Алматыда шорт-тректен әлем кубогы өтіп жатыр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2715

Қазақ жеріндегі мұз айданда тұңғыш рет шорт-тректен әлем кубогының кезеңдік жарыстары басталды.

Алматыда шорт-тректен әлем кубогы өтіп жатыр  Фото: olympic.kz

Алатау бөктеріндегі "Халық-Арена" мұз айдынына төрткіл дүниенің бүгінгі таңдағы ең үздік шорттрекшілері жиналды. Ресми түрде "Алматыға 19 мемлекеттен 151 спортшы келді" деп жарияланған болатын. Олар Халықаралық конькишілер одағы (ISU) аясында ұйымдастырылатын әлем кубогының үшінші кезеңдік бәйгелерінде бақ сынап жатыр.

Өкінішке қарай, біздің елде бұл тарихи жарысқа лайықты деңгейде көңіл бөлініп және насихатталып отырмағандай. Отандық телеарналардың ешқайсысы тікелей репортаж жүргізіп жатқан жоқ. Ал бүкіл әлем шорт-трек жағрапиясысының кеңіп, жаңа мұз айдынның қатарға қосылғанына қызығушылық танытуда. Мәселен, ISU-дың ресми сайтында бірнеше мақала жарық көрді...

Шетелдік мамандар осыдан 10 жылдай уақыт бұрын "қазақ жерінде әлем кубогының кезеңдік жарыстары өтетін болады" дегенді көз алдарына елесетете алмағандарын тілге тиек етеді. Соңғы үш жылда шорттрекші жігіттеріміз халықаралық аренада өте жиі болмаса да, аракідік жүлдеге ілініп, көзге түсіп келеді. Қазақ жігіттері өздерінің коньки тебе алатындықтарын дүниежүзіне дәлелдей бастады...

Бұл ретте, шетелдік мамандар Қазақстан құрамасының соңғы үш жылда Нидерланд шортттрекшілерімен бірге жаттығып, тәжірибе алмасып жүргендігін көлденең тартады. Ал қазір біздің қыз-жігіттеріміз Ресей құрамасымен бірге жаттығып жүр екен. Негізі, мұның бәрі ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков ағамыздың ерен еңбегінің жемісі екендігін бөле-жара атап өткіміз келеді.   

Қалай десек те, Қазақ елінің шорт-трекші қыз-жігітері өздерін әлемге мойындата білді. Мәдіғали Қарсыбеков ағамыздың шәкірттері әбден ысылып, Олимпиада және әлем чемпиондарымен тайталасып, баз-базында олардың өздерін шаң қаптырып кетіп жүр. Мәселен, биылғы әлем кубогының Калгариде өткен бірінші кезеңінде Абзал Әжғалиев 500 метрлік қашықтықта финалға шығып, үш Олимпиада чемпионымен бәйгеге түсті. Әрі екінші орын алып, көпшілікті таң қалдырған...

Енді Алматыда өтіп жатқан әлем кубогының үшінші кезеңдік жарыстарына тоқталар болсақ, төрт қашықтық бойынша жүлдегерлер анықталды. Сондай-ақ эстафета бәйгелерінің іріктеу жарыстары өтті. Біздің қыз-жігіттеріміз әзірше жүлдеге ілікпегендерімен, екеуі финалда бақ сынады. Өз жерімізде намысты қолдан бермеуге тырысып жатыр. Бәлкім, бүгін бақтары жанып қалар...

Әйелдер. 1000 метр

1. Сюзанне Схултинг (Нидерланды)
2. Ким Бутен (Канада)
3. А-Рум Но (Оңтүстік Корея)
12. Әлия Ким (Қазақстан)
19. Әсел Тайшыманова (Қазақстан)
28. Яна Хан (Қазақстан)

 

1500 метр
1. Чжеон Хи Ким (Оңтүстік Корея) 
2. Екатерина Ефременкова (Ресей) 
3. Ли Цзиню (Қытай)
4. Анастасия Крестова (Қазақстан)
13. Ольга Тихонова (Қазақстан)
27. Анита Нагай (Қазақстан)

Ерлер. 1000 метр
1. Шаоанг Лю (Венгрия)
2. Сжинки Нет (Нидерланд)
3. Сео Ли (Оңтүстік Корея)
5. Абзал Әжғалиев (Қазақстан)
19. Денис Никиша (Қазақстан)
28. Нұрберген Жұмағазиев (Қазақстан)

1500 метр
1. Хьо Чжун Лим (Оңтүстік Корея)
2. Гун Ву Ким (Оңтүстік Корея)
3. Дае Хеон Хван (Оңтүстік Корея)
12. Мерсаид Жақсыбаев (Қазақстан)
19. Әділ Ғалиахметов (Қазақстан)
20. Еркебұлан Шамұханов (Қазақстан)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу