Алғашқы алтынды Мухин әкелді

Жапон спортшыларына есе қайтардық.  

21 Ақпан 2017 12:28 Автор:
Алғашқы алтынды Мухин әкелді, Қысқы Азия ойындары,шаңғышы Ринат Мухин,Саппоро,Жапония,Елена Коломина
Фото: сourtecy

Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті. Шаңғышы Ринат Мухин 15 шақырымдық жеке жарыста топ жарып, жапон спортшылары Наото Баба мен Акира Лентингті артта қалдырды. 4-6 орындарды да біздің отандастарымыз Сергей Черепанов, Николай Чеботько және Ердос Ахмадиев иеленді.

2011 жылы Алматы мен Астанада өткен ақ Азиаданың 15 шақырымдық сынында жапон спортшылары топ жарған еді.  Алтын мен күмісті Кейшин Йошида мен Нобу Нарусе алып, біздің Н.Чеботько мен С.Черепанов 3-4 орындарда қалып еді. Соның есесі осы жолы қайтқандай болды.

Дегенмен шаңғымен жүгіру спортында бұл жолы басты қарсыласымыздың бәрі мықты құраммен келген сияқты. Екі күн ішінде сарапқа салынған 4 алтын медаль 4 елге – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстанға бұйырды.  2011 жылы 12 алтын медальдың 6-ын – Қазақстан, 5-ін – Жапония, біреуін ғана Оңтүстік Корея иеленген-ді.

Әйелдер арасында отандасымыз, ардагер спортшы Елена Коломина 10 шақырымдық классикалық жарыста да қола жүлде жеңіп алды. Ол Юки Кобаяши (Жапония) мен Че Вон Лиге (Оңтүстік Корея) ғана жол беріп, қола тұғырға көтерілді. Естеріңізде болса, 2011 жылы Алматыда Кобаяши осы бағдарламада қола жүлде жеңіп алды, ал Коломина бесінші орында қалған болатын. Саппорода сынға түскен Марина Матросова (7), Анжелика Тарасова (8), Дарья Рожко (11) жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ.

Есіл Еркебай