Алғашқы нарықтағы белсенділік бәсең болды

KASE-нің шілдедегі көрсеткіші көңіл көншітпеді.

11 Тамыз 2018 09:00 Автор: Абылай Бейбарыс
Алғашқы нарықтағы белсенділік бәсең болды,  KASE, «Қазақстан қор биржасы», KAZ Minerals, «Қазақтелеком», Kcell

Шілдеде KASE индексі 2,1%-ға төмендеп, кіріс көлемі маусыммен салыстырғанда 427,8 млрд теңгеге кеміді. Нәтижесінде сауда-саттықтан түскен жиынтық табыс 9,7 трлн теңгені құрады.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ маркетинг және PR бөлімінің бас маманы Әмір Болаттың abctv.kz  тілшісіне берген мәліметіне сәйкес, тамыз айының алғашқы күнінде KASE-дегі 151 эмитенттің 383 атаулы бағалы қағазы қолжетімді болды. Бұған дейін бес эмитенттің бағалы қағазы тізімнен алынып тасталды.

Бас маманның мәліметіне сүйенсек, KAZ Minerals PLC мыс өндіру компаниясы акцияларының құны 5,2%-ға, «Қазақтелеком» АҚ акцияларының құны 2,6%-ға арзандап, Kcell компаниясы акцияларының бағасы 1,6%-ға қымбаттаған. Жалпы алғанда акция саудасы бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 128,3 млрд теңгеге ұлғайып,143,7 млрд теңгеге жеткен.

Биржада жеке тұлғалар белсенді болған. Брокерлер мен институционалдық инвесторлар да қарап қалмаған. Ал екінші деңгейлі банктер саудаға қатыспаған.

KASE өкілінің дерегінше, шілдеде мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы (МБҚ) жиынтық сауда көлемі 12,3%-ға төмендеп, 234,1 млрд теңгені құраған. Қайталама нарықтағы көрсеткіш те көңіл көншітпеген. Мұндағы сауда көлемі 52,5%-ға азайып, 68,3 млрд теңге болған. Бұл жердегі жалпы айналымның 96,4%-ы Ұлттық банктің ноттары ретінде тіркелген.

Корпоративтік облигациялардың саудасы да дұрыс жүрмеген. Ол 74,7%-ға құлдырап, 34, 6 млрд теңгеге түскен. Бұған алғашқы нарықтағы белсенділіктің бәсеңсуі түрткі болған. Бұл жерде орналастыру көлемі бар-жоғы 678,9 млн теңгені құраған.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ маркетинг және PR бөлімінің бас маманы Әмір Болаттың мәліметінше, шілдеде шетел валюталарының нарығына KASE-нің 31 мүшесі қатысқан. Жалпы сауда көлемі 1,002 трлн теңгені құраған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 27 млрд теңгеге кем көрсеткіш. Валюталық своп нарығындағы сауда да сәтті болмаған. Мұндағы алыс-беріс 16,7%-ға азайып, 1,9 трлн теңгені құраған.

Кері көрсеткіштің көбейіп кетуіне шикізат нарығы мен түрлі компаниялардағы өзгеріс себеп болған.

Абылай Бейбарыс