Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды

1381

Биыл жеңімпаздар алғаш рет AIBA тарапынан қомақты ақшалай сыйақыға ие болады.

Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды

Қазақстан бокс федерациясы 24 қазан мен 6 қараша аралығында Сербия астанасы Белградта өтетін алдағы әлем чемпионатына қатысатын боксшылар тізімін жариялады. Спортшылар құрамы ұлттық құраманың екі оқу-жаттығу жиындары мен кейбір салмақ дәрежелеріндегі спарринг жекпе-жектерінің нәтижелері бойынша анықталды.

Нәтижесінде, Қайрат Сәтжанов бастаған бапкерлер штабы келесі боксшыларды таңдап алды: 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан атынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміртас Жүсіпов, 51 келіге дейінгі салмақта – спорт шебері Сәкен Бибосынов, 54 келіге дейін халықаралық дәрежедегі спорт шебері Махмуд Сабырхан, 57 келіге дейінгі салмақта Халықаралық спорт шебері Серік Теміржанов, 60 келіге дейінгі салмақта Саматәлі Төлтаев, 63,5 келіде Санатәлі Төлтаев қатысады. 67 келіге дейінгі салмақта тағы бір спорт шебері Абылайхан Жүсіпов, ал 71 келіге дейін Асланбек Шымбергенов ел намысын қорғайды.

Қазақстан Республикасының спорт шебері Нұрқанат Райыс 75 келіге дейінгі салмақта, ал 80 келіге дейінгі салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрбек Оралбай өнер көрсетеді. 86 келіге дейінгі салмақта Бек Нұрмағанбет, 92 келіге дейінгі салмақта Айбек Оралбай мен ауыр салмақта (92 келіден жоғары) спорт шебері Нұрлан Сапарбай сынға түседі. Әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, екі Олимпиаданың қатысушысы Абылайхан Жүсіпов Қазақстан құрамасының капитаны болып тағайындалды.  

Биылғы Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 2,6 миллион долларды құрайды. Өз салмақ дәрежесіндегі чемпиондар Халықаралық бокс федерациясынан (AIBA) 100 мың доллар, күміс жүлдегерлер 50 мың доллар, қола жүлдегер 25 мың АҚШ доллар сыйақы алады. Әлем чемпионатында мұндай жүлде бірінші рет берілмек.

"Әлем чемпиондары мақтанышпен киетін медаль мен белбеу ғана емес, сонымен қатар қомақты ақшалай сыйақы алады. Бұл жас ұрпақты бокс залдарына баруға, шынығып, жаттығуға және жаңа шыңдарды бағындыруға жетелейтініне сенімдімін. AIBA Әлем чемпионатының жүлдегерлерін алғаш рет қаржылай марапаттайды және солай болуы тиіс деп ойлаймын. Дайындыққа кететін жылдар мен сарпылатын күш-жігерді ескере отырып, бұл ақшалай сыйлыққа боксшылар лайықты. Бұл біздің боксшылар үшін үлкен артықшылық болатынын білеміз. Олар рингте ғана табысқа жетіп қоймай, өзін-өзі қамтамасыз етіп, одан әрі дамуы тиіс", – дейді AIBA Президенті Умар Кремлев.

Белградта өтетін Әлем чемпионаты боксшылар рингке алғаш рет ақ қолғап киіп шығатын болады. Ал олардың спорт киімінің түсі бұрынғысынша, көк және қызыл.

"Ақ қолғаптар жаңа бастамаларымыздың, сондай-ақ біз ұйымдастырып жатқан осындай ауқымды іс-шараның әділдігін білдіреді. Біз әрбір спортшы әділ жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз", – деп атап өтті Кремлев.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу