Алкоголь денсаулыққа мүлдем пайдасыз ба

10244

Әлемнің 195 мемлекетінде жүргізілген зерттеу қорытындысына қарағанда, үкіметтер алкогольді жарнамалауды тоқтату мәселесін ойластыруы керек.

Алкоголь денсаулыққа мүлдем пайдасыз ба

Бір бокал шарапты немесе сыраны абайсызда ұрттап қоюдың өзі денсаулыққа қауіп төндіріп, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Әлемнің 195 мемлекетінде жүргізілген зерттеу қорытындысы осындай.

"Алкогольдің зиянсыз деңгейі болмайды", – дейді АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Денсаулық көрсеткіштері және анализ институтының ғалымы Мак Грисуолд. Ал, бұған дейін алкогольді аздап ішу –  жүрек аруларын азайтатыны айтылып келгені белгілі.

Ғылыми жаңалық Lancet медициналық журналында жарияланды. Онда келтірілген деректерге қарағанда, спирттік ішімдіктер кесірінен жыл сайын дүниежүзінде 15-49 жас аралығындағы 2,8 миллион адам ажалынан бұрын қайтыс болады екен.

Аталған америкалық институт алкогольдің мөлшері мен денсаулыққа әсерін 1990-2016 жылдары 195 елде зерттеген. Және де ғалымдар бұл баяндаманы жасауға алкогольдің қаншалықты кең таралғаны туралы 694 зерттеу жұмысы мен ішімдіктің денсаулыққа зияны жайлы 592 ғылыми еңбекті қолданып, 28 миллион адамды тартыпты.

Баяндамада келтірілген мәліметке жүгінсек, әлем бойынша алкоголь – 50-ден асқан әйелдердің 27.1%-ның, ер адамдардың 18.9%-ның рактан қайтыс болуына негізгі себеп болған. Және де ащы су дүниежүзінде жастардың туберкулёзден, жол апаттарынан, өзіне-өзі қол жұмсаудан өлуіне үлкен себепші.  Сонымен қатар, зерттеу авторларының сөзінше, күніне бір мәрте арақ ішкен адамда рак, диабет, туберкулёз ауруларына шалдығу қаупі 0,5 пайызға өседі екен.

"Тәулігіне бір-екі рет алкоголь қолдану денсаулыққа пайдалы деген сөз – миф. Бұл баяндама сол мифтің тас-талқанын шығарды", – дейді салмақты зерттеу авторларының бірі, профессор Эммануэла Гакиду.

Әлемде үш адамның бірі спирттік ішімдікке әуес
Баяндама көрсеткендей, әлем бойынша 2,4 миллиард адам немесе планета тұрғындарының үштен бірі алколгольдік ішімдікке әуес. Солардың төртен бірі – әйелдер, 39 пайызы – ер адамдар.

Арақ-шарап тұтынудан Дания алда тұр (әйелдердің 95.3%-ы, ерлердің 97.1%-ы). Ал, Норвегия, Аргентина, Германия, Польшада ерлердің 94 пайызы ішеді. Бұл жағынан Азияда оңтүстіккореялық ер азаматтар алда келеді (91%). Алкогольді ең аз қолданушылар – мұсылмандар көп тұратын мемлекеттер (Пәкістанда ерлердің 0.8%-ы, ал, Бангладеште әйелдердің 0.3%-ы ғана). Сонымен қатар, баяндамада Ресейде 1980-ші жылдардан бастап арақтың 15-55 жас аралығындағы ер адамдардың 75 пайызының өліміне себеп болғаны ерекше атап өтілген.

"Әрекет ету саясатының жоқтығынан алкоголь болашақта халықтың денсаулығына қорқынышты қатер төндіреді. Біздің зерттеу нәтижелеріміз  алкогольді қолдану деңгейі мен оның денсаулыққа зиянды әсерлерінің уақыт өткен сайын арта түсетінін көрсетіп, алкогольді қатаң бақылау саясатының өте маңызды екенін меңзейді.

Бүкіл әлемде спиртті бақылау саясаты мен денсаулық сақтау бағдарламаларын қайта қарауымыз керек. Сонымен қатар, алкогольден бас тарту жөніндегі ұсыныстарды қарастыруға тиіспіз. Оған алкогольге салынатын акциздер, спирттік ішімдіктердің физикалық қолжетімділігін, сатылым сағаттарын және алкоголь жарнамасын бақылау кіреді. Мұндай әрекеттердің кез келгені халықтың спирттік ішімдіктерді тұтыну деңгейін төмендетіп, денсаулыққа алкогольден келетін зиян мөлшерін азайтуға маңызды үлес қосар еді", – дейді профессор Гакиду.

Лондонның Корольдік колледжінің докторы Робин Бертон Lancet журналына берген сұхбатында мәлімдегендей, бұл зерттеу қорытындысы – анық және айқын. Оның ойынша, "алкоголь ғаламдық денсаулық сақтау жүйесі үшін орасан мәселе. Спирттік ішімдікті аздап қолданып, одан пайда көремін деп, денсаулыққа зиян келтіріп алуға болады. Сол залалдардың қатарында обыр да бар.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу