Ауыл бюджеті: тоя жесең тон кетер, тарта жесең тай қалар

Қаржы министрлігі ел тарихында тұңғыш рет ауыл бюджеттерін енгізу тәжірибесінің алғашқы қорытындыларын шығарды.

27 Сәуір 2018 17:11 Автор: Жанат Ардақ
Ауыл бюджеті: тоя жесең тон кетер, тарта жесең тай қалар, жергілікті өзін-өзі басқару, 4-ші бюджет, қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрлігі, Сенат
Фото: sputniknews.kz

Дамыған елдердің барлығында әр ауылдың өз бюджеті бар. Тиісінше, елдімекен тұрғындары оны өздері басқарады, негізінен өз күштерімен толтырады, ол қазынадағы қаржыны қандай жергілікті мәселелерді шешуге бағыттайтындарын да өздері шешеді. Өйткені жергілікті жерлерде қандай қиыншылықтар мен мұқтаждықтар барлығын сол жер тұрғындарынан артық ешкім білмесе керек.

Дамыған елге айналуға бертінде ғана бет алған Қазақстан бұл озық тәжірибені өзінде ендіруге ұзақ уақыт бойы батпады. Себебі, мемлекеттің тәуелсіздік алғаны жаңа, демек, елдің тұтастығын бекемдеп алмай тұрып, мұндай қадамға бару бөле-жарылушылыққа, сепаратистік пиғылдарға жол ашуы мүмкін еді. Оның үстіне астында мол мұнай мен қазба байлықтары бар кейбір елдімекендер тарапынан республикалық бюджеттен қаржы-трансферттер бөлу кезінде дотациялық өңірлерге көбірек үлес тиетініне наразылықтар да айтылып жататын.

Бірақ ауыл бюджеті демократияның бір көрінісі болып табылатындықтан, ақыры Қазақстанстан осы қадамға бел буды. Бұл елбасы бекіткен «Ұлт жоспарының» 98-ші қадамы ретінде қабылданды. Онда «Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады. Облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді», – делінген.

Осы қадамды жүзеге асыру мақсатында былтырғы 11 шілдеде «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №90-VI заңы күшіне енді. Осыдан кейін қаржы министрлігі мен қазынашылық мамандары «Ауыл әкімдерінің форумын» ұйымдастырып, оған барлық ауыл басшыларын жинады. Форумда және одан кейін әртүрлі өңірлерде өткен семинарларда жаңа бюджетті қалай жүргізу, қалай жоспарлап, жұмсау керектігін, аудан-қалалардан енші ретінде бөліп берілген ауылдық коммуналдық меншікті қалай басқаруға болатынын түсіндіруге тырысты.

Өйткені бұрын ауылдар өздеріне қажетті қаржыны аудан не қала бюджетінен алатын. Тиісінше, ол қаражаттың дұрыс жұмсалмауына да сол аудан не қала әкімдігі жауап беретін. Ал енді бұл мәселеде әр ауыл өз алдына жеке «отау құрғандықтан, Наталья Годунова басқаратын есеп комитетінің ревизорлары тура сол ауылға жол тартып, тексеріс кезінде әшкере болған бюджетті игермеу, мемлекет қаржысын тиімсіз не мақсатсыз шығындау үшін тікелей ауыл әкімін жазалауға мүмкіндік алуда.   

2018 жылғы бірінші тоқсанындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындыларын шығарған қаржы министрлігі әзірге бәріне риза болып отыр.

«Осы есеп кезеңінің басты ерекшелігі – төртінші деңгейдегі жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жұмысы басталды. Биылғы I-ші тоқсанда олардың шоттарына 28 миллиард теңге түсімдер түскен. Соның 22 млрд теңгесі шығыстар түрінде жұмсалыпты», – дейді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Бас қаржыгер ауылдар, селолық округтер, кенттер және аудандық маңыздағы қалалар өз қолдарына тиген төл бюджеттерінің кіріс бөлігін артығымен толтырғанын тамсана айтады.

«Асыра орындалу сомасының 77%-ы салықтарға келеді. Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды. Жергілікті салықтардың тең жартысынан астамын құрайтын жеке табыс салығы 119%-ға және әлеуметтік салық 116%-ға артығымен жиналды», – дейді Бақыт Сұлтанов.

Бұл ретте түсіндіре кету қажет, заң бойынша бюджеттің орталық, облыстық және аудандық деңгейлерінен кейінгі төртінші, «ауыл-кент» деңгейі елімізде кезең-кезеңмен ендіріледі. 2018 жылдан бастап, ол тек тұрғындарының саны 2 мың адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап, барлық елді мекендерде ендіріледі.

Бірақ бұл Қазақстандағы жаңа құбылыс болғандықтан, тіпті орталықтағы жауапты тұлғалардың өздері кейбір шарттарды назардан қалыс қалдырып, сақтамай отырған көрінеді. Бұл ағаттықты ашық көрсетіп, Дариға Назарбаева, Серік Жақсыбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев және Нұржан Нұрсипатов бастаған бір топ сенатор үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа хат жолдады.

Сенат депутаттары «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы талаптарының қаншалықты дұрыс орындалып отырғанына егжей-тегжейлі талдау жүргізген көрінеді.  

Олар Астанадағы жауапты мемлекеттік органдарда жергілікті өзін-өзі басқарудың даму нәтижелеріне мониторинг жүргізіп, бақылау жасау функциясы жоқ екендігін анықтаған екен. Атап айтқанда, өңірлердің өркендеуіне жауап беретін ұлттық экономика министрлігі тек «мемлекеттік саясатты қалыптастырады және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады». Ел қазынасын қызғыштай қоритын қаржы министрлігі «бюджетті жоспарлауға және оның атқарылуына, коммуналдық мүлікті басқаруға» жауапты.

«Бақылаудың жоқтығы кесірінен, қазіргі уақытта тек 5 өңірде, яғни Атырау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана «Жергілікті қоғамдастық жиынының регламенттері» қабылданған. Ал осы регламентсіз жергілікті қоғамдастық жиыны қатысушыларының заңды құрамын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені «Даму бағдарламасын» бекітіп, ауылдың бюджетіне келісім беру құқығына тек солар ғана ие», – деп жазылған премьерге келіп түскен хатта.

Заң бойынша ауыл-кент бюджетінің жобасын жергілікті әкім «Жергілікті қоғамдастық жиынында» талқыға салып, оның келісімін алған соң  ауданға жолдайды. Елімізде ауылдардың мәслихаты болмағандықтан, ауыл-кент бюджетін аудандық не қалалық мәслихат бекітіп береді.

Сонымен қатар, ауыл бюджетіне салықтан не қалталы азаматтардан қайырымдылық ретінде түскен қомақты қаражатты әлдебір жобаға жұмсамас бұрын, ауыл әкімі тағы да жергілікті қоғамдастық жиынынан рұқсат сұрауы керек. Алайда егер сенаторлар айтып отырған регламент бекітілмеген болса, қаржы министрі айтып отырған 22 миллиард теңгенің шығындалуы біраз бөлікте заңсыз деп танылып, әкімнің басына сор болуы ғажап емес.

«Осылайша, өңір әкімдіктерінің тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын барлық ауылдардың даму бағдарламалары бекітілгендігі және бюджеттерінің толық келісімнен өткендігі туралы ақпараты қате болып табылады. Оның үстіне 9 облыстағы ауылдық округтардың даму бағдарламалары мен бюджеттері заңсыз саналады, себебі, оларда тиісті регламенттер уақытында бекітілмеді. Алайда соған қарамастан, бюджеттік қаражаттар оларға бөлінген және жаппай шығындалуда», – дейді сенаторлар.   

Олар дәл қазір ауыл әкімдері мен олардың аппарат қызметкерлеріне тиісті әдістемелік көмек көрсетілмей отырғанына, оқытулар ұйымдастырылмайтынына, мамандар кеңес-консультациялар өткізбейтініне үкімет жетекшісінің назарын аудартады. Бұл ақыр соңында «ауылдық округтарды дамыту бағдарламаларының бірыңғай емес формада бекітілуіне» соқтырған, яғни оларды әкімдердің әрқайсысы әртүрлі сипатта, өз білгенінше жасай салған көрінеді. Нәтижесінде, бүгінде бұл құжаттардың басым көпшілігі қайтадан түзіп, қайта бекіту сатысында тұр.   

Яғни, «ауылдық бюджеттен қаражаттар белсенді шығындалуда, ал бағдарламалар әлі күнге бекітілмеген». 

Осыған байланысты сенат үкіметтен осы салаға бақылауды күшейтіп, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін көтеруді талап етті. Сондай-ақ үкімет жергілікті атқарушы органдар ұсынған «көркем көрсеткішті» ақпараттарды шындыққа баламай, сыни көзқараспен талдауға, төртінші деңгейлі бюджетті ендіруде жіберілген олқылықтардың себептерін анықтап, оларға тосқауыл қою үшін барлық шараларды қабылдауға міндеттенді. 

Мұның сыртында ұлттық экономика министрлігіне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамуына мониторинг жүргізіп, бақылау жасау құзырын беру ұсынылып отыр. Елу штаттан құралған федеративтік Америкада жергілікті шериф тұрғындармен ақылдаса отырып, елді мекенді қай бағытта дамыту керектігін өзі шегеді. Өзі би, өзі қожа. Ал унитарлы, әрі көпэтносты Қазақстанда белгілі бір істерде дербес, тәуелсіз шешім қабылдауға құқығы бар өзін-өзі басқару билігін де орталықтан қырағы қадағалап отырған артық болмайды.

Жанат Ардақ