Әлемдегі кедей адамдар күріш пен асбұршаққа 321 доллар төлеуге мәжбүр

Алина Альбекова Алина Альбекова
18319

Mastercard және БҰҰ-ның бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы қарапайым тамақтың бағасы қанша тұратынын есептеді.

Әлемдегі кедей адамдар күріш пен асбұршаққа 321 доллар төлеуге мәжбүр

Зерттеу әлемнің кедей елдерінде бір тәрелке тамақтың бағасы жүздеген доллар тұратынын көрсетті.

"Әлемнің бай елдерімен арадағы бұл айырмашылық адамды таңқалдырады. Мысалы, түскі ас құнының көрсеткіші бойынша Нью-Йоркты алып қарайық. Мұнда бұқтырылған бұршақ сияқты қарапайым ас 1 доллар 20 цент тұрады. Бұл бір күндік табыстың 0,6%-ын құрайды. Ал зерттеуге қатысқан елдер ішінде ең төмен көрсеткіш көрсеткен Оңтүстік Судандағы түскі астың бағасы бір күндік табыстан 268 есе асып кетеді, яғни оның бағасы 321,70 доллар тұрады", – деп атап кетті Mastercard.

Жүргізілген зерттеуге сүйенер болсақ, ең нашар көрсеткіш көрсеткен елдер қатарында Оңтүстік Судан, Нигерия, Сүрия, Малавия, Конго бар. Судан тұрғыны түскі тамақ сатып алуға өзінің бір күндік табысының 155%-ын жұмсайды. Нигерияда ең қарапайым түскі ас 200 доллар 32 цент тұрады. Бұл елдің тұрғыны бір тәрелке тамақ ішу үшін бір күндік табысының 121%-ын береді. Нью-Йоркпен салыстырғанда Сүриядағы Дайр-эз-Заура қаласының тұрғындары бір кісіге арналған тағамға 190,11 доллар төлейді. Бұл Сүрия тұрғыны тапқан табысының 115%-ын бір рет ішкен асына жұмсайды деген сөз. Малавия тұрғындары үшін бір рет тамақтанудың құны 94,43 доллар, олар бұл үшін бір күндік табыстың 45%-ын береді. Конго демократиялық республикасында түскі ас құны 82,10 доллар. Бұл елдің тұрғыны бір рет тамақтануға өзінің бір күндік табысының 40%-ын ұсынады.   

Дамушы елдердің тұрғындары  бір кісіге арналған тамаққа өздерінің бір күндік табысына тең ақша жұмсайтыны белгілі болды. Егерде елде азаматтық соғыс немесе экономикалық дағдарыс болатын болса, онда бұл елдің тұрғындары бұдан да көп ақша жұмсайды деп көрсетті Mastercard.

Сарапшылардың пікірінше, жоғарыда көрсетілген елдердің кедейлікке тап болуына азаматтық соғыс пен елдегі тұрақсыздық, қамтамасыз ету жүйесінің бұзылуы және технологиялық әдістердің жетіспеуінен астықты дұрыс сақтамау себеп болып отыр. Mastercard пен БҰҰ-ның бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасын жүзеге асырушылар бірлесіп, мектептерде тегін түскі ас беру бағдарламасын қолға алмақшы. Олар осылайша кедейлік пен аштыққа негіз болып отырған кешенді проблемалардың әсерін азайтпақ.

"Ата-аналар балаларын мектепке беретін кезде көп қиналады. Өйткені баланы мектепке берсе, онда отбасын асырай алмайды. Сол себепті олар балаларын не мектепке берерін, не жұмысқа шығарарын білмей дал болады. Мектептегі тамақтануға демеуші бола отырып, балалардың білім алуына және табысты жұмыс істейтін азамат болып шығуына көмектесеміз. Бұл отбасына, қауымдастыққа пайдасын тигізіп, жалпы экономикада оң нәтиже береді", – деп түсіндірді Mastercard президенті Энн Кернс.   

БҰҰ бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизли бұл зерттеу азаматтық қақтығыстар тамақ сатып алуда теңсіздіктің туындауына әкелетінін айтты.  

"Біздің зерттеу қақтығыстардың туындауымен күресуде әлемнің барлық күшін біріктіру қаншалықты маңызды екенін көрсетті және 2030 жылға қарай аштықты жоямыз деген мақсатымызға біртабан жақындатты", – деп қосты ол.  

Белгілі болған нәтижелер Mastercard-тың жаһандық бастама барысында барлық әлем бойынша мұқтаж жандарды жүз миллион азық-түлік қоржынымен қамтамасыз етеміз деген мақсатына жетуге деген сенімін арттырды.  

"Тамақсыз өсіп-өну, білім алу, жалпы өмір сүру мүмкін емес. Біз өзіміздің технологияларымыз бен ресурстарымызды адамдардың өмірін жақсартып, кедейліктен құтылу үшін пайдаланамыз. Біздің "100 млн азық-түлік қоржыны" атты бастамамыз және БҰҰ-ның бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасымен серіктестігі аштықсыз өмір сүру келешегін жасауға көмектеседі", – деді Энн Кернс.  

Күн сайын 815 млн адам аш қалады. Mastercard сарапшыларын қолдау барысында жүргізілген ЖІӨ оқушылардың құнарлы түскі асы мен академиялық сабақ үлгерімі, сондай-ақ алдағы уақытта өмір сүру деңгейі арасындағы тікелей байланыстың бар екенін  анықтады.  

Шри-Ланкада мектептегі түскі ас бағдарламасының 10 жылдығы аясында көмек алған балалар жұмыс істегенде  5%-ға артық табыс тапқан. Шығын мен нәтиже сараптамасы оқушының тамақтануына салынған әр доллар елдің экономикасына үш доллардан он долларға дейін табыс әкелетінін көрсеткен.  

Гүлназ Ермағанбетова, Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу