Әлемнің дамушы экономикаларына салмақ түсті

АҚШ Орталық банкінің абайсыз жүргізген монетарлық саясаты талай елдің валютасын әлсіретіп отыр. 

16 Тамыз 2018 08:57 Автор: Арыстан Рысбек
Әлемнің дамушы экономикаларына салмақ түсті, АҚШ орталық банкі, монетарлық саясат, дамушы экономикалар, валюталардың әлсіреуі

Түркияны дендеп бара жатқан қаржы дағдарысына қарызының басынан асуы, өршеленген инфляциясы, саясатта жіберген ағаттықтары кінәлі деп жатады. Бірақ, президент Реджеп Тайып Ердоған мұның бәріне Америка Құрама Штаттарын айыптап отыр. Түркия лидерінің бұл сөзінде жан бар тәрізді. Қазір лира ғана емес, дамушы елдердің бірталайының валютасы қауіпке душар болып отыр. Жақында «Ассоушиэйтид пресс» агенттігі хабарлағандай, «сол қауіп – Америкада жасалған».

Расында да биыл АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (орталық банкі) пайыздық үстемені бірнеше рет көтерді. Соның салдарынан инвесторлар Түркия сияқты дамушы елдерден ақшасын әкетіп жатыр, доллар қымбаттады. Және де талай елдің Америка валютасымен алынған сыртқы қарызы өсті. Қаржыгерлердің ойынша, Федрезерв мұны әдейі істемеген болар. Бірақ, пайыздық мөлшерлемені көтерудің салдары осындай болып шықты.

Бүгінде капитал Құрама Штаттардың кірісі мол әрі қауіптен арылған инвестициялық нарығына қайта оралып жатыр. Бұның нәтижесі сол – дамушы мемлекеттерде доллар азайып, ұлттық валюталар әлсіреген үстіне әлсіреп барады. Оған бір дәлел – биржаларда дамушы нарықтар ақшаларының орташа құнын көрсететін MSCI индексі мамырдың басынан бері 8 пайызға төмендеген.

Жекелеп алғанда, түрік ақшасы наурыздың басынан бері долллардың қасында 45 пайызға әлсіреді.  Құнсыздану жолында лира жалғыз емес. Мәселен, Аргентина песосы қыстың соңынан бері 32 пайыз жоғалтыпты. Айта кету керек, бұл мемлекет басшылығы қазір үлкен коррупциялық дауға ұрынып, екі-цифрлық инфляциядан жапа шегіп отыр. Ал, Оңтүстік Африканың ранды 17 пайызға арзандады. Сонымен қатар, кейінгі күндері Ресей, Мексика сынды елдердің де валюталары әлсіреді.

Ұлттық ақша құнының түсуі үлкен зардап әкеледі. Мысалы, әлемдік резервтік валюта – доллармен қарыз алған компаниялар сол борышты қайтарарда (әсіресе – девальвация кезінде) өз елінің ақшасын көбірек жұмсауға мәжбүр болады.

Азия қаржы дағдарысы қайталанбайды
Дәл осындай жағдай 1997-1998 жылдары Азияны алапат қаржы дағдарысына ұшыратқаны белгілі. Сол кезде Таиланд валютасы күрт құнсызданып, оның зардабы бүкіл аймақты шарпып, Шығыс Азия экономикаларының ойраны шыққан еді.

Түркиядағы дағдарыс ушыққан сәтте қаржы нарығында дәл сол жағдай қанталануы мүмкін деген үрей пайда болды. Кейбір бақылаушылар тіпті Түркия проблемасы дамыған елдерге де «жұғады» деп қауіптенді.   

Дегенмен, көптеген экономистер Азия дағдарысы енді қайталанбайды деген пікірде. Себебі, олардың ойынша, Түркия экономикасы дұрыс басқарылмағандықтан осындай жағдайға душар болып отыр.

«Обама әкімшілігі тұсында біз Түркияны қаржы дағдарысына ұшырауға әлеуеті бар №1 мемлекет деп қарастырдық. Бірақ, өзге дамушы елдермен салыстырғанда, оның экономикалық жағдайы мүлде басқаша. Бұл елдің қарызы көп, ал Ердоғанның саясаты ерекшелеу», – дейді Барак Обаманың бұрынғы бас экономисі және гарвардтық экономист Джейсон Фурман «АР» агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, оның сөзінше, дамушы нарық елдері 20 жыл бұрынғы күйреуден үлкен сабақ алды. Бұған қоса, 1997 жылдың басында олардың валюталық резерві жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 6 пайызына әрең жетсе, қазір 18 пайызға жуық. Мұндай мәліметті осы аптада Халықаралық қаржы институты жариялады. Ал, АҚШ-тағы Инвестиция институтының дерегінше, дамушы нарық елдерінің сыртқы қарызы 1999 жылы ЖІӨ-нің 38 пайызына жетсе, былтыр 29 пайызға дейін қысқарған.

Сондай-ақ, Халықаралық валюта қорының болжамынша, жалпылама алғанда, биыл және келесі жылы дамушы елдердің экономикалары 2013 жылдан бері алғаш рет 5 пайызға дейін өсуі мүмкін.

Түркия емес, Қытай экономикасы көбірек алаңдатады
Швейцарияның екінші ірі қаржы конгломераты - Credit Suisse-тің сарапшысы Мэнди Худың ойынша, Түркияға қарағанда, әлемнің екінші экономикасы – Қытай өндірістік өсімінің сәуір-маусымда саябырсуы көбірек алаңдатуы керек. Айта кетсек, өткен жылы Бейжің заем беруге бақылауды қатаңдатты. Ал, Халықаралық валюта қорының есебінше, Қытайдың былтыр 6,9 пайызға өскен экономикасы биыл 6,6 пайызға ғана артуы мүмкін.

Бұл бәсеңдеу Бейжіңге шикізат экспорттайтын дамушы нарық елдеріне қауіпті. Оксфордтың экономист-ғалымы Ванда Шендрей әзірлеген баяндамаға қарағанда, Қытай өсімінің төмендеуінен ең көп ұтылатындар қатарында Филиппин, Ресей, Малайзия, Бразилия, Аргентина бар.

Сонымен қатар, Қытай экономикасына АҚШ-пен арада өршіп бара жатқан сауда соғысы да қауіп төндіріп тұр. Естеріңізге сала кетсек, биыл президент Дональд Трамп Бейжіңді кибершабуыл жасады, тонау тактикасына көшті деп айыптап, Қытайдан импортталатын 34 миллиард доллардың тауарларына тарифті өсірді. Және де Трамп әкімшілігі Қытайдан келетін 216 миллиард доллардың өніміне салық салуға әзірленіп жатыр. Ал, осы  тайталасты тоқтатуға бағытталған келіссөздер ешқандай нәтиже бермеді.

J.P. Morgan Asset Management компаниясының ғаламдық нарық стратегі Габриэла Сантостың сөзінше, екі жаққа дәл қазір аз да болса ымыра керек.

Арыстан Рысбек