Астананы көп өзгеріс күтіп тұр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2897

Мемлекет басшысы елорданың одан әрі дамуы жөнінде келелі жиын өткізді. 

Астананы көп өзгеріс күтіп тұр

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің баяндауынша, 20 жыл ішінде елорда мемлекет бюджетіне 6 трлн теңгеге жуық қаражат кірісін қамтамасыз етті. Бұл елорданың құрылысы мен дамуына бөлінген қаржы бірнеше есе көлемде еселеніп, қайтты деген сөз.

"20 жыл ішінде Астананың экономикасына шамамен 8 трлн теңге инвестиция құйылды. Өткен жылы тартылған инвестициялардың көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 945 млрд теңгені құрады. Оның 200 млрд теңгеге жуығы – тікелей шетелдік инвестициялар. Бюджеттен тыс инвестициялардың өсімін атап өткім келеді. Олардың үлесі 80%-ға жетті. 20 жыл ішінде қала мемлекет бюджетіне 6 трлн теңгеге жуық қаражат кірісін қамтамасыз етті. Осы уақыт аралығында алынған трансферттердің көлемі 2,3 трлн теңгені құрады", – деді Әсет Исекешев Астананың одан әрі дамыту мәселелеріне арналған келелі жиында.

Әкімнің айтуынша, 2017 жылы Астанада 2,36 млн шаршы метр баспана салынған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, аталған көрсеткіш республикада салынған баспана көлемінің 25%-ын құрайды.  

Астанада жаңа үйлер бой көтеретін 4 аумақ пен қаланың ескі бөлігін ықшамдылық, көпорталықтылық пен қолжетімділік қағидалары бойынша реновациялау бағдарламасы анықталды. Мұнда баспананың 17 миллионнан астам шаршы метрі салынуы мүмкін.

"Біз үкіметпен бірлесіп, қаланы дамытудың алдағы 5 жылға арналған бағдарламасына өзгерістер енгіземіз. Халықаралық байқаудың қорытындысына сәйкес, 30 сәуірге дейін біз 2 миллион адам тұратын қаланы дамыту жоспарының 5 нұсқасын алып, мамырда сізге ұсынатын боламыз. Бұл байқауға Ұлыбритания, Канада, Сингапур және Ресей сияқты елдердің ірі консорциумдары қатысып жатыр", – деді Әсет Исекешев.

Қала басшысы атап өткендей, жатақхана мәселесін шешу үшін Астанада жалпы аумағы 10,4 гектар болатын 10 жер учаскесі белгіленді. Бүгінде бас қаладағы төрт жоғарғы оқу ордасының (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана қаласының Медициналық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті) жатақханаларына 9750 орын қажет.

"Бұл мәселені шешуге балама ретінде нарықтық механизмдерді ұсынамыз. Нақтырақ айтқанда, қаладағы 35 колледжде 26 мың студент оқиды. Олардың 1800-і жатақханамен қамтылған (11 жеке, 9 мемлекеттік). Әлі де 2100 орынға қажеттілік бар. Қазіргі уақытта қалада жалпы қоры 9 мың төсек орынды құрайтын 100 "жұлдызсыз" отель бар. Олар мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестігі аясында студенттерге қызмет көрсете алады. Бұл уақыт пен ақшаны үнемдейді. Осыған байланысты білім және ғылым министрлігіне ұсыныс дайындап жатырмыз", – деді Астана қаласының әкімі.

Әсет Исекешевтің айтуынша, 2020 жылы Астанадағы барлық үш жылу электр орталығы, сонымен қатар Оңтүстік Шығыс, Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандары толығымен газбен қамтылады.

"Қазіргі уақытта энергетика министрлігімен және "ҚазТрансГаз" АҚ-мен бірге жол картасын әзірлеп жатырмыз. Қалалық газ тарту желілері бойынша үш кезектен тұратын техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Алғашқы кезеңде 2020 жылы Астанадағы барлық үш жылу электр орталығын (17 су қайнататын қазандық) газға ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, түтін көп шығатын Оңтүстік Шығыс, Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандарын газға 2020 жылға дейін ауыстыру жоспарлануда. Бұл шаралар ауаға зиянды заттардың бөлінісін 30 пайызға дейін төмендетеді", – деді елорда әкімі.

Әсет Исекешевтің сөзінше, биыл Астанада 6 мектеп пайдалануға беріледі. Ал балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 70,6%-дан 80%-ға дейін артты. Қалада 94 мемлекеттік және 181 жеке балабақша жұмыс істейді. Жыл соңына дейін балалардың 90%-ын негізінен жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бөлу есебінен қамтылмақ.

"Елордада мектепке баратын балалардың саны 143 мыңнан асады. Оқушылар саны соңғы 7 жылда 2 есеге жуық артты. Үкіметпен бірлесіп, таяу үш жылда 27 мектеп пен 10 жапсарлас ғимарат құрылысы бойынша жоспар түздік. 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 6-ы осы жылы пайдалануға беріледі", – деді Әсет Исекешев.

Әкімнің айтуынша, құрылыс нормаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта Астанада мектептер 3 мыңға дейінгі оқушыны қамтуға шақталып салынады. Ал мектептердің жер телімі 3 гектардан 2 гектарға дейін қысқартылды.

"Қазіргі уақытта БАӘ мен Сингапур инвесторларының есебінен 5 мың оқушыға арналған 3 халықаралық мектепті қоса алғанда бірнеше мектептің жобасы дайындалуда", – деді әкім.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін Астанада жаңадан 10 емхана ашылады. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы 20 млрд теңгені үнемдеу көзделуде.

"Астана ішкі медициналық туризм бойынша тартымды болып отыр. Осы орайда, елорда стационарында емделген әрбір үшінші адам басқа өңірдің тұрғыны екенін атап өткен жөн. 2017 жылы 271 162 адам емделсе, оның  82 289-ы еліміздің өзге өңірлерінен келген", – деді Әсет Исекешев.

Астанадағы нысандарды тиімді пайдалану үшін отандық мамандармен арнайы компания құрылмақ. Оның басшылығына Нью-Йорк қаласындағы жылына 320 шара өтетін ірі спорттық арена – "Madison Square Garden" аренасының вице-президенті Роберт Уильямс шақырылып отыр. Әсет Исекешевтің сөзінше, "Барыс Арена" және "Қазақстан" спорт кешені сол компанияға тапсырылады. Алдағы уақытта оған тағы да "Астана Арена" мен "Алау" мұз айдыны, салынып жатқан Жекпе-жек сарайы енбек.

"Мұндағы мақсат – нысандардың халықаралық сертификациясын қамтамасыз етіп, Қазақстанда, Ресейде және ТМД елдеріндегі ірі мәдени және спорттық шараларды елордада өткізу", – деді Әсет Исекешев.

"Біз тарих үшін қысқа ғана кезеңде миллион тұрғыны, сәйкесінше инфрақұрылымы бар әлемге танымал Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жиналып отырмыз. Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды. Меніңше, қала біздің барлық отандастарымызды қуантып, қонақтарымды таң қалдырып отыр. Танымал америкалық журналист Ларри Кингтің: "Тарихта қалаларды жаулап алады, ал Қазақстан қала салады", деген сөзі жадымда қалыпты. Меніңше, бұл сөзде барлығы қамтылған", – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елорданың 20 жылдық мерекесін тұтас ел бірлесіп жақсылап атап өту керек екенін мәлімдеді. Себебі, ол – елдің қуанышы.

"Астана – еліміздегі ең жылдам өсіп келе жатқан қала. Тұрғындардың саны үш есе көбейіп, бүгінде 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 20 жыл ішінде жиырма миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы жылдарда 53 жаңа мектеп, 26 аурухана, 4 аудан құрдық. Елорда – жалынды жастардың қаласы. Қазір қала тұрғынының орташа жасы – отызда", – деді мемлекет басшысы.

Елбасы қала ішіндегі кейбір ығы-жығы көшелерге көңілі толмайтынын білдірді. Айтуынша, Астананың көшелері адамдарды адастырады.

"Бір жолдың бірнеше атауы бар. Міне, қараңыз, Мұхамедханов, Сарайшық, Қошқарбаев көшесі. Осы үш атаудың бәрі бір көшеде тұр. Орынбор, Сығанақ, Қалдаяқов та сол. Бір көшеде. Кім мұны істеген? Пошташы өзі адасып кетеді", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев көшелерді нөмірмен де атауға болатынын айтты. Бұл ретте, көшелерінің бәрі нөмірмен аталатын Вашингтонды мысалға келтірді.

Сонымен қатар, елбасы елордадағы қоғамдық тәртіптке көңіл бөлу керектігін тапсырды. Президент атап өткендей, былтыр жемқорлық сипаттағы қылмыстық істердің саны 2 жарым есеге ұлғайған. 52 қызметкер қылмыстық жауапқа тартылған. Елбасы Астана тұрғындар үшін жайлы қала болуы керектігін қадап айтты.

Президент қаладағы азық-түлік белдеуі жайында да сөз қозғады.  Әсет Исекешевтің сөзінше, соңғы 5 жылда белдеу жақсы дамыған.

"Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында Астана базарларына өнімдерін әкелетін кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, елордалық кәсіпорындар қаланы 31%-ға қамтып отыр. 44%-ы көршілес облыстардың кәсіпорындары есебінен қамтамасыз етіледі. Олар Астананың базарларына бағдарланған", – деді Әсет Исекешев.

ҚР премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, министрлік 20 өнім түрінің 12-сі бойынша қаланы 100% қамтамасыз етіп отыр. Олар: еттің барлық түрі, құс еті, картоп, қызылша, қияр, қызынақ. Ал қалған 8 түрі бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші – 70%.

"Біз ауыл шаруашылығы дамыған елміз. Біз әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз. Бізде не бар, соның барлығын сырттан алып отырмыз. Мүмкін нанды да сырттан алатын шығармыз", – деді мемлекет басшысы.

Президент Астананы одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу