Астана агломерациясы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5316

Өнеркәсіп пен туризмнің, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланың тынысын ашпақ.

Астана агломерациясы

Өткен жылдың қарашасында Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері арасында Астана агломерациясын дамыту жөніндегі бірлескен қызмет туралы меморандум бекітілген болатын. Құжат бас қаланың және оның аумағындағы елді мекендердің кешенді дамуын қамтамасыз етпек. Бүгінде Астана агломерациясына қаланың өзі және Ақмола облысының 123 ауылдық елді мекені еніп отыр. Олардың жалпы аумағы 21 770 шаршы шақырымды құрайды. Агломерацияға енгендердің қатарында Аршалы, Шортанды, Целиноград аудандары елді мекендерінен бөлек, Ақкөл ауданының төрт округі бар.

Бүгінде агломерацияға жататын халықтың саны 1 млн 200 мыңды құрап отыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 33%-ға ұлғайып, 1 млн 600 мың адамға жетеді деген болжам бар.

Жасыратыны жоқ, Астана қаласының маңындағы аумақтарда халық тығыз қоныстанған. Агломерацияны құрудағы мақсаттың бірі – осы жағдайды реттеу. Яғни, халықтың қала аумағына тығыз қоныстануын болдырмау.

"Көші-қон қызметінің деректеріне сүйенсек, бүгінде Целиноград ауданында 75 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Алайда нақты жағдай ресми деректен әлдеқайда алшақ жатыр. Халық саны жыл айын артып келеді. Құрылыс та қарқын алған. Сондықтан тұрғын үй-коммунальдық саласына жаңғырту жұмыстары қажет. Атап айтқанда, жылумен, электрмен, сумен жабдықтау желілерін қолға алу керек. Аудандағы негізгі мәселе инженерлік инфрақұрылымға қатысты болып отыр", – дейді Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Таткеев.

Әкімнің сөзіне сенсек, Астананың іргесінде орналасқан Қосшы ауылында су тарту жұмыстары биыл да жалғасады. Ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге және жол құрылысын жүргізу үшін тиісті құжаттарды әзірлеуге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жылу қазандығының қуаттылығын арттырып, қайта құру жоспарда бар. Қосшы ауылындағы өзекті мәселенің бірі – мектептің тарлығы. Сол себепті оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Алдағы уақытта Қосшыда 1200 орындық жаңа мектеп бой көтермек.

"Астана қаласынан 14 шақырым жерде орналасқан Қараөткен ауылындағы халық саны 20 мыңға жуықтады. 2012 жылдан бері тұрғындар саны екі жарым есеге өсті. Осылайша, ауылды дамыту өзекті мәселеге айналды. Мұнда орталықтандырылған су жүйесіне қатысты қиындықтар бар. Ауызсу жеткіліксіз. Тұрғындарды ауызсумен толықтай қамтамасыз ету мақсатында екі жоба әзірленді. 2014-2017 жылдар аралығында ауыл жолдарына кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келер жылы ауыл көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге 40 млн теңге бөлінді. Жаңа электр желілеріне 170 үй енбей қалды. Сондықтан жергілікті қосалқы станциялар қажет", – дейді Целиноград ауданының әкімі.

Еске сала кетейік, былтыр ел үкіметі Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схеасын бекіткен еді. Елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы, ресурстық қор (жер, су, жер қорлары) агломерациялық дамудың алғышартын құрайды.

Астана агломерациясы аясында Аршалы, Төңкеріс, Жайнақ индустриялық аймақтары құрылады. Индустриялық аймақтардың нәтижесінде өнеркәсіп өнімі өндірістің 144%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Осылайша, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар Астана қаласынан біртіндеп шығарылмақ. 

Былтыр инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдегендей, саланы әртараптандыру мен қарқынды дамыту есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 170%-ға ұлғаяды. Астана қаласының азық-түлікке – ұнға, қарақұмыққа, сүтке, бұршақ дақылдарына, құс етіне және тағы да басқа өнімдерге деген қажеттілігі агломерация есебінен толық қамтамасыз етілетін болады.

Сонымен қатар, Астананың бетон, кірпіш, қиыршықтас, металл конструкциялары, ағаш бұйымдары сияқты құрылыс материалдарына деген сұранысын агломерация аумағында орналасқан кәсіпорындар толықтай қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Туризмді дамытуға да көңіл бөлінбек. Бұл ретте, 2300-ге жуық қосымша жұмыс орын құрылады деп күтілуде. Агломерация аумағында ішкі туризм жыл сайын кемінде 5%-ға өсім көсертуге тиіс.

"Астана-Бурабай" жасыл дәлізін құру және оның табиғи орман алқаптарымен біріктіріп, бірыңғай экожүйені қамтамасыз ету көзделген.

"Сарыарқа" газ құбырының құрылысы арқылы Астана мен 30-ға жуық елді мекенді газдандыру жоспарда бар. Бұдан бөлек, агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін І-ІІ санаттағы ластаушы кәсіпорындарды Астанадан көшіру ұсынылды. Мұндай кәсіпорындардың қатарында "Агродор-Астана" ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты, "Ротор" ЖШС-ның ет-сүйек ұнын өндіру зауыты, "Жаңа Жол" асфальт-бетон зауыты, "Алтын-Тет" ЖШС-ның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені және "АстанаЭкоПолигонНС" қалдықтарды көму полигоны бар.

Төтенше жағдайлардан қорғану үшін 7 өрт депосын, көктемде су астында қалуы мүмкін учаскелерде су тасқынына қарсы бөгеттерді, Целиноград ауданының Талапкер ауылында судан құтқару станциясын салу жоспарланған.  

Еске сала кетейік, Астанадан бөлек, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында да агломерация құрылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу