Астық емес, көкнәр жинайтын кез жетті

9577

Ауғанстан фермерлері апиыннан басқа пайдалы кәсіп таппай отыр.

Астық емес, көкнәр жинайтын кез жетті

Бүгінде ауған диқандары егістік даласында. Жылдағыдай көкнәр жинайтын кез жетті. Осылайша, фермерлер әлемде героинның басым бөлігін өндіретін есірткі бизнесін түп-тамырымен жоюға жергілікті үкіметтің дәрменсіз екенін тағы да дәлелдеп берді.

Ауыл еңбеккерлері жемқор шенеуніктердің, контрабандашылардың, "Талибан" қозғалысы содырларының жасырын көмегіне сүйене отырып, халықаралық нарыққа жылына 9 мың тоннадай  апиын шығарып отыр.

 "Егер бидай мен өзге де дақылдар ексек, одан көп ақша түспейді", – дейді Қандағар провициясының 35 жастағы тұрғыны Мұхаммед Надир "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Ол жұмыс істейтін алқап көлемі жағынан тәліптердің белсенділігі күшті Гельманд провинциясындағы апиын алқабынан кейінгі екінші орында тұр. Мұнда фермерлердің жылдық табысы 3 мың доллардан асады. Ал, үкіметтің талабына құлақ асып, сол жерге бидай ексе, олар жылына мың доллар да таппайды. Дегенмен, диқандар кірісті тәліптермен бөлісуге мәжбүр. Өйтпеген жағдайда, көкнар алқаптары қорғансыз қалып, заңсыз өнімді ішкі және халықаралық нарыққа шығару қиындап кетуі мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, Ауғанстанда есірткі саудасынан түсетін жылдық табыс шамамен 3 миллиард долларға жуық. Сонымен қатар, көтерілісшілерге де кірістің басым бөлігі дәл осы бизнестен келеді.

Наннан апиын қымбат
Ауғанстан үкіметі көп жылдан бері көкнәр алқаптарына басқа дақылдарды егуге күш салып келеді. Соған қарамастан, былтыр апиын өндірісі 2016 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 87 пайызға артып, рекорд жаңартып,  мемлекет экономикасының маңызды бөлігін иеленген.

Өткен жылы ислам респубикасының басшылығы жергілікті фермерлерді көкнар бизнесінен бар тарттыру үшін оларға егін салуға 10 мың тоннадан астам тұқым мен 20 мың тоннадай тыңайтқыш берген. Алайда, Ауғанстан ауылшаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Акбар Рустамидің сөзінше, фермерлер сол тұқымды астық өсіруге жинап алса да - екпеген.

"Біз шаруаларды талай рет көкнәр өсіруден бас тарттыруға тырыстық. Бірақ, олар айтқанымызға құлақ аспай, көбірек табыс табамыз деп, апиын өндірісін тоқтатпай отыр", - дейді Рустами.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздік жағдайының нашарлауы мен жылдам экономикалық пайда табуға деген ұмтылыс есірткі саудасының гүлденуіне бірден-бір себепші.

Есірткі бизнесінің өркендеуіне қауіп те көмекші
Ауғанстанның есірткімен күрес министрлігінің мәліметінше, былтыр елде 3 мың шаршы шақырымнан асатын егістік жерде көкнәр өсірілген. Және де осындай заңсыз шаруашылыққа рұқсат берген мемлекеттік қызметкерлер мен фермерлерге қарсы 500-дей қылмыстық іс қозғалыпты. Сонымен қатар, былтыр күзде АҚШ-тың және ұлттық армияның әуе күштері Ауғанстанның оңтүстік-батысында есірткіні қайта өңдеумен және өндірумен айналысатын зертханаларға әуеден соққы беру операцияларын бастады. Сондағы мақсаттары – "Талибан" қозғалысын табыстан қағу. Кейбір мәліметтерге қарағанда, елде мұндай зертханалардың саны 500-ге жеткен, ал, тәліптерге табыстың осы 60 пайызы наркобизнестен келеді деген болжам бар.

Ауған шенеуніктерінің мәлімдеуінше, есірткі бизнесінің мұншалықты өркен жаюына егістік алқаптарын тексеру жолындағы түрлі қауіптер себепші.

Көкнәр өсіруге тыйым салу мекемесінің маманы Наджибулла Ахмадидің сөзінше, фермерлердің есірткі өндірісіне кедергі жасау үшін Ауғанстанға арнайы топ пен алқаптарға аспаннан бақылау жүргізетін тікұшақтар көп керек.

Фермерлер болса, табыс табудың өзге жолын үкімет ұсынбай отыр деп шағымданады. Олардың айтуынша, елде жұмыс орындары көптеп ашылғанда, көкнәр өсіруге деген мұқтаждық өзінен-өзі жойылар еді.

Америка ақшасы армияға емес, ауылға кетсе...
Америка Құрама Штаттары бұл мемлекетке 2001 жылы әскер кіргізді. Арада 17 жылға жуық уақыт өтсе де, тәліптердің жеңілетіні түрі жоқ. Олармен соғысқа Вашингтон кемінде 1 триллион доллар жұмсады, 100 мыңдай жауынгер аттандырды, 2300-ге жуық сарбаз жоғалтты. Бірақ, мұнша шығыннан нәтиже шамалы болып тұр: "Талибан" қайта күш алды, көкнәр алқаптары жыл сайын кеңейіп келеді, кейбір батыс журналистері Ауғанстанды кейде "наркотик-мемлекет" деп атайтын болды.

"Алайда, қанша жерден мазасыз әрі саяси тұрақсыз ел болса да, Ауғанстанда есірткі проблемасын шешетін өзге жол бар. Мысалы, оның армиясын қаржыландыра бергенше, сол қаражатты елдің ауылшаруашылығы саласына жіберсе, көкнәр алқаптарына тәуелді миллиондаған фермерде үлкен экономикалық мүмкіндіктер пайда болар еді. Егер халықаралық қауымдастық бұл елдің ауылдық жерлерін тұрақты дамыту арқылы заңсыз апиын өндірісіне тәуелділіктен құтқаратын болса, Ауғанстан планетаның жетекші нарко-мемлекеті деген атақтан арылып, онда тіпті зорлық-зомбылық азаюы мүмкін еді", - дейді "Гардиан" газетінің сарапшысы Альфред Маккой.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу