AliExpress Қазақстан нарығына аяқ басты

Авраам Катышев Авраам Катышев
4815

"Alibaba group"-тың еншілес компаниясы мен "Қазпошта" АҚ бірлескен кобрендингтік картаны таныстырды.

AliExpress Қазақстан нарығына аяқ басты

Шетелдіктерге Қытайдан түрлі тауарлар сатып алуға мүмкіндік беретін AliExpress ғаламдық сауда алаңы "Қазпошта" ұлттық пошта операторымен бірлесіп, жаңа өнім – Kazpost/AliExpress кобрендингтік картасын таныстырды. 

"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов атап өткендей, компания әлем бойынша интернет-дүкендер арқылы сауда-саттық жасайтын қазақстандықтарға тамаша жағдайлар тудырғалы отыр.

"Біз онлайн-ритейл саласындағы жаһандық алыппен ынтымақтастықты кездейсоқ орнатқан жоқпыз. Alibaba концерні соңғы жылдары бүкіл әлем бойынша электрондық сауданы дамытудағы драйвер болып табылады. Ал қазір әлемдегі ең басты трендтердің бірі. Бүгінде жер шары тұрғындарының тең жартысы интернет арқылы сауда жасайды десек артық айтқандық емес. Біз бұл фактіні елеусіз қалдыра алмаймыз, әрине. Сондықтан әлем бойынша интернет-дүкендерден сауда жасайтын өз азаматтарымызға қолайлы жағдай туғызуға тырысамыз. Біз Қытайдан сәлемдемелер жеткізу мерзімін 18-25 күнге дейін қысқарттық. Оларды қадағалап отырамыз. Шығыс пен батыс арасында транзитті жолға қойдық. Осылайша барлық қажетті инфрақұрылымды жасай отырып, Қазақстандағы e-commerce нарығын жаңа деңгейге көтеруге талпынудамыз", – деді ол.

Дей тұрғанмен айта кетейік, қытайлық AliExpress сауда алаңы 11 қарашадан бастап тауарды Ресейге он күн ішінде жеткізе бастамақшы. Бұл туралы компанияға сілтеме жасай отырып, ресейлік "КоммерсантЪ" басылымы хабарлады. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, жеткізілімді Alibaba тобына кіретін Cainiao логистикалық компаниясы қамтамасыз етпек. Чартерлік бағдарламаның іске қосылуы жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, дейді Ресей және ТМД елдеріндегі Cainiao компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Алекс Васильев. Бүгінде ірі жүк тасымалдаушылармен әріптестік орнатылған. Олардың қатарында "Ресей почтасы" және ресейлік Air Dridge Cargo ірі жүк авиакомпаниясы бар. Чартерлік серіктестердің қатарын арттыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Жүкті "Ресей почтасы" ұшақтарымен(Ту-204-100С) жеткізеді.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың ІІІ тоқсанында қытайлық Alibaba Group интернет-компаниясының кірісі 132%-ға, яғни 2,6 млрд долларға дейін артуымен ерекшеленді.

Reuters хабарлағандай, компанияның түсімі 61%-ға, 8,3 млрд долларға дейін өскен. Жыл қорытындысы бойынша компанияның түсімі 49-53%-ға артады деп болжануда. Жыл басынан бері Alibaba Group акцияларының құны екі есеге артты. Компанияның нарықтық капиталандырылуы қазір 477 млрд долларды құрады. Alibaba Group табысының көп бөлігін онлайн-сауда құрайды. ІІІ тоқсанда онлайн-сауданың табысы 63%-ға өсіп, 7 млрд долларға тең болды.

AliExpress компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі бас менеджері Бинамра Даштың айтуынша, кобрендингтік картаны шығару – AliExpress және Kazpost арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы тағы бір маңызды қадам.

"Бұл қадамның жаһандық танымал сауда алаңы ретіндегі AliExpress-тің позициясын, Қазақстандағы үздік логистикалық компания ретіндегі Kazpost позициясын бекем ететіндігіне сенеміз", – дейді Бинамра Даш.

Картаға үш-төрт күн ішінде тапсырыс беріп, қол жеткізуге болады. "Қазпошта" АҚ бизнес жөніндегі басқарушы директоры Азат Машабаев картаның артықшылықтары ретінде әрбір сатып алуға 1,5% кэшбек, Қазпошта терминалдары арқылы қаражатты тегін алу және толтыру, картаны тегін шығару және үйге жеткізіп беру, сондай-ақ SMS-хабарлама қызметін тегін қосу және пайдалану бар екенін атап өтті. Картаға post.kz сайты арқылы тапсырыс беруге болады. 

Сондай-ақ Азат Машабаев Visa-мен бірлесіп өткізілетін акция туралы да хабарлады. Оның талаптарына сәйкес, 2017 жылғы 2 қараша мен 2017 жылғы 24 желтоқсан аралығында жалпы сомасы 1500 АҚШ долларына операция жасаған AliExpress картасын ұстаушылар арасында 5000 АҚШ доллардың сертификаты ойнатылады. Ұтыс ойыны 2017 жылғы 25 желтоқсанда өтеді.

Бұдан бөлек картаны ресімдеген және post.kz сайтында бір және одан да көп операция жасаған алғашқы 100 клиентке 2017 жылғы 25 желтоқсанда 100 АҚШ долларының сертификаты ойнатылады.

Еркебұлан Қыздарбек, Авраам Катышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу