Әрбір үшінші автобус заң бұзып жүр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3145

Жолаушылар тасымалдайтын қалааралық 20 мың автобус техникалық тексерістен өтпеген.

Әрбір үшінші автобус заң бұзып жүр

Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда қалааралық бағыттар бойынша жолаушы тасымалдайтын 62 мың автобус бар. Өкінішке қарай, аталған автобустардың 20 мыңы міндетті техникалық тексерістен өтпеген. Демек, еліміздегі әрбір үшінші автобус заң бұзып жүр деген сөз. Бұл туралы Бас прокуратураның жолаушылар тасымалы саласына жүргізген үш айлық тексерісінің нәтижесінде белгілі болған.

Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутованың айтуынша, тексерудің қорытындысы бойынша 2,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, төтенше жағдай кезіндегі апаттық люкты ашатын құралдардың болмауы, автобустарды қайта жабдықтау, тахографты қолданбау, жолаушыларды техникалық және медициналық бақылаусыз тасымалдау, тиісті санатсыз көлікті басқару секілді заң бұзушылықтар жиі орын алады екен.

"Прокурорлық тексеріс барысында қайта жабдықталған 94 автобус анықталды. Мәселен, Атыраудағы "Мұнай Жігер Сервис" ЖШС-не тиесілі автобусты жылыту үшін бензинмен жұмыс істейтін қолдан жасалған құрылғы пайдаланылған. Талдықорғанда балаларды тасымалдаған көлік іші дәнекерлеуші шаммен жылытылған. Тексеріс кезінде көлік құралын басқару құқығынан айырылған 17 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар, техникалық тексерістің жалған карталарын пайдалану бойынша 125 факті тіркелді. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 116 факті, Қызылорда облысында 9 факті анықталып отыр. Барлық факті бойынша ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Техникалық тұрғыдан жарамсыз автобустар рейстен алынды. Прокуратура рейске медициналық тексеріссіз 62 рет, теxникалық тексерусіз 90 рет шығу фактісін анықтады", – деді Оксана Лоскутова.

Ресми өкілдің сөзінше, рұқсат құжаттары жоқ заңсыз тасымалдаушылар адам өміріне қауіп-қатер туғызады. Арнайы тексерістің нәтижесінде рұқсат құжаты жоқ дәл осындай 139 тасымалдаушының жұмысы тоқтатылған.

"Заңсыз тасымалдаушылардың жүргізушілері медициналық куәландырудан өткізілмейді. Сондай-ақ, көліктерінің қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі күнделікті тексерілмейді. 2016 жылдан бастап бүгінге дейін заңсыз тасымалдаушылардың қатысуымен шамамен 600 жол-көлік оқиғасы орын алды. Лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін олардың жұмысы тоқтатылып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді Оксана Лоскутова.

Оның айтуынша, саладағы барлық заң бұзушылық тасымалдаушылардың жауапсыздығын ғана емес, уәкілетті органдар, нақты айтқанда ішкі істер министрлігінің, көлік комитетінің және жергілікті әкімдіктердің жұмысты тиісті дәрежеде жүргізбейтіндігін көрсетіп отыр.

"Тексеру қорытындысына сәйкес, прокуратура органдары прокурорлық қадағалаудың 85 актісін енгізді. 2 361 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 36 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ, 52 тасымалдаушы рұқсат қағаздарынан айырылды. 100 лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл ретте, Бас прокурор үкіметке құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізді", – деді Бас прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау қызметінің бастығы Азамат Дүйсембеков.

Оксана Лоскутованың айтуынша, автопарктер жол қозғалысы тәртібін бұзып, жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарды жұмыс алуын доғарар емес. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Әбди-Ернұр" ЖШС осыдан екі жыл бұрын көлікті мас күйінде жүргізгені үшін 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған Б.Құнаровты жұмысқа алған. Сондай-ақ, дәл осы облыстағы "Асыл" ЖШС-інде Е.Ешенқұлов деген азамат жұмыс істеп келген. Ол былтыр бір жыл мерзімге көлік жүргізуден шеттетілген болатын.

"Бұдан бөлек, көптеген кәсіпорында жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер жұмыс істейді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы "Қазақстан елім" ЖШС-де әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар жұмыс істейді. Мәселен, аталған фирмада Қожабергенов, Маxметов, Түгелбаев және Мәмбетбаев деген жүргізушілер бар. Қожабергенов 15 рет, Маxметов пен Түгелбаев 6 рет, Мәмбетбаев 4 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған", – деді Оксана Лоскутова.

Деректерге сүйенсек, жолаушылар тасымалдайтын қалааралық автобустардың қатысуымен жыл сайын орташа есеппен 120 жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Салдарынан шамамен 70 адам мерт болып, 370 адам түрлі дене жарақатын алады.

Қазақстанда елді-мекендерді тұрақты автобус қатынасымен қамту 85%-ды құрап отыр. Елімізде 800-ден астам тасымалдаушы тіркелген. 34 сапаржай, 138 автобекет және 109 жолаушыларға қызмет көрсету орны жұмыс істейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу