"Атамекен" ҰКП кәсіпкер респонденттерге сұрақ қояды

3015

Аtameken Services онлайн-платформасы арқылы 60-тан астам қызмет түрін пайдалануға болады.

"Атамекен" ҰКП кәсіпкер респонденттерге сұрақ қояды

"Атамекен" ҰКП ел аумағындағы барлық бизнес-субьектілерінің мұң-мұқтажын білу және оны үкіметке жеткізу үшін бірнеше айға созылатын республикалық сауалнама бастады.

Кәсіпкерлермен кері байланыс орнату арқылы бизнестің күрмеуі шешілмеген мәселерін анықтауды мақсат тұтатын жоба аясында Аtameken Services онлайн-платформасы таныстырылды.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің мәлімдеуінше, сауалнаманың алғашқы кезеңінде "Атамекен" ҰКП-ның деректер базасы қолданылып, кәсіпкерлерге телефон арқылы сұрақ қойылады. Екінші кезеңдегі сауалнама бизнес-нысандарда кәсіпкерлермен жеке тілдесу арқылы жүзеге асырылады.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдық желісі қалалық, аудандық деңгейде жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бизнес өкілдері көп жағдайда несие алу, өнім сату, құқықтық реттеу мәселесі және бизнес жүргізудегі біліктілікке қатысты қиындықтармен бетпе-бет келеді. Сауалнама мамыр айына дейін ұйымдастырылады. Кейін қорытындысы шығарылып, үкіметке нақты ұсыныс жолданады", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Оның сөзінше, "Атамекен" ҰКП-ның деректер базасында 480 мыңнан астам кәсіпкердің байланыс номері бар.

"Бүгіннен бастап call-center арқылы кәсіпкерлерге телефон арқылы  сауалнамадағы 4 сұрақ қойылады. Телефон арқылы тілдесу мүмкін болмаған барлық кәсіпкерлерге өкілдерімізді жібереміз. Осылайша біз еліміздің барлық кәсіпкерлерін қамтимыз. Сауалнаманың алғашқы кезеңінде "Атамекен" ҰКП-ның 300-ден астам қызметкері жұмыс істейді. Бір аптадан соң бұл іске қосымша күш қосылады", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары

Оның айтуынша, бастапқы кезде шамамен 3 мың кәсіпкерге қоңырау шалынады.

"Күн сайын көрсеткішті көбейтіп отырып, бір күнде 7-8 мың кәсіпкерге хабарласу мүмкіндігіне қол жеткіземіз деп ойлаймыз. Мамыр-маусым айларында сауалнаманы сараптап, үкіметке жолдайтын ұсынысты пысықтаймыз. Кейін үкіметпен бірлесіп, күн тәртібіне қойылған мәселелерді шешуге күш жұмсаймыз", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Айтпақшы, Аtameken Services онлайн-платформасына 60-тан астам онлайн режимде берілетін пайдалы және тегін қызмет түрлері топтастырылған.

Бұл жердегі "Несие агрегаторы" қызметі арқылы кеңседен шықпай, жеңілдікпен несие алуға өтінім беруге, сол арқылы еліміздің барлық негізгі банктері мен қаржы институттарына құжат жіберуге болады. "Atameken. Academy" қызметі "Бастау", "Бизнес-мектеп" бағдарламалары арқылы кәсіпкерге іскерлік білімін шыңдауға мүмкіндік береді.

"Өңірлердегі кәсіпкерлерге Астанадағы "Атамекен" ҰКП-ға келудің қажеті жоқ. Олар Atameken Services порталының бизнес жүргізуде туындаған мәселелер жайында хабар беретін қызметін қолдана алады. Өз кезегінде сарапшылар өтінімді қабылдап, оны жылдам әрі кәсіби түрде шешуге көмектеседі", – деп қорытты сөзін Эльдар Жұмағазиев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу