын, нендей қиыншылықтарға кезігетінін сұрастырып, тіркейді. Осы науқан қорытындысында отандық бизнесмендердің ортақ электронды базасы пайда болмақ.  

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жаңа жылда "Атамекеннің" басты міндеті – бизнеске өз ісін қаржыландырудағы және өнімдерін өткізудегі проблемаларын шешуге жәрдемдесу болмақ. Осы мақсатта палатаның құрылымы клиентке бағдарлану қағидаттары мен жобалық басқару тәсілдері негізінде қайта құрылмақ.   

"Бұл жұмыс үш кезеңмен жүреді. Бірінші кезең 2019 жылғы қаңтардың басынан мамыр айының басына дейін созылады. Біз оның аясында 1,2 миллион кәсіпкерді аралап, әрқайсысына жеке-жеке барамыз. Бұл бірыңғай цифрландырылған базаны құруға мүмкіндік береді", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Ал екінші кезең аясында кәсіпкерлер арасында электронды сауалнама жүргізіледі. Осы зерттеу арқасында бизнес адамдарын мазалап жүрген түйткілді проблемалардың тізімі қалыптастырылып, талдау жасалады.

Қорытынды үшінші кезеңде кәсіпкерлердің жергілікті атқарушы органдармен және үкіметпен бірлескен іс-қимылдарының жоспары пысықталады.

Сонымен бірге, алдағы жылы "Атамекен" палатасында қызметтердің жеке реестрі пайда болады, отандық өнімдердің жеке паспорттары жасалады. Қызмет көрсету регламентері реттеледі.

Осы бағыттардың әрқайсысы үшін қазір кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төл цифрлық шешім әзірлеуде. Мысалға, "Кредиттік агрегатор" сервисі қаржы көздеріне арналған. Өнім өткізу нарықтары мен клиенттерді табуға "Жеткізушілердің, өндірушілердің және әлеуетті сатып алушылардың бірыңғай Реестрі" қолқабыс етуге тиіс.

Бұдан бөлек, "Atameken.Academy" цифрлық тұғырнамасын іске қосу жоспарлануда. Ол арқылы жаттықтырушылар кәсіпкерлерді онлайн режимде де, сондай-ақ оффлайн режимде, яғни шынайы өмірде де оқытатын болады. 

"Мәселен, фермерлердің жартысынан астамы өз біліктілік-құзыреттерін көтеруге зәру екеніне көз жеткіздік. Айталық, Ақтөбе облысында жүргізілген скрининг қорытындылары көрсеткендей, тіпті 20 жылдық тәжірибесі бар аграршылардың өздерінің жылдық айналымы небары 3-4 миллион теңгеден аспайды. Айналымды, өнім шығару көлемін өсірейін десе, оның жолын да, жөнін де білмейді. Сондықтан біз агробіліктіліктерді "Atameken.Academy"-дің жергілікті офистері аясында дамытуға кірісеміз. Біздің ойымызша, топырақ құнарлылығына талдау жасау, тыңайтқышты пайдалану, агротехнологияларды ендіру, тұқымдарды жаңарту, ылғал сақтаушы технологияларды қолдану секілді нақты талап қою қажет. Мемлекеттік мол субсидиялық қаражаттар тек осы шарттар сақталса ғана бөлінуі керек. Егер міндеттемелер орындалмаса, мемлекетке жер телімдерін кері алып қою құқығын берген жөн", – дейді Эльдар Жұмағазиев.       

Айтпақшы, 2019 жылдан бастап Қазақстанда балалар мектеп жасынан өз бизнесін жүргізуге үйретіледі: барлық мектептерде элективті формада жаңа пәнді – "Кәсіпкерлік негіздерін" оқыту қолға алынады. Бірқатар өңірлерде бұл пән бұған дейін де пилоттық режимде сынақтан өткен болатын.

Қазір аталған бағдарлама жоғарғы оқу орындары мен колледждер үшін қайта бейімделіп, толықтырылуда.

"Идея өте қарапайым. Мәселен, университетті стоматолог мамандығы бойынша бітіріп шыққан кез келген түлек белгілі бір тәжірибе жиған соң, өз кабинетін ашып, нәпақа табуға және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алуға тиіс", – дейді КҰП басшысының орынбасары.

Әзірге, жастардың көбі мектептен қанат қағып шыққанда өздері қалап, таңдаған мамандықпен айналысуға мүмкіндігі бола бермейді.

Атап айтқанда, қазір отандық 108 жоғарғы оқу орнында 2 мыңнан астам мамандық оқытылады. Соның ішінде бизнеске жақын 141 оқыту бағдарламасына жүргізілген талдау оларды аяқтаған түлектердің 35,5%-дан азы ғана өз мамандықтары бойынша жұмыс істейтінін көрсетті.

Эльдар Жұмағазиевтің мәліметінше, қазіргі кезде ұлттық палата білім және ғылым министрлігімен тізе қоса отырып, түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен ЖОО-лардың лицензиясын тоқтату бағытында жұмыс жасап жатыр.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2018 жылғы қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, 6,3%-ға өсті. Олардың негізгі бөлігін дара кәсіпкерлер құрайды – үлесі 65,6%. Шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар үлесі – 18,5%-ды, шаруа немесе фермер қожалықтары – 15,7%-ды, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,2%-ды құрады.

Нақтырақ айтсақ, бүгінде елімізде 1 миллион 227,2 мың шағын және орта кәсіпкер тіркелген. Оның 2 632-сі – орта бизнес компаниялары. Тағы 227 мың 290-ы – шағын кәсіпорындар. Дара кәсіпкерлер саны 804,6 мың. Ал фермерлер мен жеке қожалықтар саны – 192 684.

Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының көбі – 174 643-і Алматы қаласында шоғырланған. Яғни, әзірге Алатау бөктеріндегі шаһар "отандық бизнес ордасы" мәртебесін сақтап қалуда. Екінші орында 124 895 кәсіпкерімен жаңадан құрылған Түркістан облысы тұр. Үштікке 119 052 көрсеткішімен елорда енді. 

Шағын және орта компаниялар саны (61,5 мың заңды тұлға) жөнінен де, дара кәсіпкерлерінің көптігі (112 мың 585 бизнесмен) бойынша да Алматы алдына қара салмайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу