Әлем чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3018

Шайбалы хоккейден Канадада өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды.

Әлем чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды

20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ХХХХІІІ (қырық үшінші) әлем чемпионаты әдеттегідей жыл соңында, нақтырақ айтқанда, биыл 26 желтоқсанда басталады. Содан 2019 жылдың 6 қаңтары күні аяқталып, чемпион мен жүлдегерлер анықталады. Табаны күректей тоғыз жылдан кейін Қазақстан жастары кіл мықтылар арасында (жоғары дивизионда) бақ сынау құқығына ие болған.

Сергей Старыгин жаттықтыратын Қазақстан-U20 құрамасы 5-6 желтоқсан күндері Астанада бас қосып, жиналыс өткізді де, Канадаға жол тартты. Шайбалы хоккейі қарыштап дамыған елде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Басты мақсаттары жастар құрамасының техникасы мен тактикасын дамыта түсу болды.

Сонымен Қазақстан жастар құрамасы "Үйеңкі жапырақтылар" елінде бес жолдастық кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Бірден айта кетейік, төртеуі де жергілікті студенттер командасы болатын. Жаттықтырушылар құрамы жастарымыздың ойын өрнегін жетілдіре түсу мақсатында оларды осылай шыңдай түсуді жөн көріпті.

Енді бәрін ретімен тізіп шығар болсақ, әуелі Виктория университетінің "Vikes" командасын 6:2 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейін Тринити университетінің "Spartans" командасынан 4:3 есебімен басым түсті. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталып, овертаймда Самат Данияр айып буллитін мүлтіксіз орындап, Қазақстан-U20 құрамасы жеңіске жетті.

Қазақстан жастарының үшінші қарсыласы осал ұжым болған жоқ. Атап айтқанда, BCIHL студенттер лигасының ең үздік ойыншыларынан жасақталған құрама команда еді. Бұл ойында жас таланттарымыз қайсарлық танытып, 2:0 есебімен басым түсті. Содан соң "Alberni Bulldogs" деп аталатын студенттер командасымен кездесіп, 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Соңғы матчта өздері сияқты, жастар арасындағы ХХХХІІІ әлем чемпионатына дайындалып жатқан Швейцария-U20 құрамасымен кездесті. Бірақ екеуі екі топта ойнайды. Швейцария жастары "А" тобында бақ сынайтын болса, біздің жас таланттарымыз "В" тобында сынға түседі. Өкінішке қарай, бұл ойында хоккейші жігіттеріміз 1:4 есебімен ұтылып қалды.

Бірақ осы ойыннан кейін екі құрама овертайм мен буллитте де додаға түсіп, екеуінде де Қазақстан жастары жеңіске жетті. Овертаймда 1:0 есебімен, ал буллитте 4:2 есебімен біздің жігіттер басым түсті. Осыған қарап, Старыгиннің жас саңлақтары "шаршау дегенді білмейді, күш-қуаттары жеткілікті" деуге боларлықтай. Әрі солай болғай деп тілейміз.

Осы матчтан кейін 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына қатысатын құрамын екшеп, кеңейтілген құрамдағы артық ойыншыларды елге қайтарды. Олардың есімдерін атамай-ақ, Канада мұз айдынында ел намысын қорғайтын хоккейшілеріміздің тізімін ұсынғанды жөн көріп отырмыз: 

қақпашылар

Демид Еремеев ("Снежные Барсы")

Денис Каратаев ("Снежные Барсы")

Владислав Нурек ("Алтай")

қорғаушылар

Самат Данияр ("Снежные Барсы")

Ернар Мұсабаев ("Снежные Барсы")

Давид Мұратов ("Снежные Барсы")

Валерий Орехов ("Снежные Барсы")

Ярослав Хрипков ("Алтай-Торпедо")

Евгений Шинкарецкий ("Снежные Барсы")

Артем Королев ("Снежные Барсы")

Шабуылшылар

Саян Данияр ("Снежные Барсы")

Айдос Жорабек ("Снежные Барсы")

Батырлан Мұратов ("Снежные Барсы")

Артур Гатиятов ("Снежные Барсы")

Диас Гусейнов ("Снежные Барсы")

Давыд Макуцкий ("Снежные Барсы")

Иван Верещагин ("Снежные Барсы")

Андрей Буяльский ("Теміртау")

Руслан Демин ("Теміртау")

Данил Третьяковский ("Алтай-Торпедо")

Олег Бойко ("Снежные Барсы")

Максим Мусоров ("Снежные Барсы")

Дмитрий Митенков ("Снежные Барсы")

Қазақстан жастар құрамасы ойындарының күнтізбесі:

28 желтоқсан: Финляндия – Қазақстан (Астана уақытымен 09:30-да)

29 желтоқсан: Қазақстан – АҚШ (Астана уақытымен 09:30-да)

31 желтоқсан: Қазақстан – Словакия (Астана уақытымен 09:30-да)

1 қаңтар: Швеция – Қазақстан (Астана уақытымен 05:30-да)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу