Астанада жасалған үздік тауарлар

Асель Елюбаева Асель Елюбаева
8183

Астана электротехникалық зауыты мен "Сапа нан" нан-тоқаш шығаратын кәсіпорынның өнімдері елорданың үздік өнімі деп танылды.

Астанада жасалған үздік тауарлар

4 шілде күні Астанада жыл сайынғы "Қазақстанның үздік тауары" байқау-көрмесіне өңірлік іріктеу кезеңі өтті. Байқауға елорданың 40-тан астам компаниясы қатысты, оның ішінде "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша – 14 компания, "Халық тұтынатын үздік тауарлар" аталымында – 20 компания және "Үздік азық-түлік тауарлары" аталымында 8 компания қатысушы болды.

Олардың қатарында трансформаторлық қосалқы станциялар, құбыр, құрылыс қоспалары, пластикалық карталар және арнайы киім шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ биопакеттер, мүгедектер арбасы, төсек-орын тысын және өзге тауарлар шығаратын өндірушілер болды.

Іріктеу нәтижесінде "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша бірінші орынды трансформаторлық қосалқы станциялар шығаратын "Астана электротехникалық зауыты" ЖШС иеленді, екінші орын – құрылысқа арналған құрғақ қоспалар өндіретін Alit ЖШС, ал үшінші орынды металл конструкциялар зауыты Stahlbau ЖШС алды.

"Халық тұтынатын үздік тауарлар" аталымында бірінші орынды шатыр, өрт сөндірушілерге арналған арнайы қорғайтын киім және әскерилердің киімін тігумен айналысатын Danmard ЖШС алды. Екінші орынды бағалы металл, дәлірек айтсақ эстетикалық алтын мен күміс сататын International Gold Group ЖШС иеленді. Ал жүз пайыз жүннен шұлық жасайтын "БОТА" астаналық шұлық фарикасы" ЖШС үшінші орынға табан тіреді.

"Үздік азық-түлік тауарлары" аталымында бірінші орынды нан-тоқаш өнімдерін жасап шығаратын "Сапа нан" ЖШС иеленсе, екінші орын нан-тоқаш, кондитерлік және аспаздық өнімдер шығаратын "Нұр Әділ" жеке кәсіпкеріне тиді. Ал қымыз баптайтын Kazakh house ЖК үшінші орынды місе тұтты.

"Жеңіске жеткен компаниялардың барлығы Астанада шілде айының соңында өтетін  "Қазақстанның үздік тауары" республикалық байқауына елорданың атынан қатысады. Баршаңызға табыс тілеп, жаңа жеңістерге жете беріңіздер дейміз", – деді байқау ұйымдастырушыларының атынан Астана кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.

Республикалық деңгейдегі жеңіс оның қатысушыларына өз өнімін жалпы Қазақстанға таратуға мүмкіндік береді. Байқау дипломанттары өнімін жарнамалау үшін байқау эмблемасын төрт жыл бойы пайдалануға құқылы.

"Бүгінде біздің өнімді Астананың кез-келген ауласынан таба аласыз. Ауррухана, мектеп, тұрғын үй кешенің құрылысы жүріп жатқан жердің бәрінде біздің бөліп тұратын қалқандарымыз тұр. Қазіргі кезде құрамдас бөлшектердің бір бөлігін Ресей, Еуропа, Оңтүстік Корея және Қытайдан аламыз. Бірақ қазақстандық өнім үлесін арттыру үшін өзіміздің өндірістік зауытымызды салуды жоспарлап отырмыз. Барлық қажетті бөлшектерді сол зауытымыздан шығарамыз", – деді "Астана электротехникалық зауыты" ЖШС-ның коммерциялық директоры Асылхан Манатов.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, "Атамекен" КҰП және өңірлік кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Қазақстанның үздік тауары" байқау-көрмесін ұйымдастырып жүр.

Әйгерім Сүлейменова, Әсел Елубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу