Астанада 2 мұнаралы мешіт ашылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4774

Құлшылық үйінің ауданы 2800 шаршы метрді құрайды. 

Астанада 2 мұнаралы мешіт ашылады

Бірнеше күннен соң Ғабиден Мұстафин көшесінің бойына орналасқан жаңа мешіт келушілерді қабылдайды.

Аппақ мәрмәрден қалануына байланысты құлшылық үйіне Ақмешіт деген атау берілген. Бұл жерде медресе, жаттығу залы және шаштараз қызмет көрсететін болады.

Құрылысшылар ішкі жұмыстарды аяқтаған соң, 2 мұнаралы жаңа мешіт адамдарды қабылдай бастайды.

Ақмешіт дәстүрлі үлгіде салынған мешіттерден мұнараларының санымен ерекшеленеді.

"BNK Архпроект" ЖШС архитекторларының шешімімен Ақмешіт әдеттегідей 4 мұнарамен емес, 2 мұнарамен салынған. Мұнаралардың биіктігі 40 метрді құрайды.

Ақмешітке 450 адам сияды, ал оның жаныдағы медресе 75 адамға арналған. Құлшылық үйінің ауданы 2800 шаршы метрді, медресенің аумағы 2500 шаршы метрді құрайды.

Медреседе дәріс оқитын 9 сынып және ұстаздар мен шәкірттерге арналған 28 жатын бөлме бар. Сондай-ақ бұл жерде кітапхана, асхана, медициналық бөлімше,кір жуатын жер қызмет көрсетеді. Атап көрсетерлігі еліміздің бірде-бір мешітінде қызметтің мұндай түрлері ұсынылмайды.

Айтпақшы Ақмешіттің медресесін Қазақстан бойынша діни білім беретін негізгі оқу орталығына айналдыру көзделген.

Мешіттің құрылысы 2017 жылдың қыркүйегінде басталды. Оның бой көтеруіне 180 адам атсалысты. Құрылысты BI Group компаниясы атқарды.

"Жоба бойынша асхананың төбесі гипсокартоннан жасалып, кейін үстінен сылануға тиіс болды. Уақыттың тығыздығына байланысты біз асхананың төбесін ағашпен қаптау туралы шешім қабылдадық. Материалды цехта әзірлеп, оны құрылыс алаңында монтаждадық. Осылайша жұмыс үдеріс жылдамдаттық", – деді жоба жетекшісі Әлібек Омаров.

Мешіттің дизайнын алматылық "Дара құрылыс" компаниясының мамандары жасады. Бұған дейін олар "Хазрет Сұлтан", "Нұр Астана" мешіттерінің безендірілуіне қатысқан.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу