Аудан әкімі рубльмен, департамент басшысы доллармен алған

2753

Кім, қанша, не үшін және қалай пара алғаны белгілі болды.

Аудан әкімі рубльмен, департамент басшысы доллармен алған

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин құлқынның құлы болғандардың заңсыз әрекеттеріне қатысты ақпаратпен бөлісті.  

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ернұр Байқұрманов пен осы департаменттің экономикалық тергеу бөлімінің басшысы Азамат Бейсембаевты аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұстаған.

Нұрлан Жахиннің сөзінше, жасырын тергеу шаралары барысында жоғарыда аты аталған тұлғалардан 160 мың АҚШ доллары, 10,5 млн теңге және 9 дана швейцарлық сағат тәркіленген.

"Байқұрманов пен Бейсембаев биылғы жылдың 31 наурызында қозғалған қылмыстық істі тоқтату және 1,1 млрд теңге салық салмау үшін ЖШС өкілінен 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған",– деді Нұрлан Жахин.

Ресми өкілдің сөзінше, күдіктілер қалалық тергеу сотының санкциясымен қамауға алынған, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілерге параның 80 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін немесе олар 10-15 жылға бас бостандықтарынан айырылады.

Бұдан кейін Нұрлан Жахин денсаулық сақтау министрлігі ұлттық сараптама орталығының директоры Павлодар облысында "Дихлорметан" химиялық препаратын сатып алудың құнын көтеріп, 15 млн теңгені бас пайдасына жаратқанын жеткізді.

Ресми өкілдің айтуынша, конкурстық комиссияның төрағасы ретінде мердігер ұйыммен сөз байласқан орталық директоры сыбайласын мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жеткізген. Сөйтіп қымбат бағаға дәрі-дәрмек сатып алу келісімін рәсімдеп, ақша аударуды қамтамасыз еткен.

Ақтөбеде 102 млн теңгенің құрылысына лицензия заңсыз берілгенін де Нұрлан Жахин баяндады.

"Ақтөбе облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары мен осы мекеменің бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олар лауазымдық уәкілеттілігін асыра пайдаланып, 25 кәсіпорынға үлестес тұлғаларға тіркелген іздестіру қызметі мен құрылыс-монтаж жұмыстарына арналған лицензияларды заңсыз бергені үшін күдікке ілініп отыр", – деді Нұрлан Жахин.

Оның мәлімдеуінше, ақшаны бөлім басшысы алып отырған. Салдарынан мемлекетке 102 млн теңге залал келген.

Ресми өкіл Қостанай облысындағы "Казагрофинанс" АҚ басшысының былығы туралы да сөз қозғады.

"Қостанай облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Қостанай облысындағы  "Казагрофинанс" АҚ басшысының парақорлығын әшкереледі. Ол ауыл шаруашылығы техникасын және жабдықты сатып алуды қаржыландыру мәселесі бойынша шұғыл шешім қабылдау үшін облыстың агроөнеркәсіп өндірушілерінен жүйелі түрде пара алғаны үшін күдікті саналып отыр. Күдікті 2018 жылдың маусым-тамыз айларында 5 рет пара алған. Параның жалпы сомасы 1 млн теңгені құраған. Қазір күдікті үйқамақта отыр. Күдіктіге пара берген ЖШС директоры да істі болып жатыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – деді Нұрлан Жахин.

Бұдан кейін ол 1 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданының әкімі ЖШС директорынан 185 мың ресей рублі сомасында пара алғанын айтты.

"Бұл біздің ақшамен 1 млн теңге. Әкім қолға түскен кезде кінәсін толық мойындады, сондықтан қамауға алынған жоқ", – деді Нұрлан Жахин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу