Александр Бублик: "Бұл турнирде жеңіске жетемін деп ешқашан ойламадым"

589

Қазақстандық теннисші Галледегі турнирде жеңіске жеткені үшін 410 515 еуро сыйақы алды. Сондай-ақ 500 рейтингтік ұпайға ие болды.

Александр Бублик: "Бұл турнирде жеңіске жетемін деп ешқашан ойламадым"

Александр Бублик Галледе (Германия) өткен турнирде жеңіске жеткеннен кейін алған әсерімен бөлісті.

"Бұл мен үшін бар әлем секілді. Бірнеше жылдан бері жеңіс үшін күресіп келемін. Осы жердегі кішкентай Даңқ залын аралап жүріп, мен білетін жігіттердің есімдерін көрдім. "Бір күні менің де осында болғаным жақсы болар еді" деп ойладым. Бірақ бұл турнирде жеңіске жетемін деп ешқашан ойламадым. Сондықтан өте қуаныштымын!", - деді Бублик.

Сонымен қатар Александр қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын білдірді.

"Өз командама, бапкеріме алғыс айтқым келеді. Сіздермен ұзақ уақыт бірге болғаныма қуаныштымын. Сондай-ақ достарыма, анама, әйеліме және ұлыма алғыс айтқым келеді. Әрқашан менімен бірге болғандарыңыз үшін, қолдағандарыңыз үшін рахмет! Мұның бәрі сіздер үшін! Турнирді ұйымдастырушыларға және оған атсалысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Иә, трибунада Қазақстанның бірнеше жалауын да көрдім. Мені қолдауға келгендеріңізге рахмет!", - деп қоса кетті Бублик

Енді Александр Бублик жаңартылған ATP рейтингіндегі орнын айтарлықтай жақсартады. Бублик 48-орында еді. Галледе (Германия) өткен турнирде жеңіске жеткеннен кейін 27-орынға көтеріледі. Бұған дейін жекелей сында ATP рейтингінде қазақстандықтың спорттық мансабындағы ең жоғары позиция 30-орын болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Галледе өткен турнирде Александр Бублик хорватиялық Борна Коричті (14-орын) – 6:3, 6:1, неміс Ян-Леннард Штруфты (21-орын) – 6:3, 6:7, 6:3, италиялық Янник Синнерді (9-орын) - 7:5, 2:0, неміс Александр Зверевті (22-орын) - 6:3, 7:5 және ресейлік Андрей Рублевты (7-орын ) - 6:3, 3 :6, 6:3 есебімен ұтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу