Астана «жаһандық шаһарға» айналады

Астана тек Қазақстанның елордасы ғана емес, сондай-ақ әлемге ортақ «жаһандық шаһар» ретінде дамытылатын болды.

06 Шілде 2018 13:08 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Астана «жаһандық шаһарға» айналады, Астана, 20 жылдығы, инновация, жаһандық қалалар, әкім уәдесі
Фото: liter.kz

Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді.

Оның байламынша, тұтастай алғанда, әлемде қазір экономикалық билік мемлекеттерден кетіп, жекелеген қалалардың қолында шоғырлануда. Қала басшысы әртүрлі зерттеулердің нәтижелеріне және дүниежүзіндегі ғаламат урбанизациялық үрдіс-трендтерге сілтеме жасай отырып, «мегаполистер билік құратын заман» келе жатқанын болжайды.  

«Көптеген ғалымдар мен мамандардың, соның ішінде, мәселен, швед ғалымы Киел Нордстремнің пайымдауынша, елу жылдан кейін ғаламшардағы 218 елдің орнына 600 қала ғана болады. Қалалар – адамзаттың болашағы. Жаһандық қалалар желісі жаңа әлемнің экономикалық және саяси ұстын-каркасына айналады. Ірі қалалар экономика өсімінің драйвері қызметін атқаратын болады. Мысалға, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының шамамен 70%-ы қалаларда тұрады деп күтілуде», – дейді Әсет Исекешев.

Тарих қайталанып отырады ғой. Мұндай жағдай ежелгі дәуірлерде де болған. Отырар, Шам, Бағдад, Вавилон, Македония, Афины, Александрия және басқа да шаһарлар тұтас «полиске» айналып, жеке мемлекеттей өз заңдарымен өмір сүрген, жеке қорғанған, өркениеттің дара ошағы, жаһандық мәдениет пен саясат орталығы болған.

Аристотельдің өзі осындай ірі полистік шаһарының болмауын қандай да бір халықтың «жабайы-варварлығын» және рухани артта қалуының нышаны ретінде қарастырған.

Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында тек бір қала емес, тұтас мемлекет пен қоғамға қатысты ойлары мен даналықтарын жазып қалдырған.

Болашақта Астана жоғары технологиялы адамзат әлемінің осындай полистік қаласына айналуы ғажап емес және қала басшылығы енді осыны нысанаға алып, қаланы дамыту жоспарларын түзетін болды. Атап айтқанда, әкімдік елорданың жаңа тұрпатты «Мастер-жоспарын» әзірлеуде. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін Астана қаласы дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясы да әзірленуге тиіс.

«Әлемдік үрдістерден сырт қалып қоймас үшін біз өз қаламызда өмірдің жоғарғы сапасын қамтамасыз етуге тиіспіз. Адамдар дәл біздің қалада жұмыс жасауды қалауы үшін жан салу керек. Ол үшін мұнда бизнес жүргізу жеңіл әрі пайдалы, өмір сүру қолайлы әрі қауіпсіз болғаны жөн. Біз бүкіл әлемде осындай қалалардың қалай қалыптасып жатқанын білеміз. Оларды «мегақалалар», «жаһандық қалалар», «Greenfield cities», «new global cities» деп әзірге әртүрлі атайды. Бірақ дәл осы қалалар тек өз елдерінің ғана емес, тұтас макроаймақтар үшін ұстын-өзек пен тартылыс орталығына айналуда. Мәселен, Таяу Шығыс үшін Дубай, Оңтүстік-Шығыс Азия үшін Сингапур осындай рөл атқаруда. Бұл қалалар инновацияның, денсаулық сақтаудың, білім берудің, сауданың, туризмнің орталығы. Сәулетте де, стандарттарда да, экономикада да, саясатта да сән мен салтты солар белгілейді», – дейді Астана әкімі Әсет Исекешев.

Елорда осы қатарға қосылуы үшін бес бағытқа мән берілмек. Атап айтқанда, бұған «дамыған инфрақұрылымның болуы», «сапалы қалалық басқару», «жаһандық экономикаға тартылған өндірісі», «қаланың тек елден ғана емес, дүниежүзінен таланттарды тарту қабілеті», «инновацияларды үздіксіз генерациялауға мүмкіндік беретін инновациялық экожүйесінің түзілуі» жатады.   

«Біз Астананы келешекте «Еуразия орталығының және Жібек жолының жаһандық қаласына» айналдыру мақсатын қойып отырмыз! Президенттік бағдарлама бойынша Астана Еуразия үшін мәдени, іскерлік, туристік және білім беру орталығына трансформацияланады. Жаһандық қала дегеніміз – бірінші кезекте, орнықты өркендеуші, дотациялық емес, керісінше, өзін өзі толық қамтамасыз ететін, өмір сапасы жоғары, қарқынды экономикасы бар шаһар. Ол ашық, қауіпсіз, өміршең, тұрғындары үшін жайлы, экологиялық таза қала болуға тиіс. Онда қалалықтардың әрқайсысы әлеуметтік игіліктердің барлығына теңдей қол жеткізуі маңызды», – дейді қала басшысы. 

Әрине, бұл алдағы уақыттың еншісіндегі мәселелер. Ал бүгін елорда 20 жылдық даму белесін қорытындылауда.

Осы 20 жыл ішінде қала тұрғындарының саны 3 еседен астамға көбейіп, 1 миллионнан асты.

Астананың аумағы да үш есе ұлғайды.

Қала көшелеріндегі көліктер саны он есе артқан.

Тұрғызылған баспана көлемі 19 есе өсті. Жыл сайын бас қалада шамамен 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа беріліп отырады. Баспана көрсеткіші бойынша Астана БҰҰ белгілеген мақсаттарға қол жеткізіпті. Қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метр межесіне көтерілді.   

Елорданың жалпы өңірлік өнімі 5,8 триллион теңгеге немесе 17,7 миллиард долларға жетті. Сөйтіп, ол атаулы шамада 224 есеге, ал нақты шамада 5,5 есеге ұлғайды. Жалпы, еліміздегі қала мәртебесі бар 87 елді мекеннің ішінде тек Астана ғана бүкіл Қазақстанның ЖІӨ-сінің 11 пайызын бір өзі қамтамасыз етуде. 

Қос онжылдық ішінде бас қаламыздың өркендеуіне және өндірісіне 47,7 млрд долларға жуық немесе 8,3 трлн теңгедей инвестиция салынған. Өткен жылы инвестициялар көлемі рекордтық 2,9 миллиард долларға жетті. Нәтижесінде, 1997 жылмен салыстырғанда, 49 есе өскен.

Бұл соманың 600 миллиондайы – тікелей шетелдік инвестициялар. 2016 жылмен салыстырғанда, оның сомасы 3,4 есеге ұлғайды. «Қалғаны бюджеттен бағытталған салымдар шығар» деген күдік тууы мүмкін. Шынында, Әсет Исекешевтің сендіруінше, Астанаға жұмсалған барлық инвестициялардың 90%-ы бюджеттен тыс қаражаттар көрінеді. Рас, бұл «тоқсанның» ішіне қаланың өз табысы мен қарызға алған қаражаттары да кіреді. Мәселен, жаңа автобустарды кредитке алып жатқаны мәлім.   

Бір жақсысы, Астана түтіні будақтап, айналаны уға бөктіретін алып кәсіпорындарға не кенорындарына емес, шағын және орта бизнеске арқа сүйейді. Бұл сектор шығаратын өнім көлемі қазір 12,6 млрд долларды немесе 4,3 триллион теңгені құрайды.

Қаланың ЖӨӨ-сі (жалпы өңірлік өнімі) құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,4%-дан асты. Бұл жаңа экономика ұстыны ретінде ШОБ үлесін 30 пайызға жеткізе алмай жүрген Қазақстан үшін рекорд.

Бірақ бұл кейбіреулер ойлайтындай, Астанаға Целиноградтан қалған мирас емес. Салыстыру үшін айталық, 2005 жылы Астанада ШОБ-тің үлесі небары 13% ғана болатын. Содан бері кәсіпкерлер еншісі 4 есеге артты.

Елорда айналасында индустрияландыру саясатының жемістері болып табылатын әртүрлі құрастыру зауыттары да жұмыс жасайды. Бесжылдықтар аясында түзілген елордалық өнеркәсіптік сектордың өндірісі 1,7 миллион доллар немесе 550 миллиард теңге табыс құюда. 

Жаһандық қала үлгісінде даму үшін елорда басшылығы бірнеше міндеттеме алып отыр. Олардың аясында Астанада «бұқаралық спорт дамытылып, елордалықтар арасында саламатты өмір салты кең қанат жаюға», «тұрғындар үшін денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі арттырылуға», «медициналық ұйымдардың 50%-ында халықаралық стандарттар ендірілуге» тиіс.

Сондай-ақ қала әкімдігі «балабақшаларға кезекті жоюға», «мектептердің шектен тыс толуын болдырмауға және оқу сапасын арттыруға», «қолжетімді баспананы ұлғайтуға», «қала орталығы және қала шеті деп бөле-жармай, барлығын бірдей гүлдендіруге», «Астана қаласының жасыл белдеуінде 1 миллион ағаш отырғызуға», «зиянды заттардың ауаға шығарылуын 10%-ға азайтуға» сөз береді.

Уәделердің арасында сондай-ақ «сауданың заманауи форматтарын дамыту», «халықтың автобус ішінде, жолда шығындайтын уақытын азайту», «жол-көлік оқиғалары кесірінен болатын өлім-жітімді 30%-ға, апаттылықты 40%-ға төмендету», «қаланың ақылды мамандануын қалыптастыру» және басқалары бар.

Бұл уәделердің қаншалықты орындалғаны келесі үлкен мерейтой қорытындысында айтылатын болар. Ал осы жолдағы күнделікті өзгерістерге астаналықтар мен қала қонақтары өз көзімен қанығары сөзсіз.

Бақыт Көмекбайұлы