Астанада біреуге ерте, біреуге кеш...

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
3341

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты 9.00-ден 8.30-ға ауыстырылып, ЖОО мен ОМОО-ның жұмысы 8-де емес, сағат 10-да басталатын болды.

Астанада біреуге ерте, біреуге кеш...

ЭКСПО көрмесі кезінде елордаға ағылатын өңір тұрғындары мен шетелдік қонақтардың қалың легінен қаланың қоғамдық көліктер жүрісі мен көше-жол желісіне салмақ түсетіні анық. Соның алдын алу және халықты көлікпен толық қамту үшін Астана қалалық әкімдігі жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері әзірлеген нақты бағдарламаларын БАҚ өкілдеріне таныстырды. 

Бірінші өзгеріс көрмені өткізгенге дейін қаладағы мекемелерде, яғни мемлекеттік органдар, жоғары және мамандандырылған оқу орындарындағы жұмыстың басталу уақытына енгізілмек. Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, мемлекеттік органдардағы жұмыстың басталу уақыты 9.00-ден 8.30-ға ауыстырылса, ЖОО мен ОМОО жұмысын 8-де емес, сағат 10-да бастамақ. Бұған қоса халыққа қызмет көрсету орталығы мен қаржы ұйымдарының жұмыс кестесі 9-дан сағат 10-ға ауыстырылмақ. Ал балабақшалар мен мектептердің жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, жұмыс уақытын осылай саралау әлемнің көптеген мегаполистерінде қолданылатын стандарттық және тиімді тәжірибе болып табылады.

"Мекемелердегі қызметкерлер мен студенттерге қарағанда, сабақ кеш аяқталса, оқушылардың үйге қараңғы түсе қайтуы қауіптірек. Мектеп пен балабақшалардағы жұмыс уақытын өзгеріссіз қалдыру себебіміз сол", - деді Бекмырза Игенбердинов.

Жаңа телімдерге Bus Lane жолақтарын енгізу арқылы жол қауіпсіздігі нығайтылып, автобустардың жүру жылдамдығы 20%-ға өседі, соның арқасында жолаушылар да аялдамада автобустарды көп күтпейді. Ал Shuttle Bus 7 жаңа бағдары халықаралық көрме орталығын қаланың шалғай аймақтарымен байланыстырады. Оларға Iveco Urbanway маркалы 167 автобус қызмет көрсетіп, бұл көліктер адам көп шоғырланатын аялдамалар арқылы өтеді.

Ыңғайлы және қауіпсіз көліктік тірек құру үшін қосымша автобустар шығарылып, қаладағы бағдарлар нығайтылады екен. Әсіресе, түндік бағдарлар, ЭКСПО қатысушыларын орталықтан тасымалдау, қалада жүк автокөліктерінің жүруіне шектеу қою туралы нақты шешімдер ұсынылып отыр.

Осындай халық тығыздығы артқан кезде қалаға қажет қоғамдық көліктер санын есептей келе, басқарма ескі және талапқа сәйкес келмейтін автобустардың орнына жаңа 423 автобус шығармақ. Бұл қолданыстағы бағдарлардың күшейіп, әр автобустың бұрынғыдай 10-15 минут емес,  5-7 минут сайын жүруіне мүмкіндік береді.

"Қаладағы 28 қиылысты қарастыра келе, көше-жол желісінің өткізу қабілетін жақсарту мақсатында сол қиылыстар маңында болатын кептелістерді азайту үшін оң жаққа бұрылатын 38 жол бұрылысының адрестік бағдарламасы әзірленді. Жол апаты мен өткізу қабілетін азайту үшін жасалған қосымша шаралардың бірі - айналма жол айрығынан Сығанақ көшесіне дейінгі телімде Қабанбай батыр даңғылынан солға бұрылуға уақытша тыйым салу", - дейді "Астана LRT" ЖШС басқарма басшысының көлік жөніндегі орынбасары Рустам Халилов.

Тасымал сапасы мен қауіпсіздікті  арттыру және көлік ағынын басқару үшін енгізіліп отырған жаңа әдістердің тағы бірі сауда орталықтары негізінде қалааралық автобус рейстеріне қызмет көрсету үшін көлік хабын құру. Атырау мен Маңғыстау облыстарын қоспағанда еліміздің 13 өңірінен Астанаға күн сайын 118 рейс қатынайды екен. Астанадағы "Сапаржай Астана" автовокзалы облысаралық рейстерге қызмет көрсетеді. Әр сауда орталығының аумағында жолаушыларды отырғызып-түсіретін алаңдар, билет кассалары мен күту залдары ашылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, көрме қарсаңында ыңғайлы көлік тұрақтары ашылып, ЭКСПО аумағында 6 мың орынтұрақ болады. Басқармадағылар бұл өзгерістердің барлығы осы жылдың 1 маусымынан жүзеге асырыла бастайтынын айтты.

Райхан Рахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу