Алыс-беріс пен барыс-келісте іркіліс жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1704

Польша Қазақстанды Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық серіктес санайды.

Алыс-беріс пен барыс-келісте іркіліс жоқ

Қазақстан мен Польша арасында 1992 жылы орнаған дипломатиялық қарым-қатынас үздіксіз жалғасып, саяси-экономикалық һәм қоғамдық-әлеуметтік трансформацияның тамырын тереңдетіп жатыр. Польша-Қазақстан экономикалық форумында сөйлеген сөзінде ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко осылай деді.

Ол екі ел арасындағы алыс-беріс жыл өткен сайын ұлғайып келе жатқанына тоқталып, былтыр тауар айналымының жалпы құны 1 млрд долларды құрағанын баяндады.  

Вице-министр жоғарғы деңгейдегі барыс-келісті де тілге тиек етті.

"2016 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев Варшаваға ресми сапармен барды, ал 2017 жылы президент Анджей Дуда Астанаға келді. Мемлекет басшыларының деңгейінде өткен келіссөз нәтижесінде көптеген мәмілеге қол жеткізілді. Соның бірі Астана-Варшава-Варшава-Астана бағытындағы әуе жолының ашылуы", – деді Роман Василенко.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Польшаға 1997, 2002 жылдары барған, ал Польша президенттері Қазақстанға 1999, 2007 жылдары келген.

Осыдан 2 жыл бұрынғы сапарында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Польшадан 207 млн доллар инвестиция тартты. Мұның сыртында Қазақстан мен Польша экономикалық декларацияға қол қойып, ауылшаруашылығы саласы бойынша үкіметаралық келісімді рәсімдеді.

Экономикалық форумда Польша кәсіпкерлік және технология вице-министрі Тадеуш Косцинский де пікір білдірді. Ол b2b (бизнес үшін бизнес) форматында ұйымдастырылған жиын сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.

"Қазақстан мен Польша энергетика саласында, оның ішінде "жасыл технологияны" қолдану бағытындағы байланысына серпін бере алады. Бұдан бөлек біз Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырғанын білеміз. Осы ретте Польшаның ғылыми институттарында аграрлық секторды дамытуға қолданылатын озық технологиялар бар екенін айтқымыз келеді.

Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытып отырған польшалық компаниялар өте көп. Себебі Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық серіктесі болып табылады", – деді Тадеуш Косцинский.

Өз кезегінде инвестициялар және даму министрлігі инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров нақты сандарды сөйлетті.

Оның дерегінше, 2018 жылғы 1 мамырдағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда Польшаның 219 заңды тұлғасы тіркелген. Қазір оның 116-сы жұмыс істеп тұр.

"2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында екі ел арасында 310, 3 млн доллардың тауары айналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп көрсеткіш. Қазақстанның Польшаға экспорты қаңтар-наурыз аралығында 3,6 есеге ұлғайып, 253,4 млн долларды құрады. Польшаның Қазақстанға импорты биылғы жылдың 3 айында 56,9 млн долларға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2,7 есе аз көрсеткіш", – деп түйді ойын комитет төрағасы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу