banner

Алматыда әйгілі Дэмиан Херсттың көрмесі ашылды

9745

"Жаңа дін" – бұл британ суретшісінің соңғы көрмесінің атауы.

Алматыда әйгілі Дэмиан Херсттың көрмесі ашылды

Формалинге тоғытылған өлі акула, тірі, бірақ өлімнен құтылмас көбелектерден құралған инсталляция, платинадан жасалған әрі гауһар тастармен көмкерілген бас сүйек...

Заманауи өнердің ең кереғар мінезді өкілдерінің бірі болып табылатын адамның күрделі де қайшылықтарға толы жұмысын ұнатушыларды бұдан артық немен таң қалдыруға болар еді!?

Көрме экспонаттарын Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайынан 11 қарашадан бері көре аласыздар.

 

Өшіп барып қайта жану

Өз отанында Херст қайталанбас туындыларымен ғана емес, сонымен қатар 2010 жылы 215 миллион фунт стерлингті құраған орасан байлығының арқасында кәдімгі әлемге әйгілі Биг-Бен немесе Beatles тобы сынды танымал. Жалпы, британ таблоидтарының мәлімдеуінше, ол тек дарынды суретші ғана емес, сонымен бірге коллекция жинаушы болумен қатар, табысты кәсіпкер екен.

Алайда, оның өмірінде шығармашылықтың алар орны ерекше... 1987 жылдан бастап ол жұмыстарын әлемнің әр түпкірінде өткен 80-нен астам жеке көрмесі мен 260 бірлескен көрмеге қойған. Ол 1993 жылы басқа жерде емес, Венециядағы Биенналеде тұңғыш рет халықаралық құрметке ие болды.

Тап сол жерде формальдегидпен алғаш рет емін-еркін жұмыс істей бастады. Ол осы сұйыққа сиыр мен бұзаудың жекелеген ағзаларын салып қойған болатын.

"Бөлшектелген ана мен бала" деп аталған мұндай ерекше композицияны сыншылар алуан пікірін сан-саққа жүгіртіп еді. Одан әрі "Ғашық болу мен жек көру" атты рәміздік инсталляция өмірге келді. Мұнда махаббат пен оның "өлімін" көрме барысында бірінен соң бірі өлетін 9 мың тірі көбелекті көз алдыңызға әкеледі. Бұл көріністі көрермендер ғана емес, Жан-жануарларды қорғайтын қайырымдылық қоры да ащы сынға алып, көпке дейін суретшінің соңына түскені бар.

Бірақ, оны ешкім де алған бетінен қайтара алмады. Таң қаларлығы сол, Херст туындыларының қатарында ғажап туындылармен бірге аса қымбат экспонаттар да бар. Суретшінің соңғы туындысының бірі – адамның бас сүйегінің дәл өлшемді көрінісі де біраз дау-дамай тудырғаны рас. Дау тудыратыны – Херст бұл туындысында адамның тістерін қолдана отырып, жалпы салмағы 1100 карат болатын 8601 өндірістік гауһар таспен безендірген. Бас сүйек маңдайының ортасына 52,2 караттан тұратын үлкен сұр-қызғылт гауһар тас орналастырған.

Бүгінгі таңда оның "Құдайдың махаббаты үшін" атты экспонаты қазіргі туындылардың арасындағы құны 50 млн фунт стерлингті құрайтын ең қымбат мүсін болып табылады. Херсттың қол жеткізген табыстарының бірі – оның досына айналып, оның өнерін әлемге танытып қана қоймай, қамқорлығына алған белгілі коллекция жинаушы Чарльз Саатчпен жұмысы болды.

 

Ал сен неге сенесің?

Дэмиан Херсттың "Жаңа дін" атты туындысы алғаш рет 2005 жылы Пол Столпердің галереясына қойылды. Одан кейін Осло, Мәскеу, Венеция, София, Гданьск және Лондон қалаларында көпшілік назарына ұсынылды.

Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты суретші төл туындылары қойылатын көрмелерге тікелей қатыса алмайды.

Херсттың туындысына деген құрметтің зор екеніне, жаңа туындысы алдыңғы жұмыстары сияқты жаңашылдығымен, бірегейлігімен ерекшеленуіне қарамастан, автордың Алматыдағы экспозициясы айтарлықтай  қызығушылық тудырмағанын атап өткен жөн.

Бұл жолғы туындысы әртүрлі пішінді дәрі-дәрмектен құралған "Жаңа дін" көрмесі 44 принт пен 4 мүсіннен тұрады. Экспозицияның ортасында үлкен жәшік немесе сандық орналасқан, ал қалған экспонаттар осы алып жәшіктің маңайына топтастырылыпты.

Қабырғаға ілінген принттер "Әлемнің пайда болуынан", "Қиямет күніне" дейінгі Тауарат мазмұнындағы бірыңғай фрескалар циклын құрап тұрғандай. Бұл суреттер, сонымен қатар, мінәжат орнымен көршілес тұр.

Мұнда балқарағай ағашынан жасалып, ұсақ дәрі-дәрмекпен безендірілген крест,  адамның бас сүйегі, мәрмәр тастан жасалған алып таблетка және екпе инелер шаншылған жүрек бейнесіндегі металл мүсін орналастырылыпты. Бұл элементтердің барлығы, жалпы қарағанда, шағын шіркеудің ішкі көрінісін көзге елестетіп, мына жалған дүниеден жоғары көтерілуге деген талпыныстың мәнін ұқтырғандай.

Херсттың пікірінше, дін мен медицинаға сенім тек осы талпыныс арқылы түсіндірілетін сияқты. Бұл жолы да суретші өзінің сүйікті объектісі – көбелектерді айналып өтпеген. "Жаңа дінде" көбелек майлы қара сұйыққа батып бара жатқан сәтте бейнеленген. Бұл адамның ажалды жеңе алмайтынын бейнелеп тұрғандай.

Жалпы, Херст шығармашылығындағы өлім бейнесі көзге ұрып тұрғанымен, оның жұмысының басты мағынасы – сенім болып табылады.

"Дін әлемді танытуға тырысады. Ғалымдар да белгілі бір деңгейде осы мәселемен әуре. Бірақ, дін айтарлықтай қаусап қалған сияқты. Осыдан 2 мың жыл бұрын мәнге ие болған дүние бүгін де маңызды болуы тиіс емес. Бұл күлкілі де!" – дейді елуді еңсере бере атеизмге мықтап бой алдырған суретші.

Көрмені ұйымдастырушылар Дэмиан Херсттың жұмыстарын көру – Қазақстанның мәдени өміріндегі шынайы бетбұрыс кезеңі деп айтудан жалықпайды.

Сондықтан да көрме барысында, Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында әрбір сенбіде сағат 14:00 мен 16:00 аралығында суретшінің шығармашылығы мен Yong British Artists дәуірінің тарихынан сыр шертетін дәрістер өткізілмекші. Келем деушілер әлемдік contemporary art жауһарын тамашалап қана қоймай, Ұлыбританияның арт-сахнасында 1990 жылдан бері дәуірлеп тұрған мәдениеттен хабардар болады.

Көрмені British Council (Британия Кеңесі) мен Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы Пол Столпердің галереясымен бірлесе отырып, "Еуразиялық мәдени альянс" қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Ольга Знеменская

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу