Астанада әуесқой триатлон қарқынды дамып келеді

5228

Елордада триатлон маусымы ашылды. 

Астанада әуесқой триатлон қарқынды дамып келеді Фото: inbusiness.kz

Іnbusiness.kz тілшісі 2023 жылы Астана қаласында жоспарланған триатлон жарыстарының іс-шаралар күнтізбесімен танысты.

Триатлон бір күрделі түрге біріктірілген үш спорт түрі. Оған жүзу, велоспорт және жүгіру жарыстары кіреді.

"Ең көп таралған бренд – жыл сайын өтетін IRONMAN. Спортшыларымыздың осы жарыстарға дайындалуға мүмкіндігі бар. Бұл халықаралық жарыстар. Олар қалалық әуесқой клубтарда дайындалады. Біз триатлондағы клубтық қозғалыстың дамуын қолдаймыз. Бұл біздің қызметіміздің бір бағыты. Осы спорт түрін танымал ету үшін өзіміз үшін спорттық іс-шаралардың күнтізбесін бекіттік. Біз оны Астана қаласы әкімдігінің және "Спорт қорының" қолдауымен өткіземіз. Мұның бәрі елордада бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын дамытуға үлес қосу үшін жасалып жатыр. Қала өсіп келеді. Біз жастардың және басқа да жастағы адамдардың қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз", – деді Астана қаласы Триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт.

Бұдан бөлек Федерация базасында Nomad Junior балалар спортын дамыту бағыты да бар. Балаларға арналған секция ұйымдастырылған. Бұл олар өскен кезде қалалық құрамаларға дайын болып енуі үшін жасалып отыр. Бұл PTC Holding ірі көлік-логистикалық компаниясының бастамасы және демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылуда. 

"Меніңше, мұны аймақтарда да қолданып көруге болады. Бұл бастама бірнеше жылдан кейін нәтиже бере алады. Сонымен қатар біздің  ынтымақтастығымыз бизнес үшін жақсы үлгі бола алатынына сенімдімін. Бұл өз кезегінде әуесқой спортты, федерацияны қолдауға ықпал етеді. Сәйкесінше демеушілердің саны артып, сыйлықтар да жақсырақ болады, қатысушылардың саны да көбейеді", – деп атап өтті Евгений Больгерт.

Бұқаралық спортты насихаттау және дамыту үшін биылғы күнтізбеге 5 және 10 шақырымдық жүгіру жарыстары енгізілген. Федерацияны демеушілер қолдап, ASTANA RUN CHALLENGE 10 км қашықтықтағы жарыстар сериясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданған.

"ASTANA RUN CHALLENGE үш бәсекелі жарыстан  тұрады. Оның бірінші кезеңі 14 мамырда өтеді. Екінші кезеңі 20 тамызда және финал 17 қыркүйекте болады. Финалға жүлделерді Documentolog компаниясы береді. Бұдан бөлек осы спорт түріне жақын іс-шараларға да назар аудардық. Жаңа бағыт – AQUATLON өткізу жоспарланып отыр. Яғни, велосипед барлық адамда бола бермейді немесе кейбірі оны дұрыс айдай алмайды. Бұл адамдар үшін ашық суда 1 км жүзіп, 5 км жүгіруден тұратын осындай форматты қолданбақшымыз. Бұл формат әлемде кеңінен таралған. Бірақ бізде әлі жоғары даму деңгейіне жете қойған жоқ. Адамдарға ұнайды деп үміттенеміз", – деді Евгений Больгерт.

Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана клубтарының көптеген қатысушысы жазда өткен IRONMAN KAZAKHSTAN-ға қатысқан. Көбі жеңіске жетіп, ұзақ триатлоннан әлем чемпионаттарына жолдама жеңіп алды. Биыл жолдама ұтып алғандар Финляндияға жол тартады, онда Half-Ironman әлем чемпионаты өтеді.

Осы тұста Федерация президентінен қаладағы триатлон әуесқойларының саны туралы сұрап көрдік. Ол бұл спорт түріне деген қала тұрғындарының ынтасы мен белсенділігі артып келе жатқанын жасырмады.

"2 сәуірде бес шақырымға  жүгіруден жарыс өтті. Төрт жыл осы салада жүргеніме қарамастан, жарысқа қатысушылардың тек 10 пайызын ғана таныдым. Қалғандарының барлығы – жаңа адамдар. Біз жақын арада адамдардың үлкен белсенділігін көреміз деп үміттенемін. Кейбір клубтарда триатлонмен 80 адамға дейін айналысады. Басқа клубтарда олардың саны көп, басқасында аз дегендей. Жартысына жуығы – әйелдер. Олар өте белсенді қатысады. Жалпы жарыстарда жас шектеулері жоқ. Мысалы, жақында өткен жарыста бізде 60-тан асқан қатысушылар да болды", – деп атап өтті спикер.

Евгений Больгерт, ең бастысы, адамдардың триатлон жарыстарына қатысамын деген ынтасы мен тәртібі болса жеткілікті екенін алға тартты.

Астана қаласы Триатлон федерациясының президенті биыл жарыстарға қатысушылардың саны артатынына сенімді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ASTANA RUN CHALLENGE жарысының финалын Documentolog компаниясы қолдап, жарыс қорытындысы бойынша үздік қатысушыларға жүлделер тағайындайды.

"Біз адамдардың мотивациясының артып, жеңіске жетуге мүмкіндігі көп болуы үшін жүлделі орындардың санын көбейттік. Ол да маңызды рөл атқарады. Қыркүйек айында өтетін ASTANA RUN CHALLENGE финалында қатысушылар саны көп болады деп сенеміз. Тек Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ көрші елдерден де қатысуға ниет білдіретін адамдар болады деп ойлаймыз. 10 км – ең тартысты әрі қызыққа толы қашықтық. Мысалы, жақында өткен жүгіруден 5 км қашықтықтағы жарысқа 350 елорда тұрғыны қатысты. Оған хабарландыру бір ай бұрын ғана берілді. Егер де біз қазір сияқты хабарландыруды төрт ай бұрын берер болсақ, онда олардың саны 1000-2000 адам болар еді", – деді Documentolog компаниясының басшысы Байжан Канафин.

Байжан Канафиннің айтуынша, триатлон адамдарға қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

"Бұдан бөлек адамдардың өз күшін тексеріп, мақсаттарына айқын жетуіне мүмкіндік береді. Триатлон оларға тұрақтылықты үйретеді. Спорттың бұл түрінде нәтижеге тез әрі оңай жету мүмкін емес. Нақты бір нәтижеге қол жеткізу үшін ұзақ және жүйелі түрде жұмыс істеу керек", – деді спикер.

Documentolog компаниясының басшысы өзі де триатлонмен жүйелі түрде айналысатынын атап өтті. Бұл өмір салтыма айналды, деп ақтарылды спикер.

"ASTANA RUN CHALLENGE финалындағы ақшалай және ақшалай емес сыйлықтар болады. Мысалы, 1-орынға 50 мың теңге, ал 10-орынға 10 мың теңгеге дейін барады", – деді Байжан Канафин.

Астана қаласы Триатлон федерациясының 2023 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесі:

  • 14 мамыр –ASTANA RUN CHALLENGE бірінші кезеңі (10 км қашықтыққа жүгіру).
  • 25 маусым – жаңа жарыс түрі AQUATLON (стандартты емес сынақ қашықтығы: жүзу 1 км + жүгіру 5 км).
  • 16 шілде – ASTANA TRIATHLON SPRINT (жүзу – 750 м, велосипед тебу – 20 км, жүгіру – 5 км).
  • 20 тамыз – ASTANA RUN CHALLENGE екінші кезеңі (10 км қашықтыққа жүгіру).
  • 17 қыркүйек – ASTANA RUN CHALLENGE финалы.
  • 8 қазан – ASTANA DUATLON.
  • 24 желтоқсан – спорт жылының жабылуы WINTER RUN (10 км қашықтыққа жүгіру).

Биыл адамдардың іс-шараларға қатысқаны үшін Астана триатлон федерациясынан ұпайлар беріліп, қатысушылардың рейтингі жасалады. Жыл қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы ең белсенді және үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жүлделермен марапатталмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу