Аты бар, заты жоқ зауыт

Kazakhstan Solar Silicon 350 млн долларды желге ұшырды.

Аты бар, заты жоқ зауыт

Өскемен қаласының Жаңа Согра кентінде осыдан бес жыл бұрын тұсауы кесіліп, күн батареяларына қажетті мультикристалды кремний пластиналары мен фотоэлектрлі ұяшық жасауға  тиіс болған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының құрамындағы Kazakhstan Solar Silicon зауыты күні бүгінге дейін бірде бір өнім өндірмеген.

Ең сорақысы, зауыт жалпыұлттық телекөпір арқылы мемлекет басшысына таныстырылған. Ал зауыттың бас директоры Василий Ли елбасыға "Қазақстанда шығарылған" деген белгісі бар кремний пластинасы мен фотоэлектрлі ұяшық отандық өнім екенін, оның өндірісіне қажетті кремний шикізаты Алматы облысынан алдырылатынын айтып мақтанған. Бұған қоса ол озық технологиямен жабдықталған зауыттың өнімі әлемдік бәсекеге қабілетті болатынын баяндаған. Өкініштісі, мұның барлығы бос сөз, құр қиял екенін сол кезде ешкім білмеген.   

Ашылмай жатып жабылған зауыт 350 млн долларға салынды. Ол 440 адамды жұмыспен қамтуға тиіс болды. Адамдарды жұмыспен қамту былай тұрсын, бұл жердің Еуропадан қыруар қаржыға сатып әкелген қондырғылары қосылған да жоқ. Францияның ЕСМ, SEMCO  фирмалары шығарған технологиялар сынақтан сәтті өткенмен, өз міндетін атқара алмады.

Мультикристалды кремний пластинасы мен фотоэлектрлі ұяшық Өскеменнен Астанаға жөнелтіліп, бас шаһарда күн батареялары құрастырылуы керек еді. Бірақ бұлай болған жоқ.  

Осыған тоқталған облыс басшысы Даниал Ахметов таяуда өткізген жиындарының бірінде мемлекет қаржысын желге ұшырған зауытқа қатысты мәселені үкімет деңгейінде көтеретінін айтты.

"Kazakhstan Solar Silicon" зауытына жауапты тұлғаларды тексеру керек. Миллиондаған долларға салынған кәсіпорынның бір күн де жұмыс істемеуіне, өнім өндірмеуіне не себеп болды, бұған кім кінәлі деген сұрақтарға нақты жауап беріліп, тиісті шара қолданылуы керек. Бұл үшін арнайы комиссия құрылады", – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, "Kazakhstan Solar Silicon" зауытына қатысты шу 2013 жылы шықты. Сол кездің өзінде БАҚ өкілдері зауыт құрылысына жұмсалуы тиіс қаржы талан-таражға түсіп жатқанын жазды. Осылай бола тұра зауыттың таныстырылым жасалып кетті. Ал іс жүзінде ол қызметіне кіріскен жоқ.

Зауыт  таныстырылымға дейін де жер-көкке сыймай мақталды. Сонда мұндай зауыт АҚШ, Канада, Жапония, Қытай секілді әлемнің төрт мемлекетінде ғана бар екені, Қазақстан дәл осындай зауыты бар елдердің қатарына бесінші болып қосылатыны айтылды. Бұған қоса Қазақстан фото-электрлі модуль арқылы табиғаттан қуат көзін алады, мал, құс, ауыл шаруашылығы салаларында энергия үнемдейді және қарапайым халыққа электр қуатын арзан бағаға береді деп жар салынды. Іс жүзінде мұның бірі де болған жоқ. Ал алда не болады, зауытқа қатысты қандай шешім шығады, оны уақыт көрсетеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу