banner

Астананы газдандыруға ұлттық компания несие ала алмады

3578

Бұл туралы үкімет отырысында белгілі болды.  

Астананы газдандыруға ұлттық компания несие ала алмады

Қазақ жерінің қойнауынан шығарылған әрбір бөшке "қара алтын" қатаң қадағалауға және есепке алынатын болды. Бұл туралы ел үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елбасы ұсынған "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында ақпараттық жүйелерді ендіру бағытында 9 іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр. соның ішінде "Технологиялық қайта жарақтану" жобасында жаңа технологияларды ендіру бойынша бірнеше бастама қарастырылған екен.

"Яғни, біз өзіміз жетекшілік ететін саланы барынша толығымен цифрға көшіруге тырысатын боламыз. Мәселен, "интеллектуалды кен орындар" жобасы қолға алынуда. Оның аясында интеллектуалды кен орындарын ендіру – өндірілетін мұнайдың сапасы мен көлемін арттыруға, сондай-ақ мұнай өндіруші компаниялардың операциялық шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Біздегі ақпараттық жүйенің екінші бөлігі – "ақпараттық кеніш" деп аталады. Бұл жерде ақпараттық технологиялар есебінен отандық уран өндіруші кәсіпорындардың өнімділігін 10 пайыздан артыққа арттыру тұспалданады. Үшінші жоба – мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесі. Біз онымен мұнай өндіру саласын 100 пайыз қамтуға ниеттіміз. Осылайша, шығарылатын бір де бір тонна мұнай есепке алынбай қалмауға тиісті", – деп нықтады Қанат Бозымбаев.

Бұл жерде мұнай өндіруші кәсіпорындардың қазақ жерінің астынан "қара алтын" шығаратын әрбір құрылғысында арнайы есептеуіш орнатылады.       

Еліміздің бас энергетигінің айтуынша, бұл қылмыс әлемін қоректендіретін мұнайдың "көлеңкелі" айналымын қысқартуға, "қара алтынды" өндіруші, дайындаушы, өңдеуші, тасымалдаушы, артушы және ішкі-сыртқы нарықтарға экспортқа жөнелтуші компаниялардан жиналатын салық көлемін арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. 

Министрлік жүзеге асыруға кіріскен тағы бір қызықты жоба – "виртуалдық құбыр" деп аталады екен. Ол бойынша Қазақстан магистралді газ құбырларын және олардың айналасындағы күзетілетін аймақтарды диагностикалау үшін "пилотсыз ұшатын аппараттарды" пайдалануға көшеді.

Энергетика министрі журналистердің "Астанаға қашан құбырмен газ келеді?" деген сұрағына жауап берді. Әйтпесе, бас қаланың өзінде әсіресе, жеке үйдегі азаматтар газды баллонмен тасуға мәжбүр.

"ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясы Астанаға газ тарту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындады. Бұл мәселені біз ведомствомызда мүдделі тараптарды тарта отырып, жан-жақты талқыладық. Таяуда өз қорытындымызды үкіметке жібердік. Бұл мәселені енді бірінші вице-премьер Асқар Мамин қарауда", – деді ол. 

Министрдің айтуынша, бұл ретте барлығы қаражат мәселесіне келіп тірелуде. Дағдарыс кезеңінде басқаны күту де қиын.

"Қазіргі проблема біреу ғана. Әйтпесе, оны қазір-ақ іске асыруға болар еді. Бірақ "ҚазМұнайГаздың" мұндай ірі жобаны жүзеге асыру үшін қажетті кредиттік ресурстарды алуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені ҚМГ-ның "кредиттік жүктеме" көрсеткіші онсыз да өте жоғары болып отыр. Сондықтан бұл мәселені "ҚазТрансГаз", "ҚазМұнайГаз" секілді ұлттық компаниялар арқылы жүзеге асыру тым проблемалы болып саналады. Тиісінше, біз басқа жаққа да қарап, бұл жобаға өзге инвесторларды тарту үшін іс-қимыл жасаудамыз", – деп түйді Қанат Бозымбаев.

Ақпарат құралдарына өз саласы бойынша баяндаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те "ақылды кен орындарына" қатысты пікірін білдірді. Жалпы, осындай міндеттерді үкімет мүшелері алдына мемлекет басшысы өзінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты биылғы халыққа жолдауында қойған болатын.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Индустрия 4.0 технологиясына көшу процесі әлем бойынша әзірге бастапқы кезеңде тұр. Дамыған және тез дамушы елдердің басым көпшілігі өздерінің ұлттық цифрлы трансформация стратегияларын тек соңғы 3-4 жылда ғана іске асыруға кірісті. Мысалы, Германия 2011 жылы, АҚШ – 2012, Жапония, Қытай, Еуропалық одақтың басқа да елдері 2014-2015 жылдары ғана қабылдады.

"Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Индустрия 4.0 аясында әзірге бәрі толық өзгеріп кетеді, деген түсінік жоқ. Өнеркәсіптердің жаңа стандартқа түбегейлі көшуі алдағы 10-15 жылға болжанып отыр. Бізде бұл процестен қалмаудың, әлгі елдерді қуып жетудің мүмкіндігі бар. Мұндағы мәселенің барлық қиындықтарына қарамастан, біз Индустрия 4.0 технологиясы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер әкелетінін көріп отырмыз. Соның ішінде тиімділікті арттыру, жаңа бизнес пен экспортқа бағытталған өндіріс құру мәселелерін айтуға болады",– деп атап өтті инвестициялар және даму министрі.

Ол өз министрлігінің жыл басынан бері тиісті шараларды әзірлеуде белсенді жұмыстар атқарып келе жатқанын айтты.

"Биыл қыркүйек айында халықаралық сарапшылармен бірге өнеркәсіптердің Индустрия 4.0 технологиясына өтуге дайындығының техникалық талдауын аяқтаймыз. Ал, жыл соңына қарай 2025 жылға дейін Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша Үкімет қаулысына сәйкес қадамдық жоспарды қабылдаймыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министрлік ERG, KazZinc, ArcelorMittal, Қазақмыс және басқа да жүйеқұраушы ірі компаниялармен жұмыс жүргізуде.

"Бүгінгі таңда аталған кәсіпорындар өздерінің цифрлы жаңғыру жоспарларын дайындап, "ақылды кеніш" сияқты бағдарламаларын іске асыруға кірісіп кеткенін атап өткен жөн. Онда барлық деректерді талдау, алдыңғы қатарлы датчиктер мен сенсорлар, ERP, MES секілді интеграцияланған ақпараттық жүйелер, роботтандыру операциялары сияқты тағы басқа да технологиялар енгізілетін болады. Мысалы, ERG компаниясы алдағы 7-8 жылда шамамен 800 млрд. теңгенің цифрландыру жобасын инвестициялауды жоспарлап отыр", – деп мәлімдеді министр.

Оның білдіруінше, еліміз де жұмысшыларды роботтардың ауыстыруынан басын алып қаша алмайды.

"Бізге инвестор болып келген Rio Tinto трансұлттық компаниясы Британияда, Аустралияда бірқатар кен орындарын басқарады. Солдарда кеніштерді қашықтықтан басқару ендірілген. Мәселен, оларда автоматтандырылған пилотсыз самосвалдар қызмет етеді. Яғни, ол алып жүк көліктерінде жүргізуші отырмайды, қашықтықтан басқарылады. Болашақта бізде де "ақылды кеніштер" пайда болады, ол жерлерде адамдар өте аз кездеседі. Кәсіпорындарда адами жұмыс күшін, әсіресе, біліктілігі төмен жұмысшыларды автоматтандырылған жұмыс күштері алмастырады. АҚШ-та қазір пилотсыз-жүргізушісіз таксилер пайда болды. Бұл технологиялар 5-10 жылдан кейін бізге де келуге тиіс",– деп қорытты инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу