Алексей Луценко "Сицилия турының" жеңімпазы атанды

655

Елордалық велокоманда 11-14 сәуір аралығында Италияда өткен көпкүндік жарыста бақ сынады. 

Алексей Луценко "Сицилия турының" жеңімпазы атанды

Astana Qazaqstan Team көшбасшысы Алексей Луценко Сицилия турында (Джиро ди Сицилия) жеңіс тұғырына көтеріліп, мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Қазақстандық шабандоз италиялық жарыстың соңғы және ең қиын таулы кезеңінің жеңімпазы атанды. Сонымен қатар қорытынды жалпы классификацияны жеңіп алды!

"Біз соңғы кезең жалпы есептегі күрес үшін шешуші болатынын түсіндік. Сондықтан өзімді бүгінгі жарыс күніне дайындадым. Алдыңғы кезеңдерде барымды салмадым деп айта алмаймын. Бірінші кезеңде бесінші нәтиже көрсеттім. Ал кеше мүмкіндігім болды, бірақ соңғы шақырымдарда бұрылыстар көп болғандықтан, финал өте қиын болды. Оған қоса Дамиано Карузо жарыс жолында құлады. Осылайша, соңғы кезеңде командамен бірге 100% барымызды салуға бел будық", – деді Алексей Луценко.

Джанмарко Гарофолидің қолдауымен Луценко Кульмин ди Скорчаваккадағы соңғы асуда фавориттердің шағын тобынан шабуыл жасап, қарсыластарынан басымдыққа ие болды. Кейінірек Джярре қаласында басымдығын одан әрі арттырды.

"Жоспар соңғы тауда бағымызды сынап көру болды. Сондықтан мен жылдамдығымды арттырып, соңында Карузо екеуміз қалдық. Біз көшбасшы топты қуып жеттік. Ал асудың ортасында тік учаскеде мен шабуылға шықтым. Содан кейін артыма қарамай соңына дейін барамын деп шештім. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Команда үшін нәтиже көрсету маңызды болғанын білемін және бүгін бәріміз бірге мұны жасадық. Біз кезеңде және жалпы есепте жеңіске жеттік. Қолдау көрсеткен командаға үлкен рахмет! Бұл біздің команданың жетістігі", - деп қоса кетті Алексей Луценко.

Astana Qazaqstan Team шабандозы басты қарсыласынан 40 секундтық басымдықпен жарысты тамаша аяқтады. Бұл нәтиже "Сицилия турының" жалпы есебінде жеңіске жетуіне жеткілікті болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу