banner

Әсіре эмоция байыпты бітімге кесірін тигізбеуі керек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3032

Қазақ елі бітім жолын жалғастырады

Әсіре эмоция байыпты бітімге кесірін тигізбеуі керек

Сарапшылар мамырда Астана процесінің кезекті кездесуі өтпей қалуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеп жатыр.

7 сәуір күні, жергілікті уақытпен шамамен таңғы төртте АҚШ әскери-теңіз күштерінің екі эсминец-кемесі қанатты зымырандармен Сирияның Хомс провинциясындағы Шайрат әуебазасына соққы берді.

Жойқын соққы "Tomahawk Land Attack Missile" (TLAM) үлгісіндегі орташа қашықтықта және шағын биіктікте ұшатын зымырандармен жасалған. Бұл – 4 сәуірдегі "Идлиб провинциясындағы қырғынға Американың жауабы" ретінде жарияланды. Осының алдында Идлибте химиялық қару қолдану кесірінен жүзге жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан. Кейбір деректер бойынша "Идлибтағы Хан-Шейхун қаласына химиялық қарумен соққы жасаған ұшақтар дәл осы әуе базасынан көтерілген". Тиісінше Сирия оппозициясы мен АҚШ және басқа да елдер бұл қылмысты бірден ресми Дамаскке таңды: дәл сол кезде аталған аумақты сириялық ұшақтар әуеден бомбалағаны мәлім. Ал Ресей тарапы бұл айыпты жоққа шығарып, Асад режимін қорғаштауда. РФ президенті Владимир Путин бұл әрекетті "тәуелсіз мемлекетке қарсы агрессия" деп бағалады. РФ ақпарат құралдарының таратуынша, бомбалардың бірі химиялық қару сақталған қойманы жаруы мүмкін.

АҚШ соққысына жауап ретінде Ресей Америкамен арада бұған дейін қол жеткізген Сириядағы ұшулар қауіпсіздігі туралы меморандумның күшін тоқтатты. Бұл туралы РФ сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған (сайтында орналастырылған).

Америкалық, ресейлік сарапшылар осыдан кейін АҚШ-РФ қатынастарының "қырғи-қабақ соғыс" (суық соғыс) тұсындағыдай күрделенгенін жаза бастады. Мәселен, АҚШ-тың біріккен ұлттық соғысқа қарсы коалициясы (UNAC) ұйымы бұл соққы "апатты эскалация" қаупін ушықтырғанын және "ядролық соғыс" қатерін төндіретінін мәлімдеді.

Дегенмен бұл жерде бір жайтты ескермей кетуге болмайды: соққы бермес бұрын, Америка тарапы Ресейді зымырандармен дәл сол әуебазасына соққы жасайтынын ескерткен. Нәтижесінде әуежайдан ресейлік мамандар әкетілген. Сириялық әскер қатарында адам шығыны болды.

Ресейдің іш тарта шошынатын жөні бар. Осының алдында солтүстік көршіміз Сирияның дәл сол ауданында өзі аса мақтан тұтатын С-300В және С-400 ең жаңа "әуе соққысына қарсы қорғаныс жүйесін" құрған болатын. Пентагонның дерегінше, барлығы 59 зымыран жіберілген. Ресей тарапы соның 23 зымыраны нысаналарға дөп тиіп жарылғанын растады. Қалған зымырандар мерзімінің өткендігіне және басқа да ақауларына байланысты іске қосылмаған. Ал ресейлік әуе қорғанысы жүйелері зымырандардың жолын бөгей  алмаған.

Хомс губернаторы жеті адамның қаза тапқанын хабарлады: бесеуі – әскери, екеуі әуебаза қасындағы қоныс тұрғындары.

РФ қорғаныс министрлігінің мәліметінше, екі сириялық әскери хабар-ошарсыз жоғалған, төртеуі мерт болған және алтауын өрт сөндіру кезінде күйік шалған. Сондай-ақ соққы салдарынан материалдық-техникалық мүліктер қоймасы, оқу корпусы, асхана, алты МиГ-23 ұшақтары және радиолокациялық станса, сегіз ангар барлық техникасымен жойылған. Әуетехникаларының бір бөлігіне – бес жойғыш ұшаққа, соның сыртында ұшу-қону жолағына сонша зардап келмепті.

Батыс өз байламында біртұтас болып тұр. Америкалық соққыдан кейін еуропалық лидерлер – Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд болған оқиғаға Башар Асадты кінәлады, олардың ойынша "оқиғаның бұлай өрбуіне Асад жалғыз өзі жауапты".

Түркияның вице-премьері Нуман Куртулмуш АҚШ-тың Сирия әуебазасына соққысына оң баға берді және әлемдік қоғамдастықты "Асадтың варварлық режиміне" қарсы топтасуға шақырды. АҚШ әрекетіне Израиль, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Жапония және басқа да сөзі өтімді, жетекші мемлекеттер қолдауларын білдірді.

Қытай мен Индонезия күш қолдануды жұмсақ түрде сынаған. Тек Иран ғана америкалық соққыны айыптады.

Тараптардың тағы да екіге жарылғанын аңғарып, шетелдік сарапшылар "Астана процесінің" тоқтап қалуы ықтималдығын айта бастаған. Осыған байланысты abctv порталы әр тараптың пікір-ұстанымдарын біліп, сарапшылардың бұл турасындағы байламдарына ден қойды.

Сирия Араб республикасындағы ахуалға қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады:

"Қазақстан республикасының сыртқы істер министрлігі Сириядағы шиеленістің өршуіне орай аса алаңдаушылығын білдіреді. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез-келген қолдануын аморальды, адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз! Қақтығыстың одан әрі өршуі және тараптар ұстанымдарының қатаңдануы халықаралық қоғамдастықтың террористік қауіпке қарсы күрес бойынша бұрын қол жеткізген барлық, оның ішінде Женева және Астана процестері шеңберіндегі уағдаластықтарға қауіп төндіреді және Сирия жерінде барлығын қамтитын бейбітшілік пен келісімге жету перспективасын алыстатады" делінген құжатта.

Қазақстан "Сирия араб республикасының үкіметі мен қарулы оппозициялық топтар арасында 2016 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген соғыс әрекеттерін доғару режимін сақтаудың және нығайтудың маңыздылығын" атап өтті.

"Астана процесінің кепілдік беруші елдерін шиеленістің одан әрі өршуінің алдын алу үшін өздерінің бар күш-жігерлерін жұмсауға шақырамыз. Қазақстан сирияаралық қақтығысты тек бейбіт жолмен, диалог және татуласу арқылы шешу мүмкін деген ұстанымына берік және барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Астана процесі шеңберінде Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында татуласуды сақтау бойынша тікелей келіссөздерді жалғастыруға шақырады", - деп ресми Астана әлемге бітімге шақырған үнін таратты.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Астана процесінің" алдағы мамыр айына жоспарланған кезекті кездесуі кейінге шегерілмегенін, сондықтан еліміз оны өткізу үшін ұйымдастыру және дайындық жұмыстарын жалғастырып жатқанын растады.   

Америкалық зымыран соққысына жауап ретінде ресми Дамаскі "жойылды" деген Шайрат әуебазасынан демонстративті түрде әскери ұшақтарды ұшыра бастады.

Сонымен бірге Сирия ресми билігі Женева мен Астанадағы бейбіт келіссөздерді жалғастыруға әзірлігін мәлімдеді. Бұл мәлімдемені Сирия араб республикасының Үндістандағы елшісі Рияд Аббас жасады.

"Біз Сириядағы терроризммен күресті бұрынғыдан да белсендірек етіп, ел аумағын олардан босатуға ұмтылумен жауап береміз – деді Аббас Сириядағы әуебазасына АҚШ-тың соққы беруіне арналған баспасөз конференциясында. – Женева мен Астанадағы сириялық дағдарысты реттеу бойынша келіссөздерге Дамаск елге бейбітшілік әкелу үшін қатысуда. Біз  бейбітшілікке қол жеткізу үшін Женеваға да, Астанаға да баруға дайынбыз, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір жағдай күрделі: не бейбітшілік, не соғыс. Олардың арасында басқа таңдау жоқ, – деді елші.

РФ Қазіргі заманғы Түркияны зерттеу орталығының саяси бағыттар басшысы, белгілі түрколог Юрий Мавашев Астана келіссөздерін кепілдендіруші үш елдің бірінің (Ресей, Иран, Түркия) америкалық соққыны жақтап шығуы бұл келіссөздерге еш тоқтау жасай алмайтынын айтады.

"Түркия АҚШ-тың бұл әрекетін қолдамай тұра алмайды. Себебі, ол сүнниттер тұратын Идлибті қолдауы керек. Түркия Сириядағы сүннит тұрғындарға сүйеніп келеді. Бірақ бұл қолдау Асадпен дәстүрлі жаулық көзқарастан және соны қарастыратын саяси қалыптан аспайды. Оның үстіне АҚШ жалғыз ғана шабуыл, яғни бір ғана "жазалаушы акция" ұйымдастырды, оны өрістетпеді, сонымен бірге соққы жасайтынын алдын ала Ресейге хабарлаған. Ресей демек, өшіге алмайды. Астанада бұған дейін қол жеткен келісімдерге келсек, бір шабуылға қарап, қандай да бір байлам жасауға болмайды. Өйткені уағдаластықтар оңайшылықпен келмейді. Ал "Астана процесі" жалпы бітімге бағытталған. Ресей де, АҚШ та Сириядағы соғысты аяқтау қажеттігін түсініп отыр" дейді түрколог.

Тұңғыш Президент Қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат бойынша жобалар үйлестірушісі Асқар Нұрша Астана кездесулері жалғасады деген ойда.

"АҚШ-тың Сириядағы әуе база бойынша жасаған соққысы Вашингтондағы жаңа әкімшіліктің жалпы Таяу Шығыстағы геосаяси процестердегі, оның ішінде Сирия қақтығысындағы белсенді рөлін сақтап қалғысы келетіндігінен хабар береді. Өз кезегінде, ракеталық соққылар Сириядағы қақтығысты реттеу үдерісіне кері әсерлерін тигізуі мүмкін. Бұл ретте АҚШ билігінің Сириядағы келесі іс-қимылдары қандай болатынын ескеру қажет. Бұл соққылар күресуші тараптар арасындағы бүгінгі күні қалыптасқан күштер ара-қатынасын күрт өзгертті деуге болмайды. Дегенмен, егер АҚШ әскери акциясынан соң сириялық оппозицияны қолдау бойынша белсенді әрекеттер жасалса, орта мерзімді перспективада жағдай біршама өзгеруі ықтимал", - деді ол.

Асқар Нұрша бұл жағдайды институтта мұқият сараптағандарын айтады.

"Химиялық қаруды қолдану Дамаск пен оппозиция арасындағы қайшылықтарды шиеленістіріп, жалпы келіссөздер процесіне кедергі жасайтыны түсінікті. Сирия төңірегіндегі соңғы өзгерістер тағы бір мәрте қақтығыс тараптары арасындағы саяси келіссөздерді нығайту маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл ретте Астанадағы келіссөздер өмірлік маңыздылыққа ие", -  деп түйді сарапшы.

"Астана процесінің" кезекті төртінші кездесуі 3-4 мамырға жоспарланып отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу