Астана мен Алматы баспанамен бәсекелеседі

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
20691

Шаһар басшылары тұрғын үй саясатына қатысты мәлімдеме жасады.

Астана мен Алматы баспанамен бәсекелеседі

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев парламент палата­ларының біріккен отырысында жария болған "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты үндеуді қалай жүзеге асыратындарын айтты.

Белгілі болғандай, алдағы уақытта Алматыда 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл 17 мыңнан астам пәтер деген сөз.

Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, биыл "Алматы жастары" әлеуметтік бағдарламасын орындау үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде жас отбасылар алғашқы жарнасыз баспаналы болу құқығына ие болады. Бұл үшін бағдарламаға қатысушыларға 5% үстеме ақымен несие ұсынылады.  

"2017 жылы құрылыс қарқыны 4 есе өсті, Алматыда кезекте тұрған әрбір үшінші адам пәтер алды. Өткен жылы 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 16,5 мың жаңа пәтер салынды", – деді шаһар басшысы.

Бір қызығы, Бауыржан Байбек 1,5 млн шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатынын айтқан жоқ. Ал Әсет Исекешев әр сөзін шегелеп жеткізіп, 2018 жылдың соңына дейін Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша 6 көпқабатты тұрғын үй кешені салынатынын тілге тиек етті. "Тұрғын үй саласы әлеуметтік маңызға ие басты мәселенің бірі. 2018 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жалпы ауданы 78,3 мың шаршы метрді құрайтын, 1477 пәтерден тұратын 6 көпқабатты тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. Осылайша  "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы  коммуналдық тұрғын үй  қорының кезегінде тұрған адамдар баспаналы болады", – деді Астана әкімі.

Сөз арасында Әсет Исекешев 2017 жылы елорда да 2,36 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін баяндады.

"7 тұрғын үй кешені Астана әкімдігінің мемлекеттік есебінен салынды. Нәтижесінде 1062 отбасыны баспанамен қамтылды", – деді Әсет Исекешев.

Астана қаласы әкімінің мәлімдеуінше, алдағы 5 жылда 5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Құрылыс жұмысының 90%-ға жуығы жеке инвесторлардың есебінен атқарылады.  

Осыдаң соң Әсет Исекешев "7-20-50" әлеуметтік бағдарламасы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттырып, тұрғын үй секторындағы жүктемені азайтатынын айтты.

"Енді елорданың әрбір жұмыс істейтін тұрғыны жеңілдетілген шартпен ипотекалық несие ала алады. Бұл тек банк секторын ғана емес, сонымен бірге тұрғын үй құрылысыны нарығын белсенді дамытуда үлкен күшке айналып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі 180 мың теңгеден аспайды, бұл жекеменшік құрылысшылардың бағасынан әлдеқайда арзан", – деді ол.

Қос әкім тұрғын үй мәселесіне қатысты мәлімдемені мақсатты түрде жасаған сияқты. Себебі дәл қазір қарапайым халықтың басым көпшілігі "7-20-25" атты жаңа тұрғын үй бағдарламасын дұрыс түсініп отырған жоқ. Соның салдарынан жел сөз ел аралап жүр.

Десекте мәселенің мән-жайын Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков осыдан екі күн бұрын тәптіштеп түсіндірді.

Оның айтуынша, биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы аясында банктер ипотека бере бастайды. Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы компания құрылады, ал капитал Ұлттық банктің есебінен қалыптасады.

"Ипотекалық несиелердің алғашқы пулы жасалып болғанда біз оның барлығын сатып аламыз. Несие рәсімдегісі келген адамдардың төлем қабілеттілігіне ерекше назар аударылады. Мемлекеттік бағдарламаларда әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар деген санаттар бар. Жаңа бағдарламада мұндай болмайды. Біз барлық өтініш иесімен бірдей жұмыс істейміз", – деді мәлімдеді Олег Смоляков.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу