Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін жаза жеңілдетілді

1296

Осы жылы 10-шы шілдеді "Онлайн-платформалар мен онлайн жарнама" туралы заң қабылданды. 

Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін жаза жеңілдетілді Фото: Дзен

Ондағы өзгерістер жайлы ҚР Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Евгений Кочетов Astana media week аясында егжей-тегжейлі түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде медиа кеңістіктің әр өкілін бірінші кезекте кереғар не жалған ақпарат тарату мен ол үшін көзделген жауапкершілік елең еткізетіні белгілі. Осыған орай вице-министр "Онлайн-платформалар мен онлайн жарнама" заңындағы өзгерістерге тоқталды.

"Біз Орта Азия елдері ішінде бірінші болып "Онлайн-платформалар мен онлайн жарнама" заңын қабылдадық. Ол қабылданбай жатып, Мәжілістен Сенатқа талқылауға жіберілген кездері біраз сұрақтар туындады, сондықтан заңнаманың сол тұстарына тоқтала кету керек деп санаймын. Біріншіден, көбісі жаңа Заңнама барлық блогерлердің тіркелуін талап етеді деп түсінеді, бірақ олай емес. Қазақстанда барлық медиа өкілдерді тіркеу міндеттелмейді. Заңның мәтінін мұқият оқитын болсақ, белгілі бір талап қойған бап жоқ, бірақ онда инфлюенсер деген түсінік бар. Инфлюенсер — дегеніміз, онлайн-платформаларда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адам, яғни нақты "кәсіпкерлікпен" айналысатын адам өзін жеке кәсіпкер не ЖШС ретінде тіркеуі керек", — деп түсіндірді Вице-министр.

Қазірдің өзінде біраз инфлюенсерлер осы бағытта жұмыс жүргізді, ресми кәсіпкер ретінде тіркелуді басталды. 

"Бүгінгі пленарлық отырыстың басты тақырыбы — кереғар не жалған ақпарат тарату мен ол үшін көзделген жауапкершілік. Бұған дейін бізде жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетін. Статистикаға назар аударсақ, былтыр 200-ден астам ұйғарым тағайындалғанын анықтадық, яғни біз осынша қолданушыға заңды бұзуы мүмкін деген ескерту жасадық. Бұл дегеніміз, әлеуметтік желідегі жазбалары үшін 200-ден астам қылмыстық іс ашылуы мүмкін. Сондықтан заң шығарушылар мен депутаттар мұндай жазаның қаншалықты әділетті екені жайлы ойлана бастадық. Бірлесе келе біз заңды ішінара декриминализациялау керек деп шештік. 10-шы шілде қабылданған жаңа Заңда жалған ақпарат таратқаны үшін жаза енді әкімшілік жауапкершілік санатында да қарастырылатын болады, яғни айыппұл тағайындалатын болады", — деді Евгений Кочетов.

Заңнамада мемлекеттік тіл мәселесі де көтерілген: онлайн-платформалар интерфейсіне қазақ тілін енгізуге міндеттелді. 

"Тіл мәселесіне келгенде біздің басты мақсатымыз қазақ тілді қолданушылардың құқығын қорғау болды. Аудитория саны да күн сайын өсіп жатыр, сондықтан олардың игілігін ескеру керек. Заңда онлайн-платформа иесі интерфейсті қазақ тілінде сөйлетуге міндеттелді. Бір жақсысы бұл норма қабылданбай жатып та біраз платформалар өзгеріске бет бұра бастады. Мысалы, Telegram өзінің интерфейсіне қазақ тілін енгізді, Tik Tok бұл шараны бірінші болып қабылдады. Ал Instagram стористерінде мәтінді автоматты тілде қазақша аударуға болады", — деді спикер.

Сонымен қатар, вице-министр қазір "Масс-медиа" туралы заң құрастырылып, Мәжілісте талқыланып жатқанын да атап өтті, заң шығарушылар сөз бостандығы мен ақпарат қауіпсіздігінің тұтқасын тең ұстау амалдарын қарастырып жатқан көрінеді. Соның ішінде, қолданушылардың қауіпсіздігі басты назарда, әсіресе, жарнаманың жағымсыз салдарымен күреспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу