Армандарға қанат болған алып шарлар

Шымкентте «Ашық аспан»  халықаралық фестивалі өтті.

24 Наурыз 2018 20:18 Автор: Жанат Нұржауқызы
Армандарға қанат болған алып шарлар, Шымкент, фестиваль, Ашық аспан, шар

Наурыз мерекесіне орай Шымкент қаласында алғаш рет әуе шарларының фестивалі өтіп жатыр. Халықаралық іс-шараға Өзбекстан, Түркия, Ресей, Украина, Қырғызстан секілді елдердің ұшқыштары қатысуда.

 

Таңертең Шымкентте күн бұлттанып, жел соғып тұрды. Сондықтан әуе шарларын ұшыру сәті бір-екі сағат кешігіп басталды. Әуелі Украинадан келген ұшқыш-нұсқаушы Сергей Скалько аспанға көтерілудің ережесін түсіндіріп, шеберлік сабағын өткізді.

«Өйткені, желдің екпіні шарды ұшырып әкетуі мүмкін» дейді Сергей.

Ақыры жел басылып, жан-жақтан шарлар үрлене бастады. Шарды жерге көлденең жатқызылған күйі үрлейді екен.

Фестивальге халық көп жиналды. Іс-шарада бас-аяғы 12 шар үрленді. Халық өздері ұнатқан шардың жанына барып, кезекке тұрды.

Әуеде 5 минут қалықтап тұрғаның үшін адам басына 1000 теңгеден төлейсің. Билеттер әр әуе шарының жанында бөлек сатылады.

Юксель Еркін – Түркиядан келген ұшқыш. 12 жылдан бері әуе шарын ұшырумен айналысады. Бұл мамандықты оқытатын арнайы оқу орны бар дейді ол. Түркияның Каппадокия қаласы әуе шарларын ұшыруға жетік маманданып, туризмнің бір бөлшегіне айналдырғаны белгілі. «Әуе шарымен ұшыру қызметіне әр адамнан 150 еуро аламын» дейді Юксель.

Ал Ресейдің Кунгур қаласынан келген ұшқыштар өздерінде мұндай фестиваль жыл сайын өткізілетінін айтады. Кунгурдағы «Аспан жәрмеңкесі» деп аталатын іс-шара бір аптаға созылады, ол кезде аспан әуе шарларына толып, ұшқыштар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа нәрселер үйреніп қайтады екен. «Алғаш рет өткізіліп отырғандықтан кешірімді ғой, бірақ байқауды бір күн емес, апта бойы өткізген дұрыс» дейді олар.

Фестиваль кезінде аниматорлар, цирк әртістері өнер көрсетіп, жиналған көпшіліктің көңіл-күйін көтеріп жүрді.

Шымкентке әуе шарының келгеніне 2 жылдан енді асты. «Аэронұр» деп аталатын компания аспанға ұшқысы келген әр адамнан 30 000 теңге төлемақы алады. Сондықтан мұндай фестиваль – арманыңды арзанырақ бағада орындауға жақсы мүмкіндік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ашық аспан» фестивалі жыл сайын ұйымдастырылып, тұрақты дәстүрге айналмақ.

Жанат Нұржауқызы