Astana Qazaqstan Team маусымды тамаша жеңіспен аяқтады

2092

Astana Qazaqstan Team "Түркияның президенттік турындағы" өз миссиясын сәтті аяқтап, көпкүндік жарыстың жалпы есебі бойынша жеңіске жетті.

Astana Qazaqstan Team маусымды тамаша жеңіспен аяқтады Фото: Sprint Cycling

Үшінші кезеңде Бабадаг шыңында көшбасшы жейдесін иеленген Қазақстан чемпионы Алексей Луценко оны келесі бес күн бойы қорғап, Стамбулдың тарихи орталығында әдемі жеңіске жетті.

"Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын! Аптаның басым бөлігінде жейдені қорғау оңай болған жоқ. Бірақ, менің айналамда керемет команда болды және бұл жігіттермен бәрі де мүмкін болды. Бабадагқа дейінгі кезең расымен де қиынға соқты. Онда жеңімпаз болғаныма өте қуаныштымын және мақтан тұтамын. Содан кейінгі күндері командамен бірлесе отырып, көшбасшылықты қорғап, осы жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бұл команда үшін де, мен үшін де маусымның тамаша аяқталуы. Қиын маусымды осындай табыспен аяқтау керемет. Бірнеше жыл бұрын Түркияда жеңіске жетуге біртабан жақын болдым. Бірақ екінші орын иелендім. Осы жолы Түркияға келіп, бұрынғыдан да жақсы жетістікке жетуге бел будым. Нәтиже көрсетуге тырыстым. Азия ойындарында және одан кейін тамаша формада болдым. Осылайша, әріптестеріммен бірге жеңіске жеттік", - деді Алексей Луценко.

"Менің ойымша, бұл біздің команда үшін маусымның өте әдемі аяқталуы. Алексей үшін біз жасаған күнтізбе тамаша жұмыс істеді. Ол маусым басында сырқатына және басқа да факторларға байланысты алға қойған мақсатына жете алмаса, қазір Азия ойындарында да, осында "Түркия турында" да шарықтау шыңына жетіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ, осы жеңісімен қатар Қазақстан Париждегі Олимпиада ойындарына қатысуға төрт лицензияның екеуін жеңіп алып, Олимпиада рейтингінде маңызды ұпайларға ие болды. Бұл біз үшін маңызды болды және нәтижеге көңіліміз толады", - деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Сондай-ақ, Бабадаг шыңында үшінші орынға ие болған Харольд Техада кәсіпқой мансабындағы алғашқы тұғырды жеңіп алып, үшінші орнын соңына дейін сақтап қалды.

Стамбулда өткен финалдық кезеңде Astana Qazaqstan Team спринтері Кейс Бол тағы да жеңіс тұғырына көтеріліп, жаппай спринтте екінші орын алды. Бұл Кейстің биылғы "Түркия турында" төртінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілуі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу