Араб әмірліктері мен Мальдив аралдарына бармауға болады

Каспий теңізінің жағасына курорттық аймақ салынады.

21 Ақпан 2018 16:49 Автор: Ясмин Алматқызы
Араб әмірліктері мен Мальдив аралдарына бармауға болады,  Атырау облысы , Каспий, туризм, курорттық аймақ

Атырау облысында орналасқан жер шарындағы ең үлкен көл Каспийдің  өңірімізге тиесілі жері туризм бағытында дамымаған. Теңізге шығатын жалғыз жол Зинеден, бұрынғы Забурын ауылы арқылы өтеді. Халық арасында Каспий теңізінің ақжал толқындарының ар жағынан сұлу көрінетін осы құрлықты көріп, қатты қызығады да, жер атауы да соған сәйкес «За бурьями» сөзінен шыққан деген жорамал бар. Зинеден ауылына қарасты аймақтың климаты Араб әмірліктерінің табиғатына ұқсас. Сондықтан саффари құмдарына тең келер топырақ осы жерден де табылады. Зинеден ауылдық округінің әкімі Аслан Ғұбашев: «Бұл жердің табиғатын курорттық аймақ ретінде дамытуға болады. Туристердің орталығына айналған Мальдив аралдарына тән ерекшелік бізге де таныс», – деді.

Алдағы уақытта Атырау облысы, Исатай ауданында, Каспий теңізінің жағалауында 500 орындық оқу-сауықтыру лагерінің құрылысы қолға алынады.  Мұндай деңгейдегі нысан облыста алғаш рет салынғалы отыр. Жоба нобайына қарап-ақ оның көлемін бағалауға болады. Лагерь аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Әкімшілік аймақта қызметкерлер жатақханасы, әкімшілік ғимарат, медициналық бөлімше орналасады. Аумақта  балалар орталығы,  кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен балалар шығармашылығына арналған бірнеше үйірмелер болады. Мұнда балалар жас натуралистер стансасында жаттыға алады. Спорт аймағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты, үстел теннисі алаңы, скалодром алаңы, әртүрлі көше жаттығу құрылғылары, бадминтон, воркаут алаңдары болады. Жағажай құбылмалы тереңдіктегі ашық бассейнмен, саябақ, ролледром, скейтдроммен жабдықталады. Велосипедпен серуендеп, таңертең жүгіргісі келетіндер үшін  жүгіретін жол мен екі жолақты велосипед жолы қарастырылған.

Лагерді көгалдандыру жұмыстары тұзды топырақ жағдайында өсіруге жарамды ағаш-бұталы көшеттер  мен арнайы ағаш кеспектер отырғызу әдісімен жүргізіледі.

Лагерь құрылысы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. Құрылыс 2018 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

«Лагерь құрылысы, аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны секілді жаңа демалыс орындарын ашуға, ал тұрғындарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толыққанды демалуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Ноғаев.  Осы лагерь құрылысы Атырау облысы халқына Каспий теңізінің жағалауына өркениетті түрде шығуға жол ашады. 

«Бізге саяхатшыларды бір жерге апару қызықты емес, біздің жұмысыз қарапайым тұрғынның қолы жете бермейтін саяхаттарды, өздері өз бетімен бара алмайтын турларды ұйымдастыру», – деді бізге туристік компания өкілі Роза Бекенова.

Оның сөзінше, «Экскурсия жетекшілерімен, гидтермен болған танымдық саяхаттар сұраныста. Біз сияқты турларды жоспарлайтын туристік компаниялар аз. Онымен айналысуға да құлықсыз. Өйткені бұл жұмыс өте қиын. Сауатты мамандар керек, тарихи орындарға баратын маршрутты білу керек. Бір турды ұйымдастыруға 2 ай уақыт кетеді.

«Біз «Ақ жайық» резерватымен бірлесе отырып, тұрғындарға турлар ұйымдастырамыз. Жайық бойы арқылы Каспийге өтіп, ондағы бай флора мен фаунамызды көрсетеміз. Біздің баға жетпес байлығымыз – «Ақтөбе Лаэти» қалашығының орны. Алтын Орда дәуірінен қалған құнды жәдігер. Ал ол тек бір ғана тақтайшамен көрсетіліп, маң далада ескерусіз жатыр. Егер аспан астындағы музей жасалса,онда бұл жер туристердің орталығына айналар еді. Тарихи нысандарға баратын жол жоқ, адасып кетуге болады. Мысалы Ақмешітке апарар жолдың сиқы адам көргісіз. Ол жақта байланыс та жоқ. Туристерді тамақтандыру да мүмкін емес. Сондықтан мұндай жұмыспен айналысуға турагенттіктер  ниет танытпайды, туристердің де қызығушылығы болмайды. Тағы бір өзекті мәселе - гид-мамандар жоқтың қасы», – деді ол.

Ал өлкетанушы Амангелді Шамғоновтың пікірінше, облыс бойынша әзірге тек қана екі туристік нысан жұмыс істейді. Олар – Махамбет ауданындағы «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені және Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» демалыс базасы. Одан бөлек Жылыой ауданындағы «Қамыскөл», Индердегі тұзды көл, Еркінқала ауылы жанындағы «Жасыл арал», Каспий теңізінің жағалауы, Махамбет батыр мен Мұрат Мөңкеұлының кесенелері, күйші Құрманғазы дүниеге келген Сағырбай қыстауының маңы, Құрманғазы ауданындағы «Бесшоқының үңгірі», Ақкерегешін, Ақтолағай үстірттері, Иманқара тауы бар.

Жалпы, халықаралық сарапшылардың пікірінше, туризмнен түсетін табыс кейбір пайдалы қазбалар әкелетін кірістен бір мысқалға да кем емес. Мысалы әлемдегі кірістің - 11, экспорттың - 6, инвестицияның - 7%-ын туризм саласы құрайды. Дүниежүзіндегі әр 16-шы жұмыс орны туризмге тиесілі. Туризмі дамыған елдер жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнының ашылуына және сыртқы сауда балансын арттыруға ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты 7 бизнестің бірі деп танылған.

Ясмин Алматқызы