Алтыннан үміт зор

1044

Иордания астанасы Амманда бокстан Азия чемпионаты өтуде.

Алтыннан үміт зор Фото: inform.kz

Жастар арасындағы 2021 жылғы әлем чемпионы қазақстандық Санжар Ташкенбай бокстан Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатының ширек финалына өтті. Ол 48 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда өзбекстандық Асылбек Жалиловты 5:0 есебімен ұтты. Жартылай финалға шығу үшін 19 жастағы Санжар қырғызстандық Мирлан Түрікбайұлымен кездеседі. Бұл жекпе-жек 6 қарашада өтеді.

Сонымен қатар бокстан Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов Азия чемпионатында алғашқы жекпе-жегін өткізді. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалы кезеңінде ол Түркіменстандық Сапармұрат Одаевпен кездесіп, оны сенімді түрде жеңді – 5:0. Бекбауов жартылай финалға шығу үшін қырғызстандық Жақсылық Талайбековпен жұдырықтасады. Кездесу 6 қарашаға жоспарланған.

71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов құрлықтық біріншіліктің ширек финалына шықты. Ол 1/8 финалда филиппиндік Маржон Пианярды мерзімінен бұрын жеңді. Екінші раундта Шымбергенов алдымен қарсыласын нокдаунға, кейін оны нокаутқа жіберді.

Осы орайда Fight Site шолушысы Тейлор О'Хиггинс Қазақстан құрамасы капитанының жекпе-жегі жайлы пікір білдірді. Сарапшы Шымбергеновті турнирдің алтын жүлдесі үшін күресте "айқын фаворит" деп отыр.

"Мен үшін осы чемпионаттағы айқын фавориттердің бірі қазақстандық Асланбек Шымбергенов. Ол екінші айналымда 71 келі салмақ бойынша филиппиндік Маржон Пианярды жеңіп, бізді таң қалдырды. Шымбергенов Иорданияда Ишайшты жеңе алса, алтын медаль үшін айқын фаворит болуы керек", - деп жазады О’Хиггинс.

Таңы бір қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта үндістандық Кумар Спаршпен кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен Бибосыновтың пайдасына шешілді. Айта кетейік, Бибосынов 2021 жылғы әлем чемпионы, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Ал қыздар арасында Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақта таиландтық Чутамат Раксатқа қарсы өнер көрсетті. Жекпе-жек 3:2 есебімен қазақстандық былғарықолғап шеберінің пайдасына аяқталды. Еске салайық, Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы (2014, 2016) және Азия чемпионатының жеңімпазы (2021).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу