Астанада жаңа шахмат тәжінің иегері Лижэнь марапатталды

1214

Қытай гроссмейстері шахматтан он жетінші әлем чемпионы және ҚХР-да бұл атақтың алғашқы иегері атанды. 

Астанада жаңа шахмат тәжінің иегері Лижэнь марапатталды Фото: Серікжан Қобыланбаев

Елордада Дин Лижэнь мен Ян Непомнящий арасындағы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы сарапқа салынған матчтың ресми жабылу рәсімі өтті. Қытай шахматшысы жеңіске жетті, деп жазады inbusiness.kz.  

Лижэнь мен Непомнящий арасындағы жарыс осыдан бір ай бұрын Қазақстан астанасында бастау алды. 9 сәуір күні өткен бірінші партияда екі ойыншы тең түсті. Келесі күні Непомнящий алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, басым болды. Лижэнь төртінші партияда ойындағы тепе-теңдікті қалпына келтірді, 15 және 16 сәуірде екі қарсылас та қайтадан жеңіске жетті. Матчтың классикалық уақыт бақылауы өткізілген бөлігінде (әр партияда қатысушыларға алғашқы 40 айналымға 2 сағат, келесі 20 айналымға 60 минут және 61-айналымнан бастап бір айналымға 30 секунд қосып, партияның соңына дейін 15 минут) ресейлік 4:3 есебімен басым түсті.  

Осыдан кейін жекпе-жекте шахматшылар тең түсті: келесі төрт партияда, соның ішінде он бірінші партияда қарсыластар жеңімпазды анықтай алмады. Ресейлік гроссмейстер матчтың "негізгі" уақытында (14 партия) жеңіске сенімді түрде келе жатқандай көрінді, алайда он екінші партияда Лижэнь үшінші рет бұл жарыстағы есепті теңестіріп, жеңіске қол жеткізді. Қалған екі классикалық партияда шахматшылар тең ойын көрсетті. 29 сәуірден кейін жаңа әлем чемпионын анықтау үшін тай-брейк қажет екені белгілі болды. Матчтың осы бөлігінің уақыты "жылдам шахматтағы" 4 партияны қамтыды: әр партияда екі қатысушыға 25 минуттан берілді, оған әр айналымнан кейін 10 секунд қосылды. Тең есеп тіркелген жағдайда 5 минут + әр айналымнан кейін 3 секундтан тұратын екі партия ойнауы керек еді. 

Егер бұдан кейін де жеңімпаз анықталмаса, сол шарттар негізінде тағы екі партия өтетін еді. Барлық жарыстан кейін тең есеп болған жағдайда, 3 минут + әр айналымнан кейін 2 секунд уақыт бақылауымен партия өткізіліп, тең нәтиже тіркелсе, қарсыластар фигуралардың түсін ауыстырып, біреуі жеңіске жеткенше ойнайтын еді. Бірақ қытайлық шахматшы "жылдам" шахматтың төртінші партиясында жеңісті жұлып алып, классикалық шахматтан он жетінші әлем чемпионы болды. Осылайша бұл титулды иеленген алғашқы Қытай Халық Республикасы азаматы атанды. 1 мамыр күні Астанада матчтың жабылу салтанаты өтіп, жаңа әлем чемпионы ресми түрде марапатталды. 

Шахмат тәжінің иелеріне лавр гүл шоғы, оған қоса кубок немесе мүсінше беріледі. Лижэнь салмағы 4,5 келі болатын көк таспен безендірілген күміс кубоктың иегері атанды. Мүсін бірегей дизайн бойынша "Бәйтерек" монументіне ұқсастырып жасалған. Мұнда Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы чемпионат матчы өткен болатын. Осыған дейінгі он алтыншы әлем чемпионы, 2013 жылдан бері осы атаққа ие болған Магнус Карлсеннің тәжі мүлдем басқаша болатын. Лижэньнің қолында бірде-бір әлем чемпионында жоқ трофей бар деуге болады. Су жаңа чемпион 1,1 млн еуро жүлдесіне де ие болды.

Айта кетейік, өткен жылдан бастап шахмат тәжі жолында Лижэньге сәттілік серік болды: бастапқыда ол Мадридтің 2022 жылғы үміткерлер турнирінде ойнамауы тиіс болған, алайда Лижэнь ресейлік Сергей Карякин дисквалификацияланған соң қатысады. Онда Дин Лижэнь Ян Непомнящийден кейін екінші орынға тұрақтап, он алтыншы әлем чемпионы норвегиялық Магнус Карлсен титулды қорғаудан бас тартқаны үшін әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Осылайша 2023 жылы Астанада үміткерлер турнирінде үздіктер қатарынан көрінген гроссмейстерлер – Непомнящий және Лижэнь кездеседі деп шешілді.  

Енді ресейлік шахматшы Торонтода өтетін 2024 жылғы үміткерлер турнирінің алғашқы қатысушысы болады. Өз кезегінде Лижэнь екі жылдан кейінгі матчта жаңа үміткерді күтеді. Магнус Карлсен Лижэньді Қазақстан астанасындағы жеңісімен алғашқылардың бірі болып құттықтады. Норвегиялық шахматшы өткен жылдың желтоқсанында Алматыда блиц пен рапидтен әлем чемпионы атанды, ол бұл шахмат сегментінің қазіргі жеңімпазы болып отыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу