Астанада тұңғыш рет әлем чемпионаты өтеді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3843

Шайбалы хоккейден 2019 жылғы әлем чемпионатының Бірінші дивизиондағы додасы алғаш рет Қазақстанда өтеді.

Астанада тұңғыш рет әлем чемпионаты өтеді Фото: iihf.com

2018 жылғы әлем чемпионаты (жоғарғы дивизиондағы) Данияда өтіп жатыр. Аталмыш дүниежүзілік дода шешуші кезеңіне тақағанда, Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) жыл сайынғы Конгресі басталды. Бұл басқосудағы негізгі мәселелердің бірі алдағы жылдардағы әлем чемпионаттарының қай елдерде өтетіндігін анықтау болатын. "Алайда, Жоғарғы дивизиондағы додаларды ұйымдастыратын елдер былтыр бекітіліп қойған", – деп мәлімдейді iihf.com сайты.

Нақтырақ айтар болсақ, шайбалы хоккейден 2019 жылғы әлем чемпионаты Словакияда (Братислава мен Кошицеде), 2020 жылы Швейцарияда (Цюрих пен Лозаннада) өтеді. Ал 2021 жылы Беларусь (Минск) және Латвия (Рига) бірігіп ұйымдастырады. 2022 жылы Финляндияда (Тампере мен Хельсинкиде) өткізілетін болып шешілген.

Сондықтан IIHF Конгресі төменгі топтардағы, әйелдер арасындағы, сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының қай елдерде өтетіндігін дауысқа салып анықтады. Бірінші дивизионның "А" тобындағы келесі, яғни 2019 жылғы әлем чемпионатын өткізуге екі мемлекет өтініш білдіріпті. Олар – Қазақстан және Словения. Яғни осы екеуі дауысқа салынуы керек болатын.

Кешеден бері біздің елдегі спорттық басылымдар "Қазақстан айқын басымдықпен жеңіске жетіп, әлем чемпионаты құқығын өткізу құқығына қол жеткізді" деп жазып жатыр. Ал IIHF ресми сайтындағы арнайы мәлімдемеге сенсек, Словения (Любляна) өз өтінішін қайтып алған...

IIHF ресми сайтындағы тағы бір маңызды мәліметке көңіл аударсақ, 60 елдің өкілдеріне (олардың ішінде осы әлем чемпионатына қатысатын бес ел де бар) Қазақсанға 30 күнге келу үшін виза алудың қажеті жоқ екен. Әйткенмен, "виза жөнінде толық ақпарат алу үшін өз елдеріңіздегі Қазақстан елшілігімен хабарласыңыздар" делінген.

Сонымен, 2019 жылғы әлем чемпионаты (Бірінші дивизион, "А" тобы) 29 сәуірден 5 мамырға дейін, Астанадағы "Барыс-Арена" мұз айдынында өтетін болды. Онда Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия, Словения, Литва және Қазақстан құрамалары додаға түседі. Осы топта 1-2 орын алған құрамалар Жоғарғы дивизион жолдамасына қол жеткізіп, 2020 жылы Швейцарияда кіл мықтылар арасында бақ сынайды.

Қалай десек те, бұл – Қазақстан жанкүйерлері үшін баға жетпес қуаныш. Себебі, бізде мұндай әлем чемпионаты бұрын-соңды өтпеген. Рас, 2003 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының Бірінші дивизиондағы біріншілігі өтті. Бірақ, ол 20 жасқа дейінгі хоккейшілер арасындағы дода болатын. Онда Алатау бөктеріне Украина, Жапония, Франция, Италия және Хорватия жастары келген-ді.

Енді, Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы өз жерімізде өтетін әлем чемпионатында топ жарып, Жоғарғы дивизион жолдамасын жеңіп алады деп үміттенеміз. Бұлай дейтін себебіміз, міне, екі жыл болды, біздің құрама Бірінші дивизионнан Жоғарғы дивизионға шыға аламай, үшінші жылға қалып отыр. Екі жыл қатарынан 1-дивизионның "А" тобында 3-орын алып, өз мақсаттатарына сынық сүйем жетпей сүрінді.

Жалпы, Қазақстан құрамасы 2009 жылдан 2017 жылға дейін Жоғары дивизион мен Бірінші дивизион арасында синусоида сұлбасындай тербеліп жүрген-ді. Тербеліс ырғағын бұзбай, бір жыл Жоғары дивизионда, бір жыл Бірінші дивизионда ойнап, "Команда-лифт" деген атаққа ие болған-ды. Алайда былтырдан бері осы "лифт" атауынынан да айырылып, бір орында тұралап қалды. Енді қайтадан жоғары көтеріледі деп ойлаймыз һәм сенеміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу