Армения мен Қазақстан арасындағы байланыс көңіл көншітпейді

Тигран Оганесян Тигран Оганесян
9109

Армения мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстардың деңгейі екі тарапты да қанағаттандырмайды. Мұндай пікірді Арменияның экономикалық даму және инвестициялар министрінің орынбасары Оганес Азизян білдірді.

Армения мен Қазақстан арасындағы байланыс көңіл көншітпейді

- Оганес мырза, бүгінгі күні бір Еуразиялық экономикалық одаққа кірген Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас деңгейіне сіздің көңіліңіз тола ма?

- Бүгінгі күні екі ел арасында орнаған экономикалық қарым-қатынас деңгейіне көңілім тола қоймайды, бірақ, оларды дамытуға жақсы мүмкіндік бар. Меніңше, ол екі тарапты да қанағаттандырмайды. Біз әлемдік нарықтың тауарларымен бәсекеге түсе алатындай сыртқы нарыққа тауар шығару үшін кооперациялық байланыс құруды ескеруіміз шарт. Екі елдің бір одаққа кіруі өзара қызметті дамытуға үлкен мүмкіндік тудырады және бүгінгі нәтижелер мен 2016 жылы орын алған жағымды тенденциялар келесі жылдары да өз жалғасуы тиіс. Біз екі ел арасындағы тауар айналымының бірнеше есеге ұлғаюын күтеміз.

- Мұндай жандану қашан күтіліп отыр?

- Биылғы жылдың өзінде ілгерілеу бар. Мен биылғы жылдың нәтижелеріне тоқталып кетейін: Армения мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың қаңтар-қазан айларында 55,4 пайызға өсті (2062,3 мың АҚШ доллары). Сондай-ақ, экспорттың 51,9 пайызға (1808,4 мың АҚШ доллары), импорттың 77,7 пайызға (2931,3 мың АҚШ доллары) өскені байқалады. Бұл көрсеткіштерге жету, әлбетте, екі елдің ЕАЭО-ға мүшелігінің арқасында, бұл көптеген кедергіні алып тастауға мүмкіндік берді. Егер 2015 жылы екі ел арасындағы қарым-қатынаста енжарлық байқалса, ендігі кезекте жандану сезіледі. Бұл алдымен екі мемлекеттің іскер адамдарының психологиясындағы өзгерістермен байланысты, тараптар бір экономикалық кеңістікте – Еуразиялық экономикалық одақта екенін түсінеді. Екі елдің бизнес қауымы осы ақпаратты түсініп, түйсінуге уақыт керек. Тауарларға салынатын екі жақты салықтың алынуы да әжептеуір рөл атқарды. Бір одаққа бірігу, бизнес-алаңдар аясында өзара қарым-қатынас екі ел байланыстарын дамытуға қосымша күш салды, себебі, кәсіпкерлер арасында кездесулер өткізіліп жатыр, олар бір-бірімен ақпарат алмасады, бұл жаңа сауда қатынастарының пайда болуына жәрдемдеседі. Кедергілерді алып тастау туралы айтқанда, мен, ең алдымен, психологиялық кедергілер жайлы айтқан болатынмын.

- Армения мен Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігін және 6 қазанда Астанада өткен сауда экономикалық қарым-қатынас бойынша Қазақстан-армян үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысының өткізілуін ескерсек екі ел арасындағы байланыстың жандануы қандай бағытта дамиды?

- Ең алдымен, армян өнімдерін атап айтсақ, қазақ нарығына тас, аяқ киім, зергерлік бұйымдар және дәрі-дәрмек өнімдерін ұсынуды кеңейту мүмкіндігі туралы Қазақстан тарапынан келісімге қол жеткізілді. Осы мақсатта біз желтоқсанның соңына дейін Қазақстан тарапына экспортқа шығаруға болатын армян компаниялары мен олардың өнімдерінің тізілімін ұсынбақпыз. Қазақстан тарапы өз кезегінде жоғарыда аталған өнімдерге қызығушылық танытып отырған немесе болашақ сатып алушы бола алатын компаниялардың тізімін бізге ұсынады. Екі тарап та өзара тиімді шарттармен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласында қарым-қатынасты жандандыруға мүдделі. Отырыс барысында Армения Республикасында Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігімен және GSP мен GSP+ сауда тәртіптерімен байланысты туындаған экономикалық мүмкіндіктер жайлы айтып берді. Бұл мүмкіндіктерді іске асыру екі жақты экономикалық байланысты, тауар айналымы, экспорт және импорт көлемін кеңейтуге жол ашады.

Одан бөлек, Армения даму агенттігі мен "Kаznex Invest" экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі" АҚ арасында мемлекеттік және жекеменшік топтардың қатысуымен көрме, дөңгелек үстел, жәрмеңкелер өткізу туралы келісімге келді. Біз Арменияның еркін экономикалық кеңістігіне резидент ретінде электроника, инженерия, фармацевтика және биотехнология, ақпараттық технологиялар, баламалы энергетика, өндірістік дизайн және телекоммуникация бойынша жоғары және инновациялық технологиялар (технологиялық қондырғыларды, мәлімет\ақпаратты жолдауға арналған жүйелер мен материалдарды әзірлеу және өндіру) саласында жұмыс істейтін Қазақстанның қызығушылық танытқан компанияларын тартуды ұсындық. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметін мемлекеттік реттеу мен шағын және орта бизнеске қолдау көрсету саласында тәжірибе алмасуға қызығушылығымыз бар. Туризм, мәдениет, көлік, қала құрылысы, қоршаған орта саласында да бірқатар келісімге қол жеткізілді.

- Астанада өтетін EXPO-2017 ірі халықаралық көрмесіне Армения қатыса ма және ол өзін қай жағынан көрсетеді?

- Қазіргі кезде Арменияның бұл көрмеге қатысуы, ұлттық секция комиссарын тағайындау және қатысу туралы шартқа қол қою мәселелері үкіметте талқыланып жатыр. Қазақстан жағымАрменияға EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысу үшін қаржылық көмек көрсетуге қатысты алдын-ала келісімге келді.

- Армения мен Қазақстан арасында тығыз экономикалық қарым-қатынас орнату үшін көлік қатынасының болмауы кедергі келтіретіні белгілі. Қазіргі кезде Армения екі ел арасындағы көлік қатынасының қандай тиімді схемаларын қарастырып отыр?

- Жоғарғы Ларс арқылы жолдың өткізу жүйесі бойынша бірқатар техникалық мәселе бар, себебі, оның мүмкіндіктері шектеулі. Бірақ, бұл жол Қазақстан бағытындағы қосымша дәлізге айналуы мүмкін. Сауда экономикалық қарым-қатынас бойынша Қазақстан-армян үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысында екі тарап та Армения-Иран-Түркіменстан бағытындағы теміржол қатынасын одан әрі Қазақстан теміржол торабын қосу жөніндегі жобаның болашағы бар деп шешті. Алайда, бұл – күрделі мәселе. Ең алдымен, біз өзіміздің темір жолымыздың ішіндегі кедергілерді жоюымыз керек. Мегри мен Ереван арасындағы байланысты қайта жандандыру керек, ол инвестициялық бағдарламаларда бар, бірақ, бұл мәселені аз ғана уақытта шешу қиын болады. Екінші нұсқа – ұзындығы 36 километрге созылатын Армения мен Иран арасындағы теміржол торабының ара қашықтығы, бұл Арменияны Иранның жалпы теміржол торабымен байланыстурыға мүмкіндік береді. Бұл да – Армения мен Қазақстан арасындағы көлік қатынасын жақсартуға септігін тигізетін жанама нұсқа. Қазір Армения тауар айнылымын Жоғарғы Ларс, Ресей арқылы автокөлік жолымен іске асыруда. Поти және Ресей порттары арқылы сауда жасауға болады, бірақ бұл автокөлік қатынасына қарағанда қымбатқа түседі.

- Екі елдің ЕАЭО-ға мүшелігін ескерсек, экономиканы дамытуға және салық, кедендік қатынастарды жақсартуға септігін тигізетіндей Армения тауарларының Қазақстан нарығына шығуға мүмкіндігі бар деп ойлайсыз ба?

- Шынымен, зергерлік, дәрі-дәрмек салаларында, сондай-ақ жеңіл /аяқ киім/ өнеркәсіптің болашағы бар. ЕАЭО аясында бірқатар мәселе төңірегінде, дәлірек айтсақ, зергерлік салада сынама таңбаларын екі жақта бірдей тану, компаниялардың көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу рәсімдерін жеңілдету жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.

- Туризм саласындағы қарым-қатынасты жандандыру үшін Арменияның экономикалық даму және инвестициялар министрлігі қандай қадам жасамақшы?

- Туризм саласында Армения тарабы Қазақстанға Арменияда туристік орталық – Джермука қаласында әлеуметтік және емдеу-сауықтыру туризмін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол туристік орталық ретінде жыл бойы жұмыс істейді және әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Оны мәдени, сауықтыру және қысқы туризм орталығы ретінде де, халықаралық шахмат турнирлерін ұйымдастыруға арналған қала ретінде де пайдалануға болады. Сондай-ақ, біз "Ұлы жібек жолы" бағдарламасын іске асыру аясында кешенді тур ұйымдастыруды жан-жақты талқылауды ұсындық

- Армения Қазақстанға қандай тауарлар әкеледі және 2015 жылы Армениядан Қазақстанға жеткізілетін экспорттың 30,1%-ға қысқаруы немен байланысты? Қазіргі кезде Қазақстаннан Арменияға не сатылады және Қазақстаннан жеткізілетін импорттың артуына мүмкіндік бар ма?

- Армения статистикалық қызметінің мәліметтеріне сәйкес, 2015 жылы Армения мен Қазақстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 5.1 млн долларға жетті, 2014 жылғы көрсеткіштен 31.4.0%-ға азайды. Ал Армениядан Қазақстанға 4.9 млн доллардың тауары экспортталды, 30.1%-ға азайды.

Біздің елден Қазақстанға, негізінен, зергерлік бұйымдар, спирттік сусындар, дәлірек айтсақ, шарап, дәрі-дәрмек және жеміс шырындары, минералды және газдалған сусындар экспортталады.

Қазақстаннан Арменияға импортталатын тауарлар 2014-2015 жылдары едәуір өзгерді. Тауарлар қатарына көшірме қағаздар, табаны резеңкеден жасалған, табиғи және қоспалы теріден жасалған аяқ киім, шашқа арналған құралдар, опа-далап және т.б. кіреді.

Соңғы жылы тауар айланалымындағы құлдырау, әрине, екі ел экономикасындағы дағдарыстың әсерімен байланысты. 2014 жылдан бастап Ресей рублі бағамының АҚШ долларына қатысты төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауар жеткізу шектеуі секілді факторлар да елеулі әсер ете бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу