Алина Әділханова – Азия ойындарының екі дүркін чемпионы

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5156

Көркем гимнастикадан жекелей көпсайыста Алина Әділханова теңдессіз танылып, ел қоржынан сегізінші алтынды салды.

Алина Әділханова – Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Фото: olympic.kz

Кеше командалық сында құрбыларын алға сүйреген Әділханова бүгін жекелей сында үздік шықты. Өзбек қызы Сабина Ташкенбаевамен арасындағы тартысты бәсекеде бағы жанып, саф алтынға қол жеткізді. Алина 66,800 ұпаймен бірінші орынға ие болса, Сабина 65,850 ұпаймен күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медаль Қытай қызы Ятин Жаоға бұйырды (65,550).

Әлия Юсупованың шәкірттері осылай абыройымызды асқақтатып, ел қоржынына екі алтын салды. Кеше командалық сында, бүгін жекелей көпсайыста үздік шықты. Ал Алина Әділханова ХVІІІ жазғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанып, ұстазының жетістігін қайталады.

Дәл қазір Қазақстан еншісінде – 45 жүлде (8 алтын, 8 күміс, 29 қола). Әділханова өзбек қызын алдына шығарып алғанда, ала шапанды көршілеріміз жалпы есепте де алдымызды орап кетер еді. Бірақ 26 қыркүйекте 17-ге толатын бойжеткеніміз оған жол берген жоқ. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу