"Әлемде экономикалық дағдарыс басталса, оған Дональд Трамп кінәлі болмақ"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
24296

Танымал экономистер әлем халқын дағдарыс күтіп тұрғанын батыл айта бастады.

"Әлемде экономикалық дағдарыс басталса, оған Дональд Трамп кінәлі болмақ"

"Әлемде экономикалық дағдарыс болады екен", "Бұл жолғы дағдарыстың сұрқы жаман көрінеді". Бұл – дәл қазір ел ауызында айтылып жүрген әңгіме. Шынымен бізді дағдарыс күтіп тұр ма? Сарапшылар не дейді? Abctv.kz отандық және шетелдік экономистер мен сарапшылардың пікірін оқырман назарына ұсынып отыр.

"2019 жылы әлемде экономикалық дағдарыс орын алады" деп қазақстандықтарды алғаш құлақтандырған адамның бірі – Марғұлан Сейсембай. Белгілі кәсіпкер Facebook-тегі парақшасына жыл соңында мынадай жазба қалдырды:

"Жаңа жылдың алдында ешкiмдi қорқытқым келмейдi. Бiрақ дүние жүзi нарықтарында цунами пайда болып келе жатыр. 2008-09 жылдардың дағдарысы ойыншық болып қалады. 2019 жыл бәрiмiзге оңай жыл болмайын деп тұр. Қарыздарыңызды жабыңыз, ақшаңызды жұмсамаңыз, шығындарыңызды үнемдеңiз. Менiң болжамым бойынша, келесi жылы бiзге бизнесмендер мен экономиканы жақсы түсiнетiн адамдар қажет болады".

Марғұлан Сейсембайдың бұл жазбасын жүздеген адам бөлісіп, таратуда.

Белгілі экономист Рахым Ошақбаевтың сөзінен де бір дүмпудің бары сезілетіндей.

"Соңғы айларда әлемдік қор индекстері тұрақты түрде төмендеп келеді. Барлық дерлік компанияның акциясы құлдырауда. Тіпті, бұл үрдіс жоғары технологиялық салаларды да айналып өтпеді. Қордағы өнімдердің бағасы да төмендеп отыр. Қазан айының басында мұнай баррелі 85 долларды құраған еді. Соңғы апталарда барреліне 50 долларға дейін төмендеді. Оның үстіне бізді жаңа үлкен дағдарыс күтіп тұрғаны туралы болжамдар жиі айтылатын болды. Әлемдік саясат пен саудадағы түсінбестік те жағдайды қиындатып жібергендей. АҚШ президентінің Федеральды қор жүйесінің саясатына қатысты бір ғана сыни пікірінің өзі нарықтарды одан әрі тығырыққа тіреуі ықтимал", – дейді Рахым Ошақбаев.

DAMU Research Group зерттеу агенттігінің директоры Тимур Айсауытовтың пікірінше, биыл әлемде үлкен дағдарыс басталады.

"АҚШ, Қытай секілді әлемдік экономиканың ірі орталықтарында өзекті мәселелер жинақталып қалды. Әсіресе, АҚШ-тың нарығы асыра бағаланып отыр. Соның салдарынан технологиялық нарық күтілген нәтижені көрсетіп отырған жоқ. Сондықтан индекстерге түзету енгізу керек болады. Қытайдың да жағдайы мәз емес. Бұл елдің ішкі корпоративтік қарызы 27 трлн долларға жетіп отыр. Бұл – қомақты қарыз. Deutsche Bank-тің бағалауынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық активтердің 90 пайыздан астамы шығынға ұшыраған. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Демек, әлем үлкен дағдарыс алдында тұр", – дейді Тимур Айсауытов.

Ал Тұңғыш Президент қоры жаңындағы Халықаралық экономика және саясат институтының сарапшысы Сергей Домнин бұл дағдарыс 2008-2009 жылдары басталып, 2014-2015 жылдары жалғасқан дағдарыстың соңы болуы мүмкін деген пікірді алға тартып отыр.

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, Қазақстанда дағдарыс болмайды.

"АҚШ экономикалық талдау бюросының экономикалық дағдарысқа берген құқықтық анықтамасы бар. Анықтамаға сүйенер болсақ, егер кез келген мемлекеттің экономикалық даму қарқыны алты ай бойы қатарынан -1 немесе -0,1 пайыз деңгейін көрсетсе, онда дағдарыс міндетті түрде болады. Ал егер экономика бес ай бойы құлдырап, алтыншы айда өсім көрсететін болса, дағдарыстың ауылы алыстайды. Қазақстан экономикасы 3,8-3,9 пайыздық өсім көрсетіп отыр. Оның үстіне соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң көрсеткіштер байқалуда. Сондықтан биыл Қазақстанда дағдарыс болмайды", – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Украиналық экономист Эрик Найман Америка қор биржасына қатысты мынадай деректерді мысалға келтіруде.

"Тарихта алғаш рет АҚШ-тың қор индекстері Рождество мейрамы қарсаңында 1 пайызға төмендеді. Бұған дейін мұндай жағдай орын алған емес. Керісінше, желтоқсан акциялар үшін аса тиімді ай болатын. Бірақ, 2018 жылдың желтоқсаны басқаша мінез көрсетті. Мәселен, S&P 500 индексі желтоқсан айынан бері 16 пайызға құлдыраған. Осы жағдайдың өзі көп дүниені аңғартып тұр", – дейді ол.

Француз экономисі Давид Кайл егер әлемде дағдарыс орын алатын болса, оған кінәлі бір ғана адам бар деп есептейді. Ол – АҚШ президенті Дональд Трамп.

Давид Кайлдың пікірінше, Трамптың жасап отырған әрекеті әлемдік экономиканы тығырыққа тіреуде. Өйткені, ол әлемдік экономиканы басқару жүйесін өрескел бұзып отыр.  

Байқағандарыңыздай, экономистер түрлі болжамды алға тартуда. Демек, шөптің басы бекерден бекер қимылдамағаны ғой. Сондықтан кез келген өзгеріске сақадай сай болған жөн.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу