Астана аруы – 2016: Матайдан шыққан қарапайым қазақ қызы

18 жасар Елназ Нұрсейітова арулар байқауында елорда сұлуы мәртебесін иеленіп қана қоймай, байқаудың негізгі 7 номинациясының жеңімпазы атанды.

31 Қазан 2016 20:15 Автор: Аида Есеналина
Астана аруы – 2016: Матайдан шыққан қарапайым қазақ қызы, Астана аруы,сән байқауы,Елназ Нұрсейітова,Матай,дизайнер

Байқауға қатысқан бойжеткендерге бірде-бір мүмкіндік қалдырмастан, бас жүлдені тәж еткен елорда аруы жайында не білеміз? Байқау жеңімпазының Abctv.kz тілшісіне берген сұқбатын оқырман назарына ұсынамыз.

Графикалық дизайнер мамандығына оқитын екінші курс студенті Алматы облысының Матай ауылында тұратын көпбалалы отбасында дүниеге келіпті. Әкесі темір жол бекетінде инженер болып жұмыс істейді, анасы - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Елназ отбасындағы төрт баланың үшіншісі. Сурет салғанды ұнатады, қазір де қолы қалт еткенде сурет салады, заманауи әдебиетке құмар, негізінен роман оқиды. Соңғы оқыған кітабы «Сенімен кездескенге дейін», бұл роман желісімен үлкен экранға кино туындысы да шығарылған.

 

Арманға жетелеу

Елназ Нұрсейітова бала кезінен өз қатарынан бойшаңдығымен ерекшеленіпті, сұңғақ бойынан қатты ұялған кездері болғанын да жасырмады. Бірақ, ішкі арпалысын жеңе біліп, болашағын сәнбике мансабымен байланыстыруды ойластыра бастаған. Ата-анасы Елназдың ойын қолдап,  барынша қолдапты. Анасы басына кітап қойып, бойын тік ұстап жүруге үйретсе, ал әкесі қызының таңдауын қолдап, жетістігін  әркез мақтан тұтқан. 17 жасында бойжеткен сән агенттігіне жұмысқа орналасады.

«Мен сәнбикелер төңірегінде әртүрлі жағымсыз әңгімелердің көп болатынын білемін. Бірақ, ата-анам маған бар жағынан қолдап келеді, әке-шешемнен сіңірген тәрбиені қандай жағдай болмасын аяқасты қалдырмайтыныма сенеді. Егер мұншалықты сенімді болмаса, сәнбике болуыма қарсы болар еді. Қазірдің өзінде қыз баланы сән бизнесінің күмәнді әлеміне жіберу дұрыс емес деп ақыл айтушылар жетіп жатыр. Бірақ, олар ондай сөзге аса мән бермейді. Өйткені, ата-анамның маған деген сенімі берік», – дейді Елназ.

Кейінірек Елназ Қазақ технология және бизнес университетіне түсіп, өзін ынталы студент, топ басшысы, оқу орнының қоғамдық өмірінің белсендісі ретінде көрсетіпті. Жастар істері бойынша комитетке не КТК командасына кіру, не болмаса сәнбике болудан бойжеткен соңғысын таңдапты. Елназ «ҚазТБУ аруы» байқауына қатысып, бірінші орын алады. Сол жерде «Prima-Vera» сән агенттігінің директоры Ольга Радеш оған назар аударып, жұмыс ұсынады. Бойжеткен сән агенттігінде де өте белсенді әрі еңбексүйгіштігімен ерекшеленген. Елназ бұл кәсіптің қыр-сырын барынша білуге құштар болғанын, кәсіби сәнбике болуды армандағанын айтады.

«Астана аруы – 2016» байқауына кастинг жарияланатынын мен сән агенттігінен естідім, ойланбастан қатысуға бел будым. Барлық қызбен бірге кезекте тұрып, қатысушылар арасынан 145-ші нөмірді алып шықтым, кастингке 300-ге жуық бойжеткен қатысты. Бірақ, маған сән агенттігінен екен деп ешқандай жеңілдік те, қостау да болған жоқ, бәрі әділ әрі ашық өтті», – деді Елназ.

 

Байқаудың екінші жағы

Елназдың айтуынша, байқауға дайындық барысы ол үшін аса қиынға соғыпты. Дайындалуға бар болғаны 12 күн берілген. Байқауға қатысушы қыздар арасындағы достық қарым-қатынас көңілге медеу болғаны қатты қуантқан. Өзара бақталастық мүлде болмаған, керісінше бойжеткендер бір-біріне қолдап отырған.

«Егер шынымды айтсам, ұйымдастырушыларға ризамын. Өйткені, байқаудың ұсақ-түйек нәрсесіне дейін ойластырылған. «Астана аруы – 2016» байқауының қатысушылары қандай да бір шығын шығарған жоқ, бәрі демеушілер мен ұйымдастырушылар тарапынан болды. Стилистер, визажистер, фитнес-жаттықтырушылар, хореографтар, тіпті киіп шыққан киіміміз де – демеушілер тарапынан ұсынылды. Мұндай қолдау болмаса, қатысушылардың мұндай шығынды көтеруі екіталай болар еді. Өйткені, мұның бәрі арзан емес қой, ал байқау қатысушылары қарапайым қыздар», – деп ағынан жарылды Елназ.

 

Ұтыстың жартысы – балалар үйіне

Байқаудың негізгі демеушілері мен серіктестері дайындаған 7 номинация бойынша да Елназ Нұрсейітова жеңіске жеткенін айттық қой. Сыйлыққа гауһар тасты сырға, қымбат теріден тігілген күртеше де болды, тіпті балалар үйі де өз дауысы мен суреттерін Елназға ұсынған болатын. 1 000 000 теңге көлеміндегі ұтысының жартысын бойжеткен осы балалар үйіне, ал қалған жартысын ата-анасына тарту етпек.

«Байқауға дейін балалар үйіне барып, бір күн бойы балалармен бірге болдық. Олар сіз бен біз сияқты емес, нашар жетілген, бір қарағанда сәби сияқты. Бірақ, менің құрдастарым, тек сана-сезімі дұрыс дамымаған. Егер мен жеңіске жетсем, ұтысымның жартысын осы балаларға беремін деп сол кезде-ақ шешкенмін. Ал олардан сыйлық алған кезде менің қанша толқығанымды айтып жеткізу мүмкін емес. Маған дауыс бергендері үшін үлкен рахмет. Ұтыстың қалған жартысын, әрине,  ата-анама берем, осы жеңіске солардың арқасында қол жеткіздім», – деді ол.

Зергерлік компания гауһар тасты сырғаны сыйлыққа бергенде, енді жеңімпаз болмайтын шығармын деп ойладым деп есіне алады Астана аруы. Ал тері салонының да сыйлығы Елназға бұйырғанда қалай қуанған, осындай сыйлық қоржынымен  де ұпайы түгелденгенін ойлап та үлгеріпті.

Алайда, сыйлықтары көбейе бастағанда, Елназ басқа құрбылары үшін алаңдай бастапты. Жеңімпаздың айтуынша, оған келесі күні де басқа демеушілер хабарласып, өз дауыстарын оған бергісі келгенін, бірақ барлығының бір қатысушы үшін дауыс беруге болатынын білмегенін айтыпты.

«Неге тағы мен?» – деп ойландым мен. 12 күн бойы қатысушылардың барлығы финалға бар күшін салып дайындалды ғой. Неге барлық сыйлықты мен алуға тиіспін? Мен олардың алдында қатты ыңғайсыздандым. Келесі номинацияны атағанда, «Тек мен емес, тек мен емес» деп  іштей қайталап тұрдым. Маған гауһар тасты сырға мен қымбат тері жеткілікті еді. Қыздар тарапынан қобалжуды байқадым, сыйлықтың бар жақсысын мен алдым, олардың орнында мен болсам да сондай күйде болар ем. Осыдан кейін олардың тарапынан өзіме деген салқындықты да сездім», – деп ақталды Елназ.

 

Дауысым қарлықпаған

Жеңімпаз анықталар сәтте залдағы көрермендер «Елназ, Елназ!» деп бір кісідей дауыстап қол соққанда, бойжеткен көз жасына ерік берді. Бірақ, жеңімпазға тән жігерлікпен өзін тез қолға алыпты. Оның айтуынша, көз алдындағы оқиғаға сене алмапты. Өйткені, сонша көп сыйлық алған соң «Астана аруы – 2016» бас мәртебесінің басқа бойжеткенге бұйыратынына күмәні қалмапты.

«Таңқалғаннан және қобалжығаннан тек жымия беріппін. Дауысым да дірілдеп, қарлығып, бөтен дауыс сияқты естілді. Байқау біткен бойда TengriNews.kz ақпараттық агенттігінде видео жарияланды, менен сұқбат алған журналистер видео жарияланбайтынын айтқан еді.

Өкінішке орай, көпшілікке ұсынылған видеода қобалжығаннан қарлыққан дауыспен берген сұхбатым жұрттың көңілінен шықпаған сияқты. «Дауысы қандай?», «Неге айқайлап тұр?», «Темекіні көп шегетін адамның дауысы ғой мынау» деген жағымсыз пікірлер айтылды. Жан-жағымыз у-шу болып жатқан, сондықтан айқайлап сөйлеуіме тура келді, даусым естілмей қалатын шығар деп ойладым. Сол сәтте түсірілген видеоның таралып кеткенін көрмейсіз бе?

Бірақ, бір қуанарлық жайт – қолдаған жағымды пікірлер саны әлдеқайда көп болды, оқырмандардың басым көпшілігі менің жұрт алдында сөйлеуде тәжірибем жоқтығын түсініпті. Міндетті түрде алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасайтын боламын, шешендік өнер мен актерлік шеберлік курсына жазылып та қойдым», - деп Елназ Нұрсейітова ойымен бөлісті.

 

Әлем аруы – мен үшін арманымның шегі емес!

Елназ Нұрсейітова үшін келесі маңызды кезең «Қазақстан аруы – 2016» болмақ, оған небары бір ай уақыт қалды. Бойжеткеннің айтуынша,  байқауға жанын салып дайындалуда, тіпті түрлі курсқа да жазылыпты. Байқауда қандай тапсырмалар болатыны әзірше белгісіз. Өзінің пайымдауынша, «Астана аруы – 2016» байқауындағы тапсырмаларға ұқсас болуға тиіс.

«Астана аруы – 2016» атағы бар, енді «Қазақстан аруы – 2016» атағын да алғым келеді. Қазір байқауда Астана қаласын лайықты көрсету үшін мүмкіндігімді 100 пайыз пайдалануым керек. Сондықтан дайындыққа бар күшімді салып жатырмын. Бұдан кейін, әрине, орта жолда тоқтап қалмай, «Әлем аруы - 2016» атағын да алу керек болады.

Бірақ, бұл  жүлде де арманымның шегі емес, мен әйгілі брендтердің әлемдік сахналарында еліміздің атынан шығатын сәнбике болсам деп армандаймын. Бұл ретте әке-шешемнің қарапайым кісілер екенін айтқым келеді, Матай деген ауылдан шыққан қарапайым қазақ қызымын. Сондықтан, кім болмасын, қалалық, ауылдық деп бөлуге болмайды, кез-келген қыз Ару атануға лайықты»,  – деп ойын қорытындылады Елназ Нұрсейітова.

 Аида Есеналина