Астанаға Франция клубы келетін болды

Еуропа лигасының жеребесі тартылды.

31 Тамыз 2018 18:47 Автор: Маруан Түсіп
Астанаға Франция клубы келетін болды,  футбол, «Астана» футбол клубы, UEFA, Чемпиондар лигасы, «K» тобы

«Астана» футбол клубы төртінші жыл қатарынан Еурокубок додасының топтық кезеңіне шығып, Еуропа лигасында «K» тобына түсті.

Биыл үшінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне іліге алмаған «Астана» өз бағын Еуропа лигасында сынау құқығына ие болды. Бұл жолы UEFA-ның екінші мәртебелі лигасының топтық кезеңіне ілігу мүлде оңайға түскен жоқ. Жыл басынан бері бас бапкерін бірнеше рет ауыстырған клуб (Стоилов – Бабаян – Григорчук – Бабаян) жанкүйерлерін біраз қобалжытты.

Еуропа лигасының плей-офф сатысында Кипр чемпионы АПОЭЛ клубымен жолы түйіскен «Астана» түзде ұтылып қалған-ды (0:1 есебімен). Ал өз алаңында өткен қарымта матчта гол соғу қиямет-қайым болды. Әйтсе де бейсенбіден жұмаға ауған кеш қараңғысында елорда клубы 1:0 есебімен есе қайтарды. Жалқы допты бірінші таймда пенальтиден салды.

Екі ойында да алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жеткендіктен, жеңімпазды анықтау үшін әуелі екі экстра-таймға, одан кейін пенальтиге жүгінуге тура келді. Себебі 1:0 есебі 120 минут бойы өзгермеді. Ойын аяғына қарай қонақтар көсіле сілтеп, жеңісті өңгеріп кете де жаздады. Абырой болғанда, «Астананың» қақпашысы Ненад Эрич өте қауіпті сәттерде шеберлік танытып, небір қатерлі соққыларды тойтарды.

Пенальти сериясында да Ненад Эрич ерлік танытып, көпшілікті сүйсіндірді. Ол АПОЭЛ футболшыларының екі соққысын тойтарды (екінші және үшінші). Бұдан кейін қонақтар әбден қобалжып, келесі екі ойыншысы мүлт кетті. Сөйтіп пенальтиде 2:1 есебімен «Астана» жеңіске жетіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті.

Ал бүгін жеребе тарту рәсімі өтіп, «Астананың» қай топта додаға түсетіні белгілі болды. Елорда клубы «K» тобында «Динамо» (Киев, Украина), «Ренн» (Франция) және «Яблонец» (Чехия) футболшыларымен 1/16-финалының екі жолдамасын сарапқа салатын болды.

Маруан Түсіп