Астанада салымшы көп, пәтер аз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
20661

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған бір пәтерге шамамен 10 адам үміткер.

Астанада салымшы көп, пәтер аз

Елордада "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бес қабатты үш үйдің құрылысы аяқталды. Президент іс басқармасының ауруханасына қарсы орналасқан жаңа аудандағы үйлердің жартысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына, ал қалған жартысы Астана қаласы әкімдігінде кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Қазір банк салымшылардан өтініш қабылдауда.

"Үш үйден тұратын кешенді салуға 4 млрд 600 млн теңге бөлінді. "Эдем" компаниясы құрылысты уақытылы аяқтады. Мемлекеттік қабылдап алу актісі қолға тиді. Қазір банкте аталған үйлер бойынша конкурс жүріп жатыр. Оған барлық салымшы қатыса алады. Ол үшін 6 қарашаға дейін өтініш беру керек. Қазірдің өзінде республика бойынша 3 жарым мыңнан астам адамнан өтініш түсті. Бір пәтерге орташа есеппен 10 адам үміткер", – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

"Нұрлы жер" бағдарламасына сәйкес, Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 180 мың теңге. Бұл Астана нарығындағы бағадан екі есе төмен. Орташа есеппен алғанда бір бөлмелі пәтердің құны шамамен 7 млн теңге болады. Ал бір бөлмелі пәтердің көлемі 38 шаршы метрден басталады. Екі бөлмелі пәтердің көлемі 50-20 шаршы метрге тең. Үш бөлмелілер 70-73 шаршы метрге дейін жетеді.

"Пәтер иелерін анықтайтын конкурс балдық жүйе бойынша өтеді. Ол үшін міндетті түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу керек. Екіншіден, конкурсқа құжат тапсырғанға дейін үміткерлер 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнаны жинап үлгеруі қажет. Болмаса құжат тапсырған кезде бастапқы жарнаны банкке салуға тиіс. Қарыз 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріледі. Егер жинаған ақшасы пәтердің жалпы сомасына жетіп тұрса, бірден сатып алуға да болады. Салымды аукцион арқылы сатып алғандар бағдарламаға қатыстырылмайды", – дейді Жансұлтан Матаев.

Жалпы, бұл – осы жылы Астана қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған екінші тұрғын үй кешені. Бұған дейін Қошқарбаев-Жұмабаев көшелері аумағында 620 пәтерлік тұрғын үй кешені пайдалануға берілген болатын. Келер жылы қала бойынша 1825 пәтер өз  иесін табады деп жоспарлануда. Ұлы Дала-Мәңгілік ел көшелері аумағында салынып жатқан 7 үй 2019 жылдың екінші және үшінші тоқсандарында пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Сарайшық-Бейсеков көшелері аумағында көп қабатты 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Қазір Астана қаласы бойынша банктің 170 771 салымшысы бар. Салымшылар саны жағынан елордамыз көш бастап тұр. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының жалпы саны – 1,2 млн адам. Жалпы жинақ сомасы 562,3 млрд теңгеге тең. Астана қаласы әкімдігінде 46 240 адам пәтер кезегінде тұр.

"Салымшылардың барлығы Астанада өтіп жатқан конкурстарға қатыса алады. Бірақ, елордадан "Нұрлы жер" бойынша пәтер алу үшін екі жыл Астанада тіркеуде тұруға міндетті. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің атында үй болмауы керек", – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық филиалының директоры.

Жансұлтан Матаевтың сөзінше, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ шоттарының орташа толықтыру сомасы 106 мың теңгені құрайды. Ал берілген займдардың орташа сомасы – 10 млн теңге.

"Жыл басынан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің көмегімен 26 мың азамат баспаналы болды. Олардың 19450-і үйді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында рәсімдеді. Бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының үлесі 13,1 пайызды құрайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 7,1 пайыз деңгейінде еді. Салымшылардың 40 пайызының жалақысы 150 мың теңгеден төмен. Көп жағдайда олар пәтер алу үшін 5-6 жыл ақша жинайды", – дейді Жансұлтан Матаев.

Еске сала кетейік, "Нұрлы жер" бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сүйенсек, республика бойынша 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу