Астана күні: Salem FEST, эко-қозғалыс пен дрондар шоуы

1048

EXPO алаңында киіз үй тігіліп, эко-байқаулар өткізілсе, "Астаналық" паркте спорт алаңдары құрылып, Salem Fest музыкалық жәрмеңке меймандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады, ал қаланың шалғай аумақтарында "Думанды Астана" концерттері өткізілді. 

Астана күні: Salem FEST, эко-қозғалыс пен дрондар шоуы Фото: inbusiness.kz

Астана қаласы бүгін өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Қаланың түкпір-түкпірінде концерттер қойылып, түрлі шаралар ұйымдастырылды, жалпы өткен аптадан бері елордада 50-ге жуық спорттық-бұқаралық шаралар өткізілді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Сүйікті қаламыздың тура ортасында орналасқан "Астаналық" саябағына таңертеннен адамдар жинала бастады. Көңіл көншітетіні - мұнда біз үйреніп қалған коцерттік бағдарламалардан бөлек, уақытты пайдалы әрі қызықты ететін қосымша шаралар қарастырылған.

Мысалы, жасыл желек үстінде спорттық алаң құрылған. Көлеңкеде жас талғамай барлығы түрлі спорттық ойындар ойнап жүр. Бірі жұптасып үстел үсті футболын ойнаса, екіншілері панна футболдың қызығына батып кеткен. Ал артық қозғалып шаршағысы келмейтіндерге аспалы гамактарға жатып демалуға болады.

Мерекелік шараларды ұйымдастыру бір әкімдіктің жүгі емес, жекеменшік ұйымдар да өз үлесін қосып жүр. Алина мен Әлішер жаста болса, үлкен істің бастауында тұрған жандар. Олар отандық, соның ішінде, астаналық тауар өндірушілер мен брендті насихаттаушыларды қолдап, бүгін Salem Fest музыкалық-жәрмеңкесін ұйымдастырған.

"Біз өзіміздің фестімізді көбіне белгілі бір демалыс орындарында өткіземіз, кейде осындай қалалық шараларға да қатысамыз.

Salem Fest - музыкалық жәрмеңке, яғни біз винтаж-дүкендер, қолдан жасалған бұйымдар, этникалық, басқа да стильді киімдерді өндірушілер мен сатушылардың басын қосамыз, осының барлығы музыкалық сүйемелдеумен жүреді. Бүгін, мысалы, өзіміздің қаламыздың жігіттері - Pantheon тобын шақырдық. Жалпы астаналықтарды, біздің қуанышымызға ортақтасып жатқан қазақстандықтарды мерекелерімен құттықтаймыз!" - деді ұйымдастырушылар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі жәрмеңкеде 20-дан астам компаниялар өз өнімдерін қалың көпшілікке ұсынып отыр. Олардың арасында 2021 жылдан бері майшамдар мен үй ішіне арналған заттарды өндірумен айналысатын Астананың тумалары Сапарбек, Олжас есімді жігіттерімен тілдесуге мүмкіндік туды. Олардың айтуынша, мұндай басқосулар сауда-саттықты ілгерлетуге, жалпы брендтің танымалдығына оң әсер етеді және астаналықтармен ортақ мерекеден жылы әсер алуға мүмкіндік береді.

"Біз 2021 жылы The moon дүкенін ашып, сол сәттен бастап отандық, астаналық брендтің күшеюіне өзіндік үлесімізді қосып жүрміз. Негізінен майшамдар мен үй ішіне арналған заттарды өндірумен айналысамыз. Біз қалада болатын барлық жәрмеңкелерден қалмауға тырысамыз, өйткені бұл - сауда-саттықты онлайн жүргізетін біз үшін клиенттерімізбен танысуға, тілдесуге үлкен мүмкіндік әрі брендіміздің танымалдылығына оң әсер етеді. Ал мейрамдарға қарсы жұртшылықтың көптеп жиналатыны сөсіз. Біз бір жағынан жерлестерімізбен бірге мерекені атап өтеміз, бір жағынан кәсібімізді ілгерлетеміз. Сөз соңында барша қазақстандықтарды осындай айтулы күнмен құттықтағым келеді. Бақытты болыңыздар, сіздерді бақытты ететін сәттер көп болсын!" - деп тілегін білдірді Серікбаев Сапарбек.

EXPO алаңында да дүйім жұртшылық жиналған. Мұнда да мереке өз ерекшелігімен өтіп жатыр. "Gul Astana Eco Urban Open Air" фестивалінде 20 мың тірі гүлдер көрмеге ұсынылды. Фестиваль Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген экологтарды, флористерді, урбанистерді, эко кәсіпкерлерді, суретшілерді, музыканттарды біріктірді.

Іс-шараның продюсері Майра Измайлованың айтуынша, фестиваль елорданың 25 жылдығына орай өткізіледі және "Астанада эко қозғалысты құру және қала тұрғындарына қайта өңдеудің маңыздылығын көрсету, экология проблемаларына және эко-сананы өзгерту қажеттілігіне назар аудару мақсатында құрылған".

Мұнда елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қалалық қауымдастықтар мен олардың қызметіне арналған тегін интерактивті аймақтар ашылды. Келушілер, тіпті, эко-сабақтарға қатысып, шеберлік сағаттарында білім нәрін алды. Ал Қазақстанның табиғи аймақтарына байланысты безендірілген Климаттық киіз үйлер көздің жауын алады. Әрине көпшіліктің көңіл-күйін көтеру үшін ән шырқалыр, күй ойнады. Астананың, еліміздіі басқа қалаларынан, Ресейден, Әзербайжаннан келген өнерпаздар өнер көрсетті.

Той-думан қаланың орталығында ғана емес, шалғай аймақтарда да жүріп жатты. Мысалы, "Көктал" ықшамауданындағы өзіне аттас "Көктал" саябағында "Думанды Астана" концерті өтті. Өнерпаздар өнер көрсетсе, аниматорлар балалардың көңілін аулаумен болды. Бала да, ата-ана да бақытты. Көпшілік кешкілік бағдарламада өнер көрсетуі тиіс танымал әнші Абай Бегейді асыға күтіп жүр.

Жалпы, Астана күні - астаналықтарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін, дәстүрге арналған мереке. Оны атап өту үшін қаламызға Қазақстанның бар аймақтарынан қонақтар жиналады. Мысалы,  сонау Ақтөбеден ат басын тіреген Айнұр Мұханова үш баласымен қаланы аралап, тойлап жүр.

"Құрметті астаналықтар, мереке құтты болсын! Мен арнайы Астана күнін елордада атап өту үшін үш баламмен Ақтөбеден келіп отырмын. Бүгін ауа-райы да оңынан болып, керемет көңіл-күйдеміз. Бәріне жақсы көңіл-күй, сәттілік тілеймін!" - деді Астана мейманы.

Бүгінгі мереке кешкі концерттермен, дрондар шоуымен әлі де жалғасын табады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу