Ата-аналарды контрафактілік оқулықтарды сатып алмауға шақырды

Аскар Муминов Аскар Муминов
5203

Сонымен қатар биылғы оқу жылынан бастап барлық оқулық электронды форматта қолжетімді болады, дегенмен әзірше оған толықтай көшпеуі мүмкін.

Ата-аналарды контрафактілік оқулықтарды сатып алмауға шақырды

Соңғы жылдары мектеп оқулықтарының сапасына қатысты көп сұрақ туындауда.

Баспасөз конференциясы барысында білім және ғылым министрлігі (БҒМ) тарапынан оқу жылының басталу үрдісін бұзбай, барлық оқушыны қажетті оқулықтардың санымен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын министрлік өкілдері мен баспагерлер мәлім етті.

Планшеттегі оқулық
Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі оқулықтарды QR- код тағайындай отырып электронды форматқа көшіру болмақ. Қазан айынан бастап барлық оқулық планшетте қолжетімді болуға тиіс. Дегенмен "Мектеп" баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиевтің түсіндіруінше, Қазақстанда тек электронды форматтағы оқулықтарды ғана қолдануға көшу әзірге екіталай шаруа.

Бұған көптеген ата-ананың гаджетті үнемі қолдану бала денсаулығына зиян келтіреді деп есептейтіні себеп, сондай-ақ баласына планшет сатып әперуге мүмкіндігі жоқ аз қамтылған отбасылар да бар. Ал электронды оқулықтар қолайлы деп есептейтін ата-аналар енгізіліп жатқан жаңашылдықты пайдалана алады. 

 "Оқулықтардың соңында  QR-код болады, сайттарда оқулықтардың электронды нұсқасы ашық болады және бұл тегін. Әлемде мұндай тәжірибе жоқ, көбінесе бұл ақылы. Шындығында, баспа қағаз нарығын  құлдыратуға мүдделі емес Алайда біз бұған балалар мен ата-аналардың  оқулықты өздеріне қолайлы етіп пайдалануға мүмкіндіктері болсын деп келістік", – деді Ерлан Сатыбалдиев.

Сондай-ақ мамандар жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға арналған сөмкенің салмағы бойынша стандарттар өзгергенін, денсаулық сақтау министрлігі жаңа нормативтер әзірлеп, ол оқулықтарды жасауда ескерілгеніне сендірді.

Нормативке сәйкес, бірінші және үшінші сынып оқушыларына арналған сөмкенің салмағы 1,5-2 келі, төртінші және бесінші сынып үшін 2-2,5, алтыншы және жетінші сынып үшін – 3-3,5, ал жоғары сынып үшін 4-4,5 келіден аспау керек. Ал оқушылардың дәптері оқулық салмағының 30%-нан аспауға тиіс.

Оқулықтар тегін беріледі
Білім және ғылым министрлігінің "Оқулық" ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова мемлекет оқушыларға барлық кітапты, қағаз кітапты да, электронды кітапты да тегін беретінін айтты. Сондай-ақ ол мектептерге қажет оқулықтардың санын анықтау кестесінің өзгергеніне де тоқталды. Көп жағдайда оқулықтар мүлдем жетпей қалады да, оны жанталасып қайта басып шығару керек болып жатады.

Енді қазан айында барлық ірі баспалар өз сайтында оқулықтардың жобаланған бағасын  жариялауға тиіс, жергілікті әкімдіктер болса жылдың соңына дейін барлық оқулықты сатып алуды белгілеп, оқулық сатып алуға кететін шығынды бюджетке енгізу керек.

Яғни оқулық оқу үрдісі басталғанға дейін жоқ дегенде жарты жыл бұрын сатып алынуға тиіс, мәселен, 2019 жылға арналған қажетті оқулықтардың санын есептеп, тапсырыс беру 2018 жылдың қазанында басталады деп түсіндірді Бейбіткүл Кәрімова. Білім министрлігі жұмыстың мұндай кестесі оқулықтар тапшылығы мәселесін толығымен шешеді деп отыр.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 2018-2019 оқу жылына еліміздегі 904 417 оқушыға 12 млн 187 мың оқулық сатып алынған. Биылғы оқу жылынан бастап үшінші, алтыншы және сегізінші сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтарымен оқиды. Үшінші сыныптар үшін 4 млн 196 мың кітап, алтыншы сыныптар үшін 3 млн 585 мың, сегізінші сыныптар үшін 4 млн 405 мың кітап сатып алынған. Кітаптардың негізгі легі еліміздегі барлық мектептерге жіберілген және 20 тамызға қарай барлығы толығымен жасақталуға тиіс. Қазір баспаханалар тек резервті көшірмені шығарумен ғана айналысып жатыр.

Сонымен бірге білім министрлігі оқулықтарды өңірге жеткізуде қиындықтар бар екенін мойындап отыр, өйткені кітапты жеткізу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Астана және Батыс Қазақстан облысының кей өңірлерінде осындай проблема бар, ол көбінесе жосықсыз жеткізушілерге байланысты болады. Бейбіткүл Кәрімова оқулықты барлық өңірге жеткізудің нақты кестесі әзірленіп жатқанын айтты.

Оқулықты жеткізуде қиындықтарды болдырмау үшін қазір жеткізудің интерактивті картасы жасалуда, енді баспадан шыққан оқулықтардың жөнелтілуін қадағалап отыру мүмкін болады.

Сондай-ақ биылғы жылдан бастап арнайы коррекциялық мектептерде арналған оқулықтарды жаңарту басталады, яғни көзі көрмейтін балаларға арналған Брайл қарпі бойынша оқулықтар жүйесі енгізіледі және 79 оқулық атауын енгізу жоспарланып отыр. Екінші, бесінші және жетінші сыныптарға арналған  оқу әдебиетінің 30 атауы сараптамаға дайындалып жатыр. 

Жасырын бизнес тамыр жайып барады
"Алматыкітап" баспасының президенті Гаухар Саймасаева нарықта контрафактілік оқулықтарды көбейіп кетуі алаңдатарлық проблема болып отырғанын айтты. Ол контрафактінің көбеюі заңды баспахана мен полиграфиялар үшін қиындық тудыратынына тоқталды. Бұл ретте контрафактілік оқулықтарды шығаруға қатысты заңнама біршама ықтиярлы, сондықтан  бұл нарық  өсіп барады. Гаухар Саймасаеваның айтуынша, заңды күшейтіп, контрафактілік оқулықтармен белсенді түрде күресу қажет.

"Ақшасын үнемдеп, кім-көрінгеннен кітап сатып алатын кезде ата-ана баласының денсаулығына зиян келетінін ойлау керек. Өйткені контрафактілік оқулық сапасы төмен полиграфиядан шығады, кітап парағынан қорғасын мен  формальдегид табылған жағдайлар болған. Арзан баспа бояуы қолданылады, сондықтан балалардың көру қабілеті бірден төмендейді. Сонымен қатар контрафакт дегеніміз  – баспаның авторлық құқын бұзу, төленбеген салық, көлеңкелі бизнестің өсуі деген сөз. Сол себепті егер ата-ана өздері бірінші болып контрафактілік оқулықтарға қарсы тұратын болса, бұл көлеңкелі бизнеспен күресуде мықты құрал болады", – деді Гаухар Саймасаева.

Бұл ретте контрафактілік оқулықтар көбінесе астыртын баспаханаларда шығарылады, қазір рейд жүргізіліп, олардың орналасқан орны анықталып жатыр. Контрафактілік оқулықтардың көбісі Алматыда шығарылатыны белгілі болды деп қорытындылады нарық қатысушылары.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу