Астана келіссөзінен кейін Сирия халқының жүзінде күлкі пайда болды

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
2511

Алты жылға созылған азаматтық соғыстың зардабы алғаш рет Астана процесінде ақырындап жойыла бастады.

Астана келіссөзінен кейін Сирия халқының жүзінде күлкі пайда болды

Бұл соғыс Сирия халқын әбден жұтатып, қару көтерген тараптарды да төзімнің жартасына жақындатқан тәрізді. 2011 жылдан бері 300 мың адамның, оның ішінде жазығы жоқ 10 мың әйел мен 15 мың баланың қаны төгілсе де, шегінбеген оппозиция мен билік бір үстелдің басына жиналып, өркениетті түрде келіссөз жүргізе қоймас еді. Өткен аптаның соңында Астанада бірінші емес, екінші рет өткен Сирия жөніндегі Астана процесі осының дәлелі деуге болады: бірінші келіссөздің "тәтті" дәмін татқан тараптар екінші кездесуде тіпті Сирияның конституциясын талқылауға дейін жетті.

Бірінші кездесудің "тәтті" дәмі деп отырғанымыз, тараптар Сирияда оқ атпау режімін жалғастырамыз деген уағдаластыққа келген еді. Саяси бағыттағы бұл оқиға бейбіт тұрғындардың үмітін оятты. Еш мәні жоқ әрі өте қатыгез алты жылдық шиеліністен кейін Сирия халқының басындағы қара бұлт сейіледі деген үміт пайда болды. БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Стивен О'Брайен 30 желтоқсан күні оқ атпау туралы келісім күшіне енгеннен бергі бірнеше апта ішінде қаза тапқандар мен жараланған бейбіт тұрғындардың саны әлдеқайда азайғанын айтты.

БҰҰ өкілінің айтуынша, оқ атпау режімін созудың арқасында бейбіт халыққа гуманитарлық көмек жеткізетін жолдар оқтан тазаланып, әлі құрыған әйелдер мен балалардың жүзінде күлкінің нышаны пайда болған. Алты жыл бойы күлкі мен тыныш ұйқының не екенін ұмытқан олар үшін бұл, әрине, үлкен жетістік.

Астана процесінің алғашқы кездесуіндегі тағы бір маңызды оқиға – Сирия оппозициясы Ресей ұсынған Конституцияның жобасына өркениетті түрде өз қарсылығын дәлелдей отырып, наразы шықты. Оппозиция кіші Буш әкімшілігінің Иракта жасаған қателігін Кремль қайталамасын деп ескертті. "Біз оларға (ресейліктерге) Сирияның Конституциясын тек біздің халық қана жазуға құқылы екенін қадап айттық. Иракта Пол Бермердің (2003-2004 жылдары Иракта президент кіші Джордж Буштың өкілі болды) тәжірибесі айтарлықтай түсінікті ғой, яғни өзге ел жазып берген Конституция жұмыс істемейді", – дейді оппозиция өкілі Яхью әл Ариди. 7 тараптың өкілі қатысқан Астана процесінің алғашқы кездесуінде Сирия осындай жайлардың басын ашып алған еді.

Араға 1-2 апта уақыт салып, Астанада тағы бас қосқан Сирия үкіметі мен оппозицияның келіссөзіне 9 оппозиция өкілі қатысты. Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматовтың айтуынша, Астанаға алдымен оппозияциядан басқа тараптар мен кепілгер елдердің делегациялары келген. "Оппозицияны өздеріңіз де білетіндей "Джейш аль-Ислам" тобының өкілі Мохаммед Аллуш басқарады. Түркия делегациясы да осында. Олардың да өкілдері өте жоғары деңгейде жасақталған. Оппозициядан 9 адам, яғни 9 топтың өкілі", – дейді Айдарбек Тұматов.

Астана процесінің екінші кездесуіндегі келіссөз өте ұзаққа созылды: журналистер Сирия үкіметінің, Сирия оппозициясының пікірін, түптеп келгенде, келіссөздің қорытындысын ұзақ күтті. 12 сағатқа созылып, Астана уақытымен түнгі сағат он бірдің кезінде жария етілген "Астана-2" процесінің нәтижесі уақыттың зая кетпегенін көрсетті. Астана процесінің екінші кездесуіндегі бітімгерлік шешім әлемдік қауымдастық күткен нәтижеден асып түсті: Сирия жөнінде уақытша бітім жасалып, соғысты тоқтату режімі одан әрі сақталатын болды. Яғни Иран, Ресей және Түркияның қатысуымен Сириядағы уақытша бітім жөніндегі үшжақты жедел мониторинг тобы құрылды. РФ СІМ Таяу Шығыс және Солтүстік Африка департаментінің директоры, Астана келіссөзіне Ресей делегациясын бастап келген Сергей Вершинин: "мониторинг жасайтын топ тұрақты түрде жұмыс істеп, бұл топтың басты міндеті шиеленіске қатысы бар тараптардың соғысты тоқтату режімін сақтауға бағытталады", – дейді. Ең бастысы, Сирия соғысының айналасындағы тараптар, мейлі ол – Сирия үкіметі, мейлі ол – Ресей әскері, мейлі ол – Сирия оппозициясы болса да, бүкіл тарап бір-біріне деген сенім шараларын ұстанатын болды. Мониторинг жасайтын топтың басты назары да осы сенімді қадағалау болып бекітілді.

Бұдан бөлек, Астанада өткен келіссөз барысында тұтқындарды, оның ішінде әйелдер мен балаларды алмасу тетіктері қаралды. Қаза тапқандардың мүрделерін алмасу тармағы да келісілді. Қазақстанда Астана процесі аясында жоғары деңгейдегі Сирия мәселесін реттеу жөніндегі бір күндік келіссөздің басты нәтижесі осы болды. Бұл бітімді БҰҰ бірауыздан қолдады.

БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистураның айтуынша, Астана процесінің екінші "кезеңіндегі" нәтиже гуманитарлық көмек көрсету және оқ ату режімін тоқтату шараларына негізделгендіктен ғана БҰҰ қолдаған.

"Оқ атуды тоқтату режімі қолдау тауып, оған қоса тараптардың сенімі қалпына келіп, гуманитарлық көмек көрсету шарасын іске асыру басты назарға алынғаннан кейн Астана процесінің басты нәтижесін қолдадық", – дейді Мистура.

Сонымен 2011 жылдың көктемінде Сирияда президент Башар Асадқа қарсы бейбіт шеру ретінде басталып, 6 жылға созылған азаматтық соғыстың зардабы алғаш рет Астана процесінің арқасында ашық айтылып, ақырын ғана жойыла бастаған сыңайлы.

Ал Сирия қарулы оппозициясы делегациясының жетекшісі Мохаммед Аллуш келіссөз соңында оған қатысушыларға барлық жағдайды жасап, қонақжайлылық танытқан Қазақстан халқына және президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Сонымен қатар ол Түркия, Иордания, Катар, БАӘ-ге ризашылығын білдіріп, Ресейдің соғыс іс-қимылдарын тоқтату режіміне қол қойылған сәттен бастап конструктивті тәсіл қолданғанын айтқан.

Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу